​«Төркінімде күйеуімді танымай қалам»: жамбылдық әйел күйеуінен қандай қорлық көріп жүргенін жайып салды

0
2 315

«Бергені бес-ақ мың теңге, «торт пен сусын алмадың» деп ұрып тастады»


​«Төркінімде күйеуімді танымай қалам»: жамбылдық әйел күйеуінен қандай қорлық көріп жүргенін жайып салды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қоғамда күйеуінен зәбір көріп, тоқпағына төзіп отырған әйелдер өте көп. Өкінішке қарай, олар «күйеуім түзеліп кетер» деген үмітпен өмір сүреді. Енді бірі балалары үшін шыдауға дайын. Солардың бірі – жамбылдық Таңшолпан (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді). Он жылдан бері сүйіп қосылған жарынан жылы сөз естімей, тепкісіне көніп келемін деп отыр. Азапқа толы өмірін ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Күйеуімнің аты – Мұхит. Екеуміз мен университетте оқып жүргенде танысқанбыз. Группаласымның бөлесі болып келеді. Бөлесіне келіп жүріп, маған көзі түсіп, бір-екі ай сөйлестік те, үйленіп кеттік. Үлкен әулетке келін болып түстім. Ата-енем, үш қайынәпкем, бір қайынағам, қайным бар. Екі жылдан соң бізге ауылдағы біреудің времянкасын сатып әперіп, еншімізді берді.Содан бері басымнан таяқ кеткен емес. Ата-енеммен тұрған жылдары әке-шешесінен аяқ тартып, маған тек сөзбен тиісетін. Бөлек шыққалы қол көтеретін болды.


Алғаш таяқ жегенім, түнде жуған киімінің кеппей қалғаны үшін еді. Қыс-тұғын, түнделетіп жұмыстан келді де қалың шалбары мен жемпірін жуып қоюды тапсырды. Кір жуатын машинамыз да жоқ, қолмен жуып, барынша сығып жайып қойғам. Таңертең айқай басталды. «Түкті ептей алмайтын қатынсың, сен маған басымды дуалап тиіп алдың» деп бетіме шапалақпен тартып жіберді. Еркек бір ұрса бітті екен ғой, ары қарай жалғастыра береді. Мұхит болмашы нәрселер үшін мені ұратын.


Бастапқыда «құрылыста істейді, жұмысы ауыр, бұған да оңай емес» деп іштей мүсіркеп, кешіре салатынмын. Кейін қарасам ауылдағы еркектердің түгелі дерлік құрылыста істейді, бірақ әйелін сабап жатқан ешкім жоқ. Сонда мұныкі не еркелік, түсінбедім. Жайшылықта, көңіл-күйі жақсы кезде сұрасам үн жоқ, ішіп алғанда көзіне жын боп көрінем бе, «сен мені дуалап тиіп алғансың» деп төмпештей береді.


Айтысып-тартысып жүріп екі ұл, бір қызды өмірге әкелдім. Басында балалы болсақ қояр деген үміт болды, ал енді оның ит мінезіне балаларым үшін шыдап жүрмін. Кеткенде қайда, кімге сиямын?..


Кеше күйеуім қырыққа толды. Ватсапта құттықтап, тілек жазған қайынәпкелерім, құрбым, бізді таныстырған группаласым «кешке үйлеріңе барамыз» деп хабарлаған. Азанда жұмысқа кеткелі тұрған күйеуіме «ақша тастап кет, дастарханға қоятын заттар алайын» деп едім, қалтасында тұрған 20 мыңның 5 мыңын ғана берді. Қазіргі заманда 5 мың теңгеге түк те келмейтінін ақымақ та түсінетін шығар. Әупірімдеп, амалдап, үйдегі бар заттардан бауырсағымды, самсамды пісіріп, етімді асып қойдым. Кеш түсе бастаған шақта «Дастархан дайын, тек торт пен жеміс-жидек ала кел» деп телефон соқтым. «Жарайды» деген. Содан қас қарайып, түн болды, күйеуім келмейді. Бұл уақытта қонақтар келіп, мен әкелген сусындарды ішіп қойған. Қайтадан телефон соғып «Қайдасың? Келе жатсаң дүкеннен кола ала келші» дегем. Бар айыбым осы болды.


Үйге ентелеп кіріп келген Мұхит қонақтармен амандаспастан маған бас салды. «Сен қатын таңнан бері үйде отырсың ғой, дастарханға керек затты алдын ала алып, дастарханға қойып қойсаң болмас па еді?» деп жұлқылап, бөлмеге сүйреп кетті. «Мә, мынау ақша, барып, өзің тауып кел!» деп иығыма жұдырықпен қойып қалды. Амал жоқ сүйретіліп, түн ішінде дүкен іздеп кеттім. Екі көше ары тұратын Асан атаның дүкеніне аяғым аяғыма тимей жүгірдім. Себебі кешіксем қырғынның көкесі болатынын біліп тұрмын. Барсам дүкенін жауып қойыпты. Үйінен әрең шығарып, керекті заттарды алып, жеткенімше жарты сағаттай уақыт кеткен шығар.


Артынып-тартынып үйге кіріп келсем Мұхит қолымдағы заттарды пакетімен қоса өзіме лақтырып жіберді. «Сен топас осы сусынды неге күндіз алып қоймайсың?!» деп басымды дуалға соғып, буындырмақшы. «Әкелгенмін, бітіп қалды» деп жылап жатырмын, жалынып жатырмын. Группаласым келіп, араша түспегенде тұншығып өліп қалар едім. Қарулы қолдарын әрең босатты. Мына көріністен кейін қонақтар қатты шошып қалды-ау, пісіп тұрған етке қарамай кетіп қалды.

«Қара да тұр, қазір мыналар кеткесін өлтірем сені» деп айқайлағасын жаным қалмай ең үлкен қайынәпкемді жалынып жүріп алып қалдым. Әпкем барынша ақылын айтып, Мұхит ұйықтап қалғанша жанымнан кетпей отырды. Түннің бір уағында әпкем екеуміз ата-енемнің үйіне кетіп қалдық.


Таңертең үйге қайын атамды ертіп келдім. Обалы не керек, ата-енем мені жақсы көреді, қашанда сөзімді сөйлеп, балаларына ақыл айтып әлек. Бұл жолы да атам баласын жер-жебіріне жетіп ұрысты. Айтудай-ақ айтып кетті. Бірақ оны тыңдайтын бала бар ма? Әкесі кеткесін қонақтардан қалған арақты ішіп алып, тағы да боқтап, шашымнан сүйреп, тізерлетіп кешегі қылығым үшін кешірім сұратты. «Туған күнімнің шырқын бұздың, қонақтардың алдында ұятқа қалдым» деп барлығына мені кінәлі ете салды. Өзінің ақша тастамай кеткенімен шаруасы да жоқ. «Бәріне жеткізбесең несіне қатынсың?!» деп сөзімен түйреп жатыр.


Мұхит менің төркін жағыма барса, әлемдегі ең керемет адам боп кетеді. Сөзге шешен, қонақ келсе асаба болып, әзілін айтып қыран-топан күлкіге қарық қылып кетеді. «Ата-апалап» әке-шешемнің іші-бауырына кіріп кеткенде «мынау менің күйеуім бе» деп таңданып қаламын. Бүкіл өнерін жеке қалғанда көрсетеді. «Күйеуім ұрады» деп жамандасам бітті, «бәленің бәрі өзіңнен, тәп-тәуір байыңды игере алмай отырсың» деп шешем миымды жеп қояды. Сондықтан көріп жүрген қорлығымның бірін де айтпаймын. Үш перзентім жетіліп, өссе қоятын шығар деген үмітпен күндерім өтіп жатыр...»