​«Төркініме шықсам пакетімді тексереді»: түркістандық келіншек енесіне деген ренішін ұмыта алмаған

0
1 141

«Ұры көріп, балгерге күштеп апарды»


​«Төркініме шықсам пакетімді тексереді»: түркістандық келіншек енесіне деген ренішін ұмыта алмаған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кісі көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген рас екен. Енемнің мені себепсіз қаралағаны, ел-жұрттың алдында масқара еткені жүрегімді тілім-тлім етті. Әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Біреуге өкпелеудің өзіңе зияны тиетінін білсем де, оған деген ренішім басылар емес», - дейді Назым есімді келіншек.


Отбасындағы жағдайды түркістандық оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуім екеуміз бір ауылда өстік. Ол менен бір сынып жоғары оқыды. Мектепте жүргенде онша араласпадық. Қалаға барғанда сол оқитын университетке түсіп, ауылдас ретінде араласып жүріп, соңы махаббатқа ұласты.


«Мен Назымға үйленем» деп әке-шешесіне айтқанда, енем мені алуыма қатты қарсы болыпты. Оны кейін, келін боп түскенде абысыным айтып берді ғой. «Әкесі жоқ, мектептің полын жуатын әйелді құдағиым деп қалай таныстырам» деп бет бақтырмапты.


Әкемнің ерте қайтқаны рас. Бірақ ағам, сіңлім мен інім бар. Біреуден ілгері, бірекден кейін тіршілік кешіп жатқан қарапайым отбасымыз. Мектепте еден жуып жүріп төрт баланы жетілдірген анама деген алғысым шексіз. Арын аяққа таптатпады, біреуден нан сұрамады. Ағайынның арасында абырой-беделі бар. Сонда да енеме жақпаған ғой.


Обалы не керек, қайынатам жақсы кісі боп шықты. «Екі жастың ортасына дүние үшін түспе» деп кемпірін тоқтатып, бізге батасын берді. Былтыр күзге дейін ата-енемізбен бірге тұрып, үлкен ұрыстан кейін еншімізді алып кеттік. Ұрыс-жанжалға әдеттегідей енемнің ащы тілі себеп болды.


Негізі төркініме жақын тұрсам да жиі хабар алмайтын едім. Барғым келмейді дейсіз бе, мауқымды басып, анама еркелеуді қалаймын. Бірақ енем мен төркінге бару туралы сөз қозғасам бітті, «үйдің тірлігін қарық қылып қойдың ба» деп тапсырманы үйіп-төгіп беретін. Бірде аяқасты перде жуғызады, енді бірде көрпенің тысын жуғызады, әйтеуір мені төркінге жібермеудің амалын табатын.


Ең намысыма тиетіні, төркінге баратын болсам қолыма ұстаған пакетті өзі ашып, тексеріп шығаратын. «Құлағым тыныш болсыншы» деп пакетсіз шығайын десең, баламның киімін салатын сөмке керек. «Не болды, артынып-тартынып шығыпсың» деп енемнің кекететінен әбден күйгесін киім-кешек алмай баратын болдым. Сонда да бір сылтау табады ғой, кешкісін үйге бәрі жиналғанда «кеше ғана бірт алай кәмпит-сәмпит әкелген сияқты едім, дым қалмаған, түнде үйге ұры келіп жеп кете ме» деп маған тиістіріп, сөзімен түйреп алатын.


Бір күні үйде қонақ күттік. Әулеттегі жаңа құдаларға шай берейік деп, бәрін шақырғанбыз. Ертеңіне енем ойбайлап, жоқ жерден ұрыс шығарды. Шығарғанда да ешкімге білдірмейді ғой, бөлмесіне мені шақырып алып, жер-жебіріме жетіп ұрысады. Сондағысы өзінің жинап жүрген жиырма мың теңгесі болған екен. Қонақ келетін күні беторамалға түйіп, шифонерінің төбесіндегі сөреге тастаған. «Сен алдың, бұл бөлмеге басқа ешкім кірген жоқ. Азаннан бері осы жерді жинап, қипақтап жүр едің» деп маған бас салды. «Мама, мен көрген жоқпын» деп шырылдаймын. Оған сенетін ене бар ма, «қазір көреміз, кімнің ұры екенін, түс алдыма» деп мені қалаға, балгерге апарды.


«Ақшаң жоғалған жоқ, үйде тұр. Біреу жасырып қойған» деп ол да отқа май құйды. «Айттым ғой, мына қатын жасырып тұр. Шу басылған соң жесір шешесіне арттырып жібермекші болған да. Оларға ол көп ақша ғой» деп балгердің көзінше намысыма тиді. Өзіме сөйлесе үндемес едім, шешемді араластырғасын шыдай алмадым. Балгердің үйінен шыққан бойда таксиге отырдым да, ауылға тартып кеттім.


Қас қарайып қалған, атамыз да, күйеуім де жұмыстан келіп қалған екен. Менің түнерген түрімді көрді де бір бәленің болғанын сезді. «Ата, маған ренжімеңіз, енді бұл үйде қала алмаймын» деп балам екеуміздің киімдерімізді жинастырып, ай-шайға қарамай шығып кеттім. Оңайлықпен ашуланбаймын, бірақ бір ашулансам, қайтуым қиын. Бір қолымда балам, екіншісінде киім тола сөмке, ебіл-дебіл боп жылап келем. Бір кезде артымнан күйеуім қуып жетіп алды. «Жаным, сенің түк те кінәң жоқ. Мен сенен мамам үшін кешірім сұраймын. Ақшаны әкем алыпты» дегенде бағаналы бері жиналған ашу-ыза жарылды ғой. «Сенің адалдығыңа шүбә келтірмеймін. Қойшы, ақымақ болмай, үйге қайтайық. Қаласаң ертең-ақ еншімізді алып шығамыз» деп мені өзімен ертіп келді.


Атамыздың қол боста қобыз жасайтын өнері бар. Қонақ келген күні төбедегі сөреде тұрған қобызын алып, құдаларына мақтанбақшы бопты. Сонда әлгі түйіншекке түйілген ақша сырғып түскен. «Осы үйдегілердің бірінікі шығар, жоғалып қалмасын, сұраса берермін» деп өзі алып қойған. Ал оны жасырып жинаған ақша болғасын енем сұрамаған. Ақымақ қатын, оны мен алдым, міне» деп көрсеткенде мәселенің басы ашылды.


Бірақ күйеуім «біз бұл үйде тұра алмаймыз, ренжімеңіздер» деп, ертеңіне-ақ қалаға көшіп кеттік. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Күйеуім мектепте мұғалім боп істейді. Табысы жақсы, пәтер алуға жарна құйып жатырмыз. Аллаға шүкір, бақыттымыз. Атам мен енем немерелерін сағынғанда келіп, қонып кетеді. Бірақ осы уаққа дейін өз айыбын мойындап, «кешір, айналайын» демеді. Бос көкірегі жібермейді. Сол үшін әлі кешіре алмай келемін.


Атам алтын адам, ал енеме бұл жағдай сабақ болмады, әлі күнге дейін адамдарды ақшасына, атағына, байлығына қарай сыйлайды. Екі сөзінің бірінде соны әңгіме етеді. Күйеуімнің мінезі шешесіне емес, әкесіне тартқанына шүкір деймін...»