​«Ұлдарым бет көріспейді»: Алматылық әйел ағайынның арасына сызат түскенін келінінен көреді

0
2 002

«Сол келін түскелі елмен барыс-келіс жасаудан да қалдым» дейді ол.


​«Ұлдарым бет көріспейді»: Алматылық әйел ағайынның арасына сызат түскенін келінінен көреді

«Ағайын тату болса - ат көп, абысын тату болса - ас көп». Бірақ бұл мәтел бүгінгі кейіпкеріміздің жағдайында тонын айналдырып киген тәрізді. Себебі, абысындар тату болған сайын ағайындардың арасы ажырап кетіпті.

59 жастағы алматылық Масиха есімді әйел мұның себебін қазіргі қаптап кеткен желілік маркетингтік ұйымдардан көреді. Кіші келінінің сондай ұйымдарға үйір болп, енді ағайынды үшеуді араласпайтындай етіп жібергенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Алдыңғы екі келінім үшіншісі түскенше жайбарақат, өз жұмыстарын жасап жүрген. Кіші келін түскенде оның айтқан әңгімесіне ұйып қалған екеуі табан астынан өзгеріп шыға келді. Бастапқыда мән бере қоймадым. Ағайын-тус жиналғанда өзінің айналасына әйелдің бәрін жинап алатын кіші келінді жұрттың бәрі мақтап жүрді. Бірақ жыл болмай сол келін үшін жиынға барудан ұялатын жағдайға жетемін деп ойламаппын, - дейді Масиха.


Айтуынша, бар мәселе кіші келіннің соңынан келген киім-кешектен басталған. Қымбат киімнен бөлек, жас келіннің жасауымен бірге танымал брендтің косметикасы, ыдысы мен керек-жарағы түгелдей келген көрінеді. Оған қызыққан үлкен екі келіні қанша тұратынын енесіне жарыса түсіндіріп беріпті.

Әйел деген дүние десе өзін жоғалтады емес пе? Қазіргі көп алаяқтар да соны пайдаланады. Әр жерге ақша құйып, болмайтын заттың атына бола алданып қап жүргендер әйелдің дүниеқұмарлығын оятып алады бірінші. Менің кіші келінім де де сондай бір ұйымның шырмауында екен. Үлкен екі келіннің қызыққанын біліп алған ол ә дегеннен баурап алды. Сыйлыққа беріп, қарызға ақша да ұсынып, екеуін де кіргізіп алады ғой соған. Әйтеуір, үшеуінің басы жиі қосылып, жарқын күліп, әйтеуір тамаша боп жүрген.

Көпке ұзамады, алдымен ортаншы келін жақтан шу шықты. Бұл кезде кіші келіннің түскеніне жарты жылға жуықтап қалған. Әлгі компанияға кірген соң саудасы жүрмеген бе, не керек, әжептеуір ақша қарыз боп қалған. Оның тауары да оңай тұрмаса керек. Жетпеген жағын кіші келіннің әпкесі қосқан ба? Әйтеуір, ортаншы ұлдың үйінде ұрыс болып, әншейінде емен-жарқын жүрген келіндердің арасы суи бастады. Одан кейін үлкен келін екеуі тағы сол ақшаға бола ұрысып қалды. Бәрін көріп-бақылап отырмын. Араласайын десем, онысын түсінбеймін. «Бала емессіз, кірген кезде бәрін білдіңіз ғой?!» деген кішісі шапылдап бара жатқан соң «әй!» деуге тура келді. Қысқасы, үшеуінің арасына ақшамен әлгі желілік маркетинг деген түсіп, бір-бірін көрместей етті, - деп мұңайды алпысқа таяған шағында келіндерінің арқасында қолын жылы суға малып отырамын ба деп үміттенген ана.


Содан кейін Масиханың үш ұлы да бір дастархан басында отыра алмайтын болған. Әйелдерінің арасындағы араздықдың салқыны оларға да тиіпті. Бұрынғыдай бірге басқосуға да құлықсыз, бір-бірінің үйііне қонаққа да бармайтын болған.

Ол мейлі ғой, кіші келін тек абысындарын ғана емес, ағайын келіндердің біразын «қарызға кіргізіп» жіберіпті әлгі компаниясына. Оны бір асқа барғанда абысын-ажынна естіп, жердің астымен қайтқандай болдым. «Ойпыр-ай, келінің тегі пысық екен. Өзі қарызға ақша беріп жаздыртып беріпті. Енді отыр, не сата алмай, не қарызын қайтар алмай. Оны да қолдан келген адам істейді ғой?! Келе салып жалмаңдап онысы несі?» дегенде айтар уәжім болмады.

Бір адуындау бір апамыз жақында үйге келіп келіннің шашын жұлардай боп кетті. Кіре салысымен келінге тап бергенде өзім түсінбедім. Бір сөмке тауарын лақтырып тастап «Екінші біздің келәннің қасынан көрсем, оңдырмаймын. Ақшаңды осыны сатып орнына қойып ал! Ағайынның арасына іріткі салар болсаң елден аластап жіберемін!», - деп тепсінгенде аман-саулық сұрауға да үлгермей қалдым.

Содан кейін белгілі болды ғой. Келінде неғылған көп ақша десем, ұлымның атынан соған бола екі миллион теңгені несиеге алдыртыпты банктен. Сосын әркімді қарыз беріп әлгі компаниясына кіргізе берген... Өзінің атында да төлемей жүрген екі несиесі бар екенін білдік. Шынымды айтсам, бәрін білгенімде ұлым мен келінім ажырасып кетуге шақ қалды, - дейді Масиха.


Өзі әлі зейнетке шығып та үлгермеген ана ұлы үшін келінінің бар қарызын өтеп, несиесін жауып та беріпті. Басқа жұмысқа да тұрғызып бергенін айтады ол. Бірақ желілік маркетингтен әлі де қол үзбеген келіні тағы да қарызға батырып, ағайын-туысының алдында ұятқа қалдыра ма деген уайымы барын да жасырмады.

Жаман демеймін, бірақ оны да есебін тапқан, қолынан келген адам істейді емес пе?! Аздан бастап, ешкімге зиянын тигізбей істесе, болмайды емес, пайдасын көрер. Бірақ пайда табамын деп жаппай қарызға тауар алып, ағайынның арасына араздық салған жақсылыққа апармас, - деген ана басқаларға да осы оқиғасы сабақ болса екен дейді.