«Үш рет үйлендім»: түркістандық азамат себебін түсіндірді

0
2 334

"​Жары қайтыс болғандар осындай әйелдерге алданып қалмаса деймін. Ал әйелі тірі еркектер қосағының қадірін білсе екен..."


«Үш рет үйлендім»: түркістандық азамат себебін түсіндірді

Фото: scale_1200.webp

«Біреудің қатесі – біреуге сабақ қой. Басымнан өткен оқиғалар жастарға сабақ болса екен деймін», - деп бастады әңгімесін редакцияға қоңырау шалған түркістандық Намазбай есімді азамат.

Орта жастан асқанда оның құдай қосқан қосағы дүниеден озыпты. Кәмелет жасқа толмаған ұлдары мен қызы анашым деп боздап қала берген. Әлі елуге де толмаған ер-азамат алғашқыда есеңгіреп қалған. Кейін есін жиып, тіршілігін жалғастырған.



Ол қайғы құшып қалған соң өмірінің ары қарай қалай өрбігенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Әйелімнен айрылып қалған соң балаларымды жетілдіруді ойлап, орнымнан тұрдым. Жұбайымның жылдық асынан кейін бой жетіп қалған қызымды өз теңіне қазақтың салт-дәстүрімен ұзаттым. Үйелмелі-сүйелмелі екі бала әпшесі тұрмысқа шыққанда бірі алтыншы, бірі үшінші сынып оқитын. Қызым барда балалар анасы болмаса да әпшесінен өздеріне жетпейтін аналық мейірімді алғандай болып жүрген екен. Олардың жәутеңдеген бәйкүнә көзқарастары жүрегімді ауыртты. Ең болмағанда жұбаныш болатын әжесінің болмағанын қарашы...

Ұлдарыма ана орнына ана, әке орнына әке болдым. Анасы бар балалардан кем болмасын деп күнделікті тамағын дайындап қарнын тойғызып, киімін жуып, қас-қабағына қарап бағам. Бірақ қанша жерден асты-үстіне түсіп өбектесем де ананың орнын басу мүмкін болмады.

Ағайын-туыстар «басың жас қой, мына балаларға бас-көз болатын біреуді тапсайшы» деп жанашырлық танытты. Осындай үмітпен күйеуінен ажырасқан шардаралық бір келіншекке үйлендім. Бірақ, менің әнші әйеліме баладан гөрі дала керек екенін кейіннен көз жеткіздім. Әрине, оны да түсінуге болады, тәп-тәуір өнері бар ол бұрын той-жиындарда елдің алақанында жүріп, соған үйренген. Мүмкіндік болса айна алдында боянып, өзін күтіп, оңаша отырғанды тәуір көреді.

Бір күні жатын бөлмеге кішкентай балам келіп, есіктен сығалып тұрған еді, оны жақтырмаған әйелім бар жайыңа жат деп қабағын шