​«Тойды белгілеп, өзі қашып кетті»: алматылық жас келін күйеуінің түсініксіз әрекетін жайып салды

0
3 863

«Енеме бір миллион теңге несие әперіп едім...»


​«Тойды белгілеп, өзі қашып кетті»: алматылық жас келін күйеуінің түсініксіз әрекетін жайып салды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Әрбір қыз тұрмысқа шығарда «ертең ажырасып кетемін-ау» деген ойда болмайды. «Сүйіктіммен бақытты болсам, сол үйдің шырағын жағып, шырайын кіргізсем» деп босаға аттайтыны анық. Мен де жолдасымның босағасын ақ-адал ниетпен аттаған едім. Бірақ мені келін етіп алған адамдардың ойы, пейілі дұрыс болмапты», - дейді Аида есімді Аламатының тұрғыны.


«Сүйемін, күйемін» деп алған күйеуі бес айдан кейін Аиданы оп-оңай тастап кете салыпты. Жай ғана кетпей, әйелін кредитке батырып, тақырға отырғызып кеткен. Оқиғаның қалай болғанын Аиданың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Оқуымды бітіріп, мектепке мұғалім болып орналасқан жылы Әлібекпен таныстым. Бізді бірге істейтін Жансая есімді қыз таныстырды. Күйеуінің жолдасы екен. «Әлібек мықты жігіт, әскери қызметкер. Түр десең түрі, бой десең бойы бар, қалада тұрады, саған одан артық не керек?» деп таныспасыма қоймады. Үйдегілер де «оқу, жұмыс деп жүре бермей, ұнатқан жігітің болса тұрмысқа шық» деп ауылға барған сайын миымды жеп жүрген. Әлібекпен танысуыма осы да түрткі болды.


Ол Атыраудағы әскери бөлімшеде жұмыс істейтін, біраз уақыт «уатсаппен» сөйлесіп жүрдік те, кезекті еңбек демалысына келгенде кездестік. Ол Атырауда жүргенде-ақ «Осы демалысымда үйленейік, соза беріп қайтеміз?» деген. Елге келген соң бір аптадай жұбымыз жазылмай, қаланы әбден қыдырдық. Содан соң екеуміздің ата-анамыз тәтті шай ішіп, той қамына қызу кірісіп кетті.


Мен үйдің үлкенімін, әкем «қызымды қолдан ұзатамын» деп тұрып алды. Дереу аудан орталығындағы тойханаға тапсырыс беріп, келетін қонақтардың тізімін жасап, анам екеуміз артымнан апаратын киімдерді алып, әбден шабылдық.


Белгіленген күні құдалар үйге келіп, қызық-думан той болды. Сырға салынып, дастарханға ас келді. Бірақ күйеу баланың табағына салатын төс ұшты-күйлі жоғалып кетті. Жеңгелерім қазан-ошақтың басын әбден іздеп, таппапты. «Сұмдық-ай, күйеудің төсін біреу ұрлап әкетіпті. Бұл жаман ырым ғой» деп аузында сөз тұрмайтын әпкем зыпылдап сөйлеп үлгерді. Көңіліме біртүрлі тисе де, соңы жақсылық болсын деп ойымнан шығарып тастадым.


Сонымен не керек, мен Әлібектің үйіне келін болып түстім. Мені апарып салуға екі жеңгем, екі әпкем барған. «Мынау келіндеріңіздің киімі» деп апарған екі чемодан киімді енем «Біздің үйде заттар өте көп, Аиданың қалада тұрған пәтеріне апарып қоя салыңыздар, Атырауға кетерде сол жақтан алып кете салады» деп қайтарып жіберіпті. Біртүрлі болдым. Даңғарадай үйден менің екі чемоданыма орын табылмағаны несі десеңізші...


Әлібек екеуміз көп бөгелмедік, еңбек демалысы аяқталып қалды да, дереу Атырауға көшіп бардық. Мен бұл кезде жұмысымнан үш айға ақысыз еңбек демалысын алып кеткенмін. Әлібек таңның атысы, кештің батысы жұмыста. Үйде жалғыз өзім, істерге тірлік жоқ, ішім пысып кетеді. Бөтен қала, бөтен үй, үйренісу оңай болмады. Әлібек кей күндері үйге келмей де қоятын. «Жұмыс көп, тексеру келіп жатыр, қағаздардан бас алмадық» деп құтылатын. Аузым ашылып, соның бәріне сене беріппін ғой.


