«Туып алған соң ажырасып кетем деп ойлап едім»: шымкенттік келіншек қателігін айтты

0
7 304

​Тұрмысқа шыққалы жүрген қыз-келіншектерге ой саларлық оқиға.


«Туып алған соң ажырасып кетем деп ойлап едім»: шымкенттік келіншек қателігін айтты

Фото: www.factinate.com

Қыз 25 жастан асқан соң айналасындағы жанашыр адамдар «Жалғыз қалып кетесің. Ұнатып жүрген жігітің болса, биылдан қалмай кет. Арақ ішпесе болды, жұмыс табылады. Кемшіліктерін өзің жөндеп аласың» деп асықтырады. Ал қыздың жасы 35-тен асқаннан кейін «Ішсе не бопты? Туып алуды ойласайшы, ары қарай көрерсің...» дейтіндер көбейеді.

Бұл бұрыннан келе жатқан, жалғаса беретін заңдылық. Дегенмен, тұрмысқа шығу керек деп, сезімсіз некелесуге де болмайды. Тек бала тууды ғана ойлап босаға аттау да дұрыс емес.


«Мейлі ол сені сүйер, бірақ сен сүймесең өте қиын», - дейді шымкенттік Айсана есімді келіншек. Оның жасы 37-де. Тұрмысқа шыққанына бес ай бопты. Ойланбастан жігітке еріп кете барғанына өкінеді. Ал енді ажырасып кетейін десе, жуас күйеуінің өміріне таңба басып алудан, тағдырын бүлдіремін бе деп қорқады.


Айсана қателігі туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Кезінде жақсы жігіттер болды. Бірақ әрқайсысынан әр түрлі мін іздеп, отбасылы болуды кейінге қалдыра бердім. Осы менің басты қателігім. Бірінші орында қыз бала өмірлік серік болар жақсы адамды табуға, танысуға әрекет етуі керек екен. Өйткені уақыт озған сайын таңдау азаяды, тіпті қалмайды да.

«Жас кезіңде сен таңдайсың, жасың 30-дан асқан соң сені таңдайды» деуші еді бір әріптесім. Расында да, жасым 30-ға келгенше мен көп жігіттің ұсынысынан бас тартсам, ал одан кейін менен кемшілік іздеп «Туа аласың ба?» деп сұрайтындар көбейді.

Шынымды айтсам, мен туу туралы мүлде ойламаппын. Сондықтан да «көк етікті кезікпей, көне етіктіні менсінбей» жүргенде жасымның 40-қа жақындап қалғанын білмей қалдым. Бұрын таныстырған адамдардан жігіттің «Үйі бар ма?», «Көлігі қандай?», «Табысы қанша?» деп сұрайтын мен енді «Денсаулығы жақсы ма? Ақыл-есі түзу ме?» деген сұрақты ғана қоятын болдым. Өйткені мен денсаулығы жақсы еркектен бала туып алуды ғана ойладым. Ары қарай не болса сол болсын дедім.

Тіпті айналамдағы келіншектер «Тұрмысқа шығып, некелі түрде жүкті бол. Содан соң ажырасып кетесің бе өзің біл. Кім ажыраспай жатыр, ол бақытсыздық емес. Өмір бойы перзентсіз өту – бақытсыздық. Уақыт сені күтпейді» деп ойландырып қойды.

Осындай сөздер толассыз жан-жағыңнан айтыла берсе, зомби сияқты не істеп, не қойғаныңды білмей қалады екенсің. Әйтпесе үш жылдан бері сөйлесіп жүрген жігітім де бар еді. Ол үйленуге асықпаған соң, екі рет-ақ көрген жігітке келісім бере салдым.

Онымен кездейсоқ танысып қалдым. Ешнәрсесі, үйі де, көлік пен көркі де жоқ. Жоғары білім де алмаған, бірақ әр түрлі жұмыстар істеп өзін-өзі асырап жүр екен. Үшінші кездесуде ұсыныс жасады. Алдағы өмірімді ойлап жатпай-ақ келісе салдым.

Беташар өтті. Барлық жөн-жоралы жасалып, тіпті құдалық тойды да ата-анасы бір айдың ішінде өткізіп жіберді. Бір айға дейін мен түс көріп жатқандай болдым. Сосын ғана есімді жинап, «Мен неге бұл үйде жүрмін? Шынымен тұрмысқа шыққанмын ба? Не үшін?» деп ойлана бастадым. Күйеуіме қараймын да «Не үшін келістім?» деймін өз-өзіме. Маңызды сәтте ойланбай қадам жасағаныма өкінем. Әлде тағдырдан бұйрық келгенде, адам осылай қалай тұрмысқа шығып кеткенін білмей қала ма екен?..

Жұмысымыз қалада болғандықтан, пәтер жалдап екеуміз тұрып жатырмыз. Оны сүймеймін, сүйе алмай жүрмін. Менің көңілсіздігімді байқаған ол «Ішпесем, ұрмасам, түнделетіп қыдырмасам, не үшін көңілің толмай жүр? Жексенбі күні қалағаныңша демалуға да рұқсат беріп жатырмын. Жұмысыма барып жүрмін. Саған одан артық не керек?» деді. Сөз таппадым.

Рас, жайлы, мінезі салмақты. Бірақ әйтеуір ұнамайды. Сезім жоқ менде. Бірақ бұл сөздерімді іште сақтап қалдым. Өйткені оны ренжіткім келмейді. Одан ешқандай жамандық көріп жатқан жоқпын. Алайда бәрібір ұната алмай жүрмін.

Қазір екіқабатпын. «Екіге айрылысайық» десем, күйеуім ұрыс-керіссіз мені тастап, өз жолымен кететінін білем. Бірақ оның өмірі не болады? Ажырасқан деген атты арқалап кете бере ме? Арым жібермейді. Арамдықпен, қулық-сұмдықпен ойы жоқ жігіт екінші рет үйлене де алмай қалса ше?

Осындай сұрақтармен өзімді-өзім жегідей жеп жүрмін. Оны жақсы көрмеймін, тек жаным ашиды. Өзімді қинап бірге тұра берейін десем, бұған өзімді көндіре алмай жүрмін. Сезімсіз тұрмысқа шықпау керек екен...»


Айсана ойсыз тұрмысқа шыға салғанына өкінеді. Мұңсыз ажыраса салудан қорқады. Қымбатты оқырман, оның орнында болсаңыз, не істер едіңіз?


Ұқсас оқиғалар:


«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді

«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты