«Тоқсанға келсе де қоймайды»: түркістандық әйел қартайған енесінен шаршағанын айтты

0
10 977

«Немере келініне де тиісе береді»


«Тоқсанға келсе де қоймайды»: түркістандық әйел қартайған енесінен шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Біздің енемізді көрген кісілер «ойбай-ау, қартайған кездегісі мынау болса, жас күнінде қандай еді» деп таңғалады. Олай ететін жөні бар. Себебі енем қартайса да отбасымызды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Өзім де келін түсіріп, жиырмашақты немеренің әжесі болсам да, енемнің уысынан шыға алмай отырмын».


Түркістан облысына қарасты ауылдардың бірінде тұратын Шырай апа ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп мұңын шақты.


«Мен cоншалықты жуас адаммын ба, әлде бала күнімде ата-анамыз «үлкен кісінің ақылын тыңда, сөзін бөлме, жолын кеспе» деп әбден құлағымызға сіңіріп қойды ма, әлі күнге дейін енемнің көңіліне қарап, бір ауыз артық сөз айтпаймын. Кейде осы тірлігім үшін өзімді іштей мүжіп, жеп қоямын. Бірақ енді қолдан не келеді, төрінен көрі жақын кемпір ғой деп үндемеймін.


Енем жастайынан жесір қалған, бес баланы жалғыз өзі асырап-баққан адуынды әйел болған. Мен үлкен келін болып түстім. Келген күннен жылы қабақ танытпады. Әбден жоқшылықта өмір сүрген соң ба, сары май, құрт, кәмпит, күлше сияқты таңсық астарды сандығында сақтайтын. Бір бөлмесі бар, соның есігіне құлып салып қояды. Оны тек өз қыздары келгенде, төркіні келгенде ашып, дастарханға шығарады. Қалған уақытта қант пен наннан басқа түк жемейміз. Ет пен майға тойып өскен мен үшін бұл нағыз тозақтың өзі еді. Балаларым өскенде де «жүгермектер, бұларға берсең бәрін жеп қояды» деп күлшені санап беретін. Күнделікті тамаққа қосатын етті де өзі әлгі бөлмесіне кіріп, бір кесімін береді. Одан артығын көрмейміз. Қонақ келіп, ет асар болсақ, келіндердің табағына тек қана қойдың тұяғын, ішек-қарын салып беретін.


Енемнің қаталдығы сондай, бізді бір минут қарап отырғызбайтын. Түк таппағанда ыдыс-аяқ қоятын сөреде төсеулі тұрған газетті «сарғайып кеткенше көрмей жүре бересіңдер, неге өздерің сарғаймайсыңдар осы» деп айқай-шу шығарып, берекемізді кетіретін. Күндіз бәрімізді «қуырып, жеп» алады да, күйеуіміз келгенде түк болмағандай, жылмыңдап отыра береді ғой.


Қазір де солай. Аяқ-қолы сау, тілі әлі удай ащы. Мен түгілі, менің келіндерімді басқарып отыр. Бәріміз соның айтқанымен жүреміз. «Қандай тамақ істейін?» деп сұраймын. Екі күннің бірінде кеспе көже істетеді. Кеспесін қолмен кеспесек бүкіл ағайын-туғанға «Мына қатындар әбден есіріп кеткен, бір түйір қамырды кесуге де ерінеді» деп жамандап шыға келеді.


Қолымызда кіші бала мен келін тұрады. Мені қойшы, елу жылдан бері үйреніп қалдым. Жаңа түскен келіннен обал болып жүр. Түртпектей береді. «Біздің кезімізде...» деп әңгімесін бастайды да, әр тірлігіне мін тағып отырады. «Мына келін етті көп қосыпты, әкеңнің мыңғырған малы бар ма еді, үнемдемейсің бе» деп күніне бір сөйлемесе тыншымайды. Ұйытып қойған айрандарымызды бес литрлік желім ыдысқа құя береді, құя береді, быжып кетсе де соны жинайды. Жиналған соң кенже қызын қаладан шақыртады да, соған беріп жібереді. «Апа, ашып кеткен айранды не істейді?» десек, құрт қылып жейді екен. Келінім де әбден ығыр болған сияқты. «Апа, әжемнің мінезі неге ондай?» деп күйіп-піседі. Ондайда «қоя бер, қартайған кемпір ғой, үндемей жеңесің» деп жұбатып қоямын. Бірақ қартайдым деп отырған кемпір жоқ...


Келінім жақында құрсақ көтерген, қымызға жерік болыпты. Екі литр қымыз әперіп, «өз бөлмеңе қоя сал, құмарың қанғанша ішіп жүр» дегенмін. Бір күні біз сыртта жүргенде енем жас келіннің бөлмесін тексеріпті. Жартылай ішілген қымыздың ыдысын тауып алып, «Ойбуй, мына келінде ұят жоқ екен, бізден ұрланып тамақ ішкені несі? Әке-шешең саған тамақты тығып же деп үйретті ме?» деп бүкіл отбасы мүшелерінің көзінше жылатып қойды. Жеке шақырып, келіннің жерік екенін түсіндіргендей болдым. «Бәрімізге көрсетіп ішсе бірдеңесі кете ме?» деп өзіне шаң жуытпады. Кейде енемнің есі-басы дұрыс емес пе деп қаламын. Баяғы жоқшылық заманның әсерінен әлі арылмаған сияқты. Қызғаншақтығы, іштарлығы әлі қалмай келеді.


Енемнің көзімізді ала бере бөлмемізді аралап, ақтарып шығатын әдеті бар. Ол кісіге көрсетпей орамал, көйлек алсақ, бітті, ол күні үй азан-қазан болады. «Жинағандарың дамбал-көйлек, шүберекке теңге жаратып, баламның тапқанын үстеріңе жапсырып жүре беріңдер...» деп бастайды. Құлағым тыныш болсыншы деп жарқырап киінбейтін де болдым. Көбіне қаладағы келінім «мен сыйладым» деп әкеліп береді, соны қанағат тұтып жүре береміз. Қайтеміз енді?..


Құдай өзі кешірсін, кейде «осы кемпір қашан өледі екен» деп ойлап қаламын. Сол кісі кетсе тынысым кеңейіп сала беретін сияқты...»