Енем бізден бөлек тұрса да телефонмен күнде жанымда жүргендей сөйлейтін. Түскі асқа қандай тамақ пісіргенімді, кешкі асқа не дайыныдап жатқанымды бейнеқоңыраумен бақылап отыратын. «Жарты жілік ет беріп жібердім, осыны пәлен уақытқа жеткіз» деп бұйрық беретін. Әлібектің бұрын қандай болғанын білмеймін, үйленгелі бері байқағаным, әр басқан қадамын шешесіне жеткізіп отырады екен.


Үш айдан соң біздің үйлену тойымыздың күні белгіленді. Екеуміз Шымкентке келдік. Енем «біздің тойға, құдалардың киітіне шамалы ақшамыз жетпей жатыр, тапқан-таянғандарың болса, қосыңдар» деді. Әлібек «мен отпускамның ақшасын қалың малға жұмсап қойдым, әскери адам болған соң кредит алуға да болмайды» деді мұрнының астынан. Сол кезде мен ұялғанымнан «Менің атымнан несие алайық, кейін жайлап төлеп тастаймыз ғой» дедім. Ата-енем қуанып кетті. «Біздің де кредиттеріміз көп еді, банк бермей, не істерімізді білмей отыр едік, мынау дұрыс болды» деп, ертеңіне енем екеуміз банкке бардық. «Бір миллион ала бер, қалғанын бірдеңе етерміз» деген, айтқан соманы алып, қолдарына ұстаттым.


Ертеңіне Әлібек «мені Атырауға шақыртып жатыр, бармасам болмайды, жұмыста бір проблема шығыпты» деді де, ұшаққа билет алып, кетіп қалды. Дым түсінбей қалып кеттім. Сол кеткеннен Әлібектен хабар жоқ. Телефонын көтермейді, не өзі хабарласпайды. Енем де сыр білдірмей бір апта жүрді. Баласымен менен тығылып сөйлесетінін байқасам да, үндемедім, әліптің артын бағайын дедім.


Бір күні шыдамадым, «мама, Әлібек қайда, той жақындап келеді, дайындалуымыз керек, көйлек алмаймын ба, лав стори түсірмейміз бе» деп шет жағасын сұрап едім, «Мен де дым түсінер емеспін, келмеймін, Аидамен тұрмаймын деп бет бақтырар емес. Өзің суытып алғансың-ау, әйтпесе енді үйленген балам сенен неге қашады?» деп өзіме жала жапты. Онысымен қоймай, «салақ екенсің, киімін дұрыстап жумайды екенсің, балам «апталап ыстық тамақ ішпегенмін» деп отыр. Маңдайының соры екенсің ғой, сені дұрыс келін болады деп үміттеніп жүрсем» деп өзіме бас салды.


Мен дереу ата-анамды шақырттым, болған жағдайды бәріміз отырып талқыладық. Енем маған айтқан сөздердің бәрін ата-анама екі есе қосып тұрып жеткізді. «Қыздарыңызды ұлымыз қалап отырған жоқ, ол болмаса келіннің не керегі бар» деп мені ата-анама қосып жіберді.


Әкем ызадан булығып, қан қысымы көтеріліп, «елдің бетіне қалай қараймын» деп намыстанып кетті. Анамның да іштен тынғаны анық. Оларға бір миллион теңге кредит әпергенімді айтпадым, оны естігенде екеуінің де күйіктен бір жағдайға душар болары анық. Енеме «кредитке алған ақшаны қайтарыңыз» деп едім, «Сенің қалыңмалың мен құдалыққа апарған заттарымыз миллионнан асып кеткен» деп тұтқаны қоя салды. «Мені пайдаланып, алдап алған ақшалары желкесінен шықсын» дедім де, бір Құдайға тапсырдым, басқа не істеймін?


«Сүйемін, күйемін» деп үйленген Әлібектің Атырауда тағы бір сүйіктісі бар екен. Өзінен бірнеше жас үлкен әйелді ата-енем о баста жақтырмаған екен. Асығыс үйлендіргендерінің себебі кейін белгілі болды ғой. Бірақ күйеуім бәрібір өзі ұнатқан әйелге кетіп тынды. Екі ортада мен сорлап қалдым...


Қазір сол баяғы мектепте мұғаліммін, шүкір, айлығым жақсы, алған кредитті әлдеқашан жауып тастағанмын. Бірақ көңілімде еркектерге деген сенім қалмады. Жаныңдағы күйеуің сатып кеткенде басқадан не үміт, не қайыр? Абайлаңдар, қыздар!»