"Тәнімді азаптады": Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншек одан қалай құтылғанын айтты

0
2 833

Қорлық пен зорлық көрсеткен күйеуінен құтылып, өмірін өзгерткен әйелдің тағдыры


Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады

Ұрып-соғатын күйеуіне кешіріммен қарап өмір сүріп жатқан әйелдер бар. Тәні жарақаттанса да, жаны ауырса да ешкіме айта алмайды. Өйткені қорқады. Ал Нағима есімді әйел тиран күйеуден төрт жылдың ішінде құтылыпты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай құтылғаны жөнінде Нағима ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Нағима небәрі төрт жыл бірге тұрғанымен, бұл уақытты қырық жылға пара-пар дейді. Өйткені төрт жылының әр күні жанына салған жара әлі күнге дейін жазылмаған.

Оны мектепті бітірген жылы, бітіру кешінен алып-қашып кеткен. Көрші ауылда тұратын, өзінен бес жас үлкен жігітті жақсы танитын еді. Өйткені ол жігіттің Нағимаға жекжаттық туыстығы бар. Жігіттің ерсі қылықтары да, анайы сөздері де ұнамайтын. Бірақ амал жоқ, онымен өмірі өтіп жатты. Өйткені Нағиманы қорғайтын ешкім болмады. Әрине ата-анасы да, ағалары мен әпкесі де бар. Алайда олар үшін қыздың қайтып келгені өліммен тең.


- Абысындарыма, сыныптас жақын құрбыма мұңымды айтқанмын. Алайда кеудесінде қоқысы барлар таптады, жүрегінде жылуы барлар аяныш білдірді. Бірақ одан өмірім өзгермеді. Басқаларға айтқаннан қайыр болмайтынын ұқтым. Сондықтан да іштей тынып жүре бергем, - дейді Нағима.


Шыдамы шегіне жеткенде ата-анасына айтпақ болады. Бірақ батылы жетпейді. Өйткені әкесі қатал адам. Ол үшін адам тағдыры емес, ағайын-туысқанның сөзі жоғары.

Құдалық тойда әкесі батасын беріп отырып, тілегін «Бұл үйден өлігің ғана шығатын болсын» деп аяқтаған болатын. Әрине, мұндай сөз Нағиманың күйеуін одан сайын есіртіп жібереді. Анасы да жұбайлық өмірінің алғашқы айларында төркіндеп барғанында әркез күйеуінің көзінше «Әйел еркектің айтқанын орындауы қажет. Не айтса да көнуге тиістісің. Қандай қиындық көрсең де ешқашан ажырасушы болма. Біздің әулетте осы күнге дейін ешкім ажыраспаған» деп айтатын. Саналы адам бұл сөзін қызына айтқан ақылы деп түсінер еді, ал ойы таяз күйеу бұдан кейін «Анаң күйеуіңнің барлық айтқанын орында демеп пе еді» деп, ойына келгенін істейтін болады. Балағаттайды, мазақ етеді.


- Күйеуім тым дөрекі. Ол дөрекілігін күндіз де, түнде де көрсететін. Жаным ғана емес, тәнім де азапталып шыдамым таусылған бір күні төркініме кетіп қалдым. Үйге жылап бардым. Анама күйеуімнің көрсететін қорлықтарын айтуға оқтала бергенімде, анам әдетінше «Әйел үшін күйеуінен артық туыс жоқ. Күйеуінен артық дос та жоқ. Одан артық қорғаушы да болмайды. Сен бізді қорған санап келсең қателесесің. Жалғыз сен емес, барлық әйел шыдап жүр» деді. Анамның бұл сөзі менің көз жасымды сап тыйды. Жұбанған жоқпын, мені түсінер деп санаған жалғыз ғана адамнан жылы сөз іздеп барғанымда, оның тағы да ақыл айтқанына қынжылдым.

Сол күні мен өміріме деген жауапкершілікті өз қолыма алғандай болдым. Адам ешкімнен көмек күтпегенде, оның ойы да, бойындағы күш-қуаты да жәрдемге келеді екен, - деген Нағима тозақ өмірден қалай құтылудың жолын іздегенін айтты.

Нағима ажырасса ғана күйеуінің қорлығынан құтыла алатынын түсінеді. Бірақ ажырасып кеткен күнде де ата-анасы қайтадан қинап күйеуімен қосатыны анық. Сондықтан барлығы түсіністікпен қарайтындай, ажырасуға алып баратын себеп болар жол іздейді.

