​«Үш баласын тастап өзгемен кетті»: қызылордалық бойжеткен із-түссіз кеткен жеңгесін іздейді

0
2 310

«Кейін естідік, туған анасы жеңгемнің көңілдесінің қолынан қаза тауыпты... Үш ұлын бір рет те іздеп келмеді...»


​«Үш баласын тастап өзгемен кетті»: қызылордалық бойжеткен із-түссіз кеткен жеңгесін іздейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Шаңырақтың шаттыққа толып, берекеге бөленуі көбіне әйелге байланысты екен ғой. Әйел қаласа айналасын гүлдендіреді, түлен түртсе күлін көкке ұшырады екен. Оны мен туған жеңгеме қарап айтып отырмын», - дейді қызылордалық Жадыра есімді бойжеткен.


ERNUR.KZ тілшісіне айтуынша, осыдан үш жыл бұрын жеңгесі ойламаған жерден отбасын тастап, төркініне кетіп қалған екен.


«Ағам жиырма алты жасында өзінің сүйген қызына үйленді. Отбасымызда ағам және мен. «Ағаң келіншек әкелейін деп жатыр» деген хабарды естігенде өзім ерекше қуандым. Ол кезде мектеп оқимын, баламын ғой. Жеңгемді үйге әкелгенше тағатсыздана күттім. Күні-түні жеңгемнің қасында жүретінімді көз алдыма елестетіп, ойға беріліп ұйықтап кететін едім.


Армандаған күн де жетті. Ақ босағаны аттап жеңгем отбасымызға құт болып қонды. Үлбіреген жүзін көргенде қуанышым қойныма сыймады. Асты-үстіне түсіп анам жүр, «жеңгелеп» мен қасынан шықпаймын. Ағам да сыртқа білдірмесе де іштей көңілі марқайып жүрген сыңайлы.


Сыныптас құрбыларыма жеңгемнің қылықтарын үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Ағам жұмысында, жеңгем үйде. Осылайша, өмір өте берді. Дүниеге үш бірдей ұл бала келді. Олар отбасымыздың берекесін арттырғандай. Балаларының алды тілі шығып, ержете бастады. Мен де оқуымды аяқтап, студент атандым. Ата-анам ауылда, ағамның отбасымен тұрып жатты.


Бірінші курсты аяқтап, үйге келгенде анамның жүзінен бір кірбіңді байқап, секем алып қалдым. Осы каникул кезінде біраз сырға қанық болып қалғандаймын. Мен армандаған, мен көрген жеңгем мүлде өзгерген. Өзгерткен өмір ме әлде баршылық па? Отбасымызға жетерлік табыс көзі бар. Анам да, әкем де зейнетақы алады, ағам жұмыс істейді. Сонымен қатар ата-анам есік алдынан дүкен ашып қойған. Жеңгем ешқашан ештемеден таршылық көрген емес. Не ішем, не кием демейді. Ағам және туысқандар тарапынан да жеңгеме деген жақсы көңіл, ерекше ілтипат жетерлік. Бірақ анам жеңгем жайлы ешқандай жаман сөз айтпады. «Шаршап жүрген болар» деп қысқа қайырды.


Осылайша, мен оқуыма кеттім. Келесі жылғы жазғы демалысымда қалада жұмыс істемекші ойым болған, бірақ жоспарымды анам бұзды. «Үйге кел, жеңгеңе, іс-шаруаға болыс» деді. Анамның сөзін екі етпей аулыға келдім. Жеңгем бұрынғыдай бізбен сырласып сөйлеспейді, қашан көрсең қабағы қатулы. Үнемі бірдеңеге ашуланып жүреді. Соңғы кезде төркіншіл де болып алды, күнара әрдеңені сылтауратып, көрші ауылға тартып отырады. Күні-түні телефон құлағынан түспейді. Арасында бөлмесінен шықпай киносын көріп, балалары жыласа ұрып-соғып, айқайлай жөнеледі. Құдды жеңгемді біреу басқа адаммен айырбастап қойғандай. Біртүрлі болдым.


Бір күні көрші ауылда тұратын анасы «қызыма күн көрсетпей жатыр» деп ауылдық полиция қызметкерімен келіп, қызын алып кетті. «Балаларыңды өздерің асыраңдар» деп бауырларымды бізге тастап кетті. Не болғанын ұқпай, улап-шулап біз қалдық қалдық. «Сен бірдеңе бүлдірген шығарсың» деп анам мен әкем ағамды тергеудің астына алды. Ағам көп сөйлей бермейтін, мінезі біртоға, өз жұмысын істеп, отбасын ойлап жүретін азамат еді. «Құдай ұрсын, бетіне қарсы келмегенмін. Не болғанын өзім де ұқпай отырмын» деп ант-су ішті. Жеңгемнің бұл қылығына бүкіл ауыл аң-таң болды.


«Абыройымызды төгіп, бекерден бекерге кетті» деп ата-анам артынан бармады. Ағам да «керегі жоқ» деп, ашумен қолын бір сілтеді. Түбінде олар ажырасып тынды. Үш баланы алып кетіп еді, бір жылға жетпей әкеп тастады. Жеңгеме не жетпегенін сол күйі біле алмадық. Ешқашан ағам екеуінің ұрысып, жанжалдасқанын көрген емеспіз. Не ойы барын кім білсін, әлде шешесінің ойлаған бір ойы болды ма, ұқпадық.


Сол уақыттан бері талай жыл өтті. Үш бала біздің қарауымызда. Қаншама мейірім төксек те ес біліп қалған балалар емес пе, аналарын сұрап қояды. Анама бұл ауыр тиеді, көзіне жас толып, жылап қалады. Ағам үш балаға қарайлап қалды, үйленетін ойы да жоқ.


Таяуда жеңгемнің анасы қайтыс болыпты деп естідік. Жеңгемннің бізге ештеңе түсіндірмей кетіп қалуы тегін емес екен. Төркініне барып-келіп жүріп бішр жігітпен танысып, екеуі кездесіп жүріпті. Сол жігіт бір күні ішіп келіп, үйлерінде ұрыс шығып, жеңгемнің анасын пышақтап кетіпті. Құдағи тіл тартпай, дәл сол жерде қаза тауыпты. Үйіндегі інісінің әйелі, яғни келіні жеңгемізді сыйдырмаған-ау, қалаға кетіп, содан із-түссіз жоқ болған дейді. Бауырлары де әбден іздеп, еш дерегін таппапты.


Балалар қазір мектепте оқиды, ағам сол күйі үйленген жоқ. «Барға қанағат тұтпасаң, Алланың қаһарына ұшырайсың" деген осы болар деп ойлаймын. Таң қалатыным, осы уақытқа дейін жеңгеміз балаларын бір рет іздеп келмеді. Жанымызға бататыны - үш сәбидің тірі жетім атанғаны.


Осы оқиғаны жеңгем оқыса, жер бетінде тірі жүрсе, онда бір келіп, балаларын бауырына басса деймін. Себебі аналарын әлі ұмытқан жоқ. Суретіне қарап, іздеп отырады. Ағам екеуі қайта татуласпаса да, балалар үшін анда-санда келіп кетуіне болар еді...»