​«Төсектес болмайтын көңілдесім бар»: алматылық әйел жан баласына айтпаған құпиясын жайып салды

0
6 556

«Ол да өзін қолдайтын адамды таппай жүрген екен»


​«Төсектес болмайтын көңілдесім бар»: алматылық әйел жан баласына айтпаған құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Негізі теріс жолға түсу былай тұрсын, ойша біреуді ұнатып, онымен түсіңде ойнастық жасаудың өзі ауыр күнә деп жатады ғой. Бәлкім бұл рас та шығар, кім білген? Бірақ менің қазір рухани көңілдесім бар. «Рухани көңілдес» деген кәдімгі төсектес адамнан мың есе артық болады екен», - дейді Рахила есімді алматылық әйел.


Отбасылы, үш баланың анасы ERNUR.KZ тілшісіне ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды.


«Тұрмысқа шыққаныма он жыл болып қалыпты. Былайша өмірім жаман емес, күйеуімді сүйемін. Ол да мені ұнатқасын үйленген шығар. Бірақ тіршіліктің қамытын мықтап киіп алған. Соңғы кезде бір сөз көтере алмайтын боп жүр. Ашуланған кезде үйдің ішін қара түнек басып, құйынды дауыл тұрады. Алайда қайтымы тез. Артынша түк болмағандай күліп, бала-шағасымен әңгімелесіп кете салады.


Өзім мектепте жұмыс істеймін. Бала тәрбиелеу, оларға таңнан кешке дейін тік тұрып сабақ берудің қандай қиын екенін білесіздер. Кешкісін діңкелеп келіп, үйдің шаруасына кірісесің. Кешкісін күйеу келеді, қабағынан қар жауып. Тамақ дайын болмай қалса немесе тұзы өткір боп кетсе, бітті, тіреп тұрған аспанын тастай салады. Қатты ашуланса алдында тұрған тамақтарды лақтыра салуы да ғажап емес. Оның бұл мінезінен әбден мезі болдым. Қайтымы тез болса да, ашуланған кездегі әңгімесі, шымшыма сөздері сүйектен өтіп кетеді. Соның кесірінен жасыма жетпей қартайып бара жатқан сияқтымын.


Әйел болғасын бір уақ біреудің еркелеткенін, шүйіркелесіп әңгімелескенді, бірге шай ішіп, сүйікті сериалыңды қарағанды қалайды екенсің. Бірақ біздің байдан ондайды күту арман. Дөң мінезінен соңғы кезде сөйлеуге қорқамын. Арамызда төсек қатынасынан басқа байланыс жоқ...


Жылы сөзге зәру боп, рухани құлазып жүргенде қазіргі досымды жолықтырдым. Жақында құрбым отыз беске толып, туған күніне барғанмын. Ол сонда әйелімен бірге болды. Қонақтар кеткесін құрбым «Жақсы адамдарды бір пейілінен қысады деген рас екен ғой, екеуі балалы бола алмай жүр. Жақында бір бала асырап алды» деп айтқан.


Арада екі ай өткенде біздің мектепке облыстан комиссия келді. Ішінде құрбымның әлгі алыс туысы да бар. «Бір көрген таныс, екі көрген біліс» дегендей, бірден әңгімеміз жарасып, шүйіркелесе кеттік. Өте мәдениетті,сөзшең адам екен. Бірден өзіне баурап алды. Екі күннен соң келген жұмыстары бітті, кетерінде нөмірімді сұрап алған. Арада апта өткеде телефон соғып тұр. «Сендер жаққа келіп едім, кездесейік» деп кафеге шақырды. Қалай көне салғанымды білмеймін, шақырған жерге алып-ұшып жетіп бардым. Көңіл қартаймайды деген рас екен, жігітпен алғаш кездесуге барғандай қысылып, екі бетім қызарып сала берсін. Екеуміздің әңгімеміз таусылмады. Ойымыз бір жерден шығады. Сөйлей берсе, тоқтамаса екен деп отырдым. Оның аузынан шыққан әрбір сөз мен үшін қымбат қазынамен тең болды. Қайтарда қимай қоштастық.


Арада бес күн өткенде тағы келді. Тағы да сол қимастық сезім. Жарасымды әңгіме, әдемі комплимент. Бірте-бірте бірігіп, кірігіп бара жатқандай сезімде болдым. Қай тақырыпта сөз қозғасам да іліп әкетіп, өзінің ойын, пікірін айтып, баурап алды. Үшінші кездесуде оңаша пәтерге бардық. «Біреу-міреу сыртымыздан көріп қалып, әңмеге қаларсың, ешкімнің көзіне түспейік» деп ұсыныс білдірді. Онысын құп көрдім.


Негізі мен одан басқа нәрсе күткем, қазір өз ойымнан өзім ұяламын. Сөйтсем ол ішіндегі бар сырын ақтару үшін мені оңаша пәтерге шақырған екен. «Сенімен әңгімелессем бір демалып қаламын. Өзіңдей өресі, ақыл-ойы тең адаммен жолыққаныма шүкір» деп әңгімесін бастады.

«Кезінде Созақ жақта, уран кенішінде жұмыс істеп, денсаулығымды құртып алдым. Оны кейін, үйленген кезде бір-ақ білдім. Еркектік қуатым жоқ екен. Яғни мен өмір бойы бала сүйе алмаймын. Бірақ менің бұл кінәратыма әйелім көз жұма қарады. Бәрін түсініп, бала асырап алуға көнді. Қазір сүп-сүйкімді ұлымыз бар. Бірақ әйелім екеуміздің қарым-қатынасымыз онша емес. Оның сыртта көңілдесі бар сияқты. Маған білдірмеуге тырысады, бірақ іс-әрекетінен, маған деген көзқарасынан бәрін түсініп қойғам. Оны да кінәлай алмаймын, бірақ бір мезет әңгіме-дүкен құрып, ерлі-зайыптыларша бір жерге барып демалғанды, уақытты қызықты өткізгенді қалайды екенсің. Ал Әлиманың маған көңіл бөлуге уақыты жоқ» деп ащы шындығын жайып салды.


Менімен жолыққалы бері көңілі жайланып, басқаша күйге бөленіп жүр екен. Яғни біздер Шахановша айтқанда сана биігінде тоғысқан жандар шығармыз. Өзім солай топшыладым. Бірақ екеуміз бұлай кездесе берсек былайғы жұрт не ойлайды? Күйеуім білсе буындырып өлтіре салуы мүмкін. Десе де онымен аптасына бір кездесіп, әңгімелеспесем жынданып кете жаздаймын.


Соңғы кездері күйеуімді психологтарға көрсетіп, өмірге деген көзқарасын өзгерткім келіп жүр. Егер ол мені түсініп, қолдау білдіріп, ара-тұра еркелетіп, жылы сөздерін арнаса сырттан жылу іздемес едім. Айналамдағы әйелдермен сөйлесе келе, көпшілігіне күйеудің қолдауы, ықыласы жетпейді екен. «Әйел құлақпен сүйеді» дегенді ескерсек, ер-азаматтарымыз әйелдеріне бір уақ назар аударып тұрса деймін. Әйел бақытты болса – әлем бақытты. Сүйікті екенін білген әйел шуақ шашып тұрады. Осыны ұмытпаңдаршы, жігіттер!»