Ол аудан орталығын бетке алады. Ауруханаға барып, жүктілікке қарсы «спираль» салдырып алады. Күйеуінен екі жыл, үш жыл қорлық көрер, бірақ бұл мерзім өмір бойы ондай тиран адаммен бірге болудан жақсырақ.


- Ол оңайлықпен менен ажыраспайтынын білем, өйткені бойжеткен шағымнан мені сырттай иемденіп жүрген екен. Бірақ мен жоспарыма сендім. Арада уақыт зырлап өтіп жатты. Күйеуім «Неге жүкті болмай жүрсің?» деп ұрсатынды шығарды.

Бір күні жамағайын ағасының тойынан мас болып келді де түн ауғанша перзентсіз екенін айтып, мені сөзімен әбден мыжыды. «Мен бедеумін. Ешқашан бала туа алмаймын» дегенім сол-ақ екен, күйеуім «Неге жасырып жүрсің?» деп төнді. Ұрды, өлімші етіп тепкіледі. Сөз байыбына бара алмайтынын біліп әдейі айтып едім, ойлағанымдай-ақ ол ертеңіне мені үйден қуып шықты, - дейді Нағима.


Осы күнді Нағима төрт жыл зарыға күтіп еді. Ата-ана, ата-ене, туысқандар бәрі де тағдырға балап «бедеу әйелге» мүсіркей қарады. Шындығында бұл тағдырды Нағима өзі жасағанын ешкім білмеді.

Бұл уақытта оның құрбылары төртінші курсты аяқтап, тұрмысқа шығуды ойлап жүрсе, Нағима керісінше, оқуға түсуді армандады. Бір жыл қолынан кітап тастамай, дайындалады. Қатарластары диплом алып жұмысқа орналасып жатқанда, Нағима студент атанады.

Санасақ, содан бері 17 жылға жуық уақыт өтіпті. Нағима екінші рет тұрмысқа 36 жасында шығыпты. Жастай тәні мен жанына салынған жара махаббат сезімін өлтіріп тастаған ғой, ол сезімнің қайта көктеуіне ұзақ уақыт қажет болған. Қазір ол бір баланың анасы, жанын түсінетін жақсы күйеуі, өзіне ұнайтын жұмысы да бар.

- Жақында екіншіме жүкті екенімді білдім. Бірер айдан соң құрсағымды балам іштен тепкілейді. Бұл туралы ойласам, күйеуімнің талай рет тепкені есіме түсіп кетеді де, сол күндерден құтылғаныма қуанып, әлде бойымды билеген бір қорқыныштан ба жылағым келеді, - деп мұңайды Нағима.


Арада қаншама жыл өтсе де сол бір қиын сәттерді санасынан біржолата сызып тастай алмай жүргені байқалады.

Нағима егер сол кезде өмірін өзгертуге талпынбағанда қазіргі күйі не болар еді? Кім біледі, осы күнге дейін күйеуінің жуан жұдырығына шыдай алмай өліп қалар ма еді?! Құрсағына біткен шарана аман-есен, дені сау болып туылар ма еді? Әйеліне қорлық көрсеткен адам баланың қадірін білуші ме еді...


- Өзімді қорлықтан, болашақ балаларымды зорлықтан құтқарғанымды ерлікке балаймын. Мен тозақ өмірден құтылдым, басқалар да өмірін өзгерте алады. Құрсағымды сипалап отырып, «Мені тебуге саған ғана рұқсат, балапаным» деймін күбірлеп. Әйелді оның құрсағындағы нәрестесі ғана тебуге құқылы, басқа ешкімге тебуге жол бермеу керек, - деп, Нағима барлық әйелге өз ақылын айтады.


Қорлық пен зорлыққа көніп жүрген әйелдерге сіз қандай ақыл-кеңес бересіз, оқырман?


Қымбатты оқырман, ой саларлық оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:

«Күйеуім басқаға кетіп қалса да ата-енеме қызмет еттім» - Көрші елде туып-өскен қазақ қызының тағдыры



«Түрік жігітіне тұрмысқа шығуға мәжбүр болдым»: Жетісайлық бойжеткен не үшін басқа елге кеткенін айтты