«Түнде үшеу боп "жатамыз"»: жамбылдық келіншек күйеуінің көңілдесінен құтыла алмай жүргенін айтты

0
1 732

«Ол саған қыз болғаның үшін ғана үйленді...»


«Түнде үшеу боп
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Түнде ұйқыға жатқанда біреу арқамнан пышақ сұғып алғандай шаншып, жатқызбайды. Дем жетпей орнымнан ұшып тұрам, тұрсам мұрнымнан саулап қан кетеді. Оны көргенде екі қолым дірілдеп, тіземнен әл кетеді. Бұл жағдай күн сайын қайталанады, соңғы кезде айнаға қараймын да, өзімді танымай қалам. Шынымды айтсам қорқайын дедім», - дейді Балнұр есімді жамбылдық келіншек.


Үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан оқырманымыз өзінің басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«ERNUR.KZ арқылы күніне сан түрлі тағдырды, ойға келмеген ерекше оқиғаларды оқып, бүгін өз жағдайымды баяндасам деймін. Бәлкім, менің басымдағы жағдайдың шешімін білетін, көмек көрсететін кісілер табылып қалар. Дуаланған сияқтымын...


Жиырма жасымда сүйген жігітке тұрмысқа шықтым. Ол да мені жақсы көрді деп ойлаймын. Себебі қыз-жігіт боп жүрген үш айдың ішінде күн құрғатпай үйге келіп, мені қыдыртып, көңілімді жаулауға барынша тырысты. Мен оған өзімнен артық сендім. Өмірлік серігімнің осы адам екеніне титтей де күмәнданбай, бар ықыласыммен беріле сүйіп, тойымызды жасап, некемізді қидырып бас қостық. Бірақ үйленгенімізге үш күн өткенде көңілімді бұзған бір жағдай орын алды.


Түскі асқа жұмысынан келген күйеуім қолын жууға бөлмеге кіріп кеткен, телефонына смс келді. «Жаным, кім екен, көре салшы» деп айқайлағасын ойымда дым жоқ, ашып оқи бастадым. Сөйтсем бұрын жүрген қызының қоштасу хаты екен. Ішім алай-дүлей болды. Хатын «соңғы рет кездесейікші» деп аяқтапты. «Мынау не?» деп сұрап ем, «сенен алдын жүрген қызым ғой, үйленгенімді есітіп қойған шығар, мен онымен кездеспеймін» деп ақталды. Бірақ сол күні жұмыстан кеш қайтты, екеуінің кездескенін білсем де ашуымды сабырға жеңдіріп, үндемедім.


«Саған дейін бір қызбен кездескен. Бірақ онысы ініме дейін бірталай жігіттің «басын қайырған» екен. Папам мен мамам қарсы боп, үйлендірмеді» деп қайынәпкем бір күні шынын айтып қойды. Демек, екеуі маған дейін ерлі-зайыптыларша төсек қатынасында болған ғой. Естігенде құдайдай сенген күйеуіме деген реніш пайда болды.


Бір күні үйде, есіктің алдындағы гүлдерді суарып жүрсем, бөтен нөмірмен бір қыз хабарласты. «Сен Балнұрсың ба, мен Жандостың сүйіктісімін. Біз бір-бірімізді сүйеміз. Ол мені ешқашан ұмытпайды. Төсекте мен сенен мықтымын. Ол саған қыз болғаның үшін ғана үйленді, әке-шешесіне сен сияқты келін керек болды» деп намысыма тиетін сөздерді қарша боратты. Артынша уатсапқа күйеуім екеуінің «перепискасын» жіберіпті. Жанымда жүрген күйеуім күн сайын әлгі қызбен сөйлесіп, еркелетіп жүріпті.


Аяғым ауыр-тұғын, әлгі қыздың әңгімесі әсер етті ме, уақытынан бұрын босанып қалдым. Өмірге қызымыз келді. «Қызын көрсе пәпігі басылатын шығар, желөкпе қызды ұмытады» деп ойлап қателесіппін. Қызымыз қырқынан шыққанша Жандос үйге кеш келіп жүрді. Жанымызға жолаған жоқ. Телефонының даусын өшіріп қояды, әрдеңені бір сылтауратып жұмысында қалып қоятыны көбейді.


Бір күні бәрінен шаршадым да, күйеуімді қарсы алдыма отырғызып қойып ішімдегіні ақтарып салдым. «Мен саған енді сенбеймін, тойдым, осымен бәрі бітсін!» деп аяқтадым да, қызымды алып, төркініме кетіп қалдым. Өзім сүйген, қорғаным болар деп үміттенген, мейірім мен махаббатын күткен, жылы сөйлеп жұбатар деген жарым «кетпе» деуге жарамады.


Бірақ бір апта өткенде артымнан іздеп келді. «Мен ол қызбен қарым-қатынасымды біржола үздім. Әке-шешем немеремді әкел деп қоймай жатыр, маған сен керексің, жүрші үйге» деп кешірім сұрады. Аңқаулығым ба, адалдығым ба, білмеймін, миым айналып қалған адамдай артынан еріп, қайын жұртқа қайта бардым. Екі айдай күйеуім тәп-тәуір боп жүрді. Бірақ күндер өте баяғы әдетіне қайта басты. Бұл істерінен жарыма деген сенім, сезім, бəрінен айрылдым.


«Мен Шымкентке кетіп қалдым, қазір сенің күйеуіңнен де мықты жігітті тапқам. Жандос маған екінші әйелім бол деп ұсыныс білдірген еді» деп әлгі қыз қайта хабарласты. Бəрі өтірік болар деген үмітпен күйеуімнен сұрадым, ол болса «иә, айтқанмын, мен оны басқаға қимаймын» деді. Бұдан кейін ондай адаммен бір шаңырақ астында тұрудың мәні жоқ қой. Бірақ мен қызым үшін, әке-шешемнің абыройы үшін өзгені сүйетін күйеуіммен бір бөлмеде өмір сүріп жүрмін. Мен оны, ол әлгі қызды ойлап ұйқыға кетеміз. Күндіз екеу, түнде үшеу боп "ұйықтаймыз" осылай...


Былай қарасаң әлі ыстық-суығы басылатын жағдайға жетпедік. Кісі қызығарлықтай түрім бар, талай жігіттің арасынан шертіп жүріп таңдағаным, сүйгенім осы еді. «Тазға» жолыққаныма ішім ашиды. Уақыт өте бəрі ұмытылар дедім. Бірақ ұмыта алар емеспін. Жаным қатты қиналып жүр. Соңғы уақытта басымнан әлгіндей тылсым жағдайлар өтіп жатыр, ол уайымымды еселеп жіберді. Кімнен ақыл, көмек сұрарымды білмеймін. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Өзгені сүйетін адаммен бірге тұрудың мәні бар ма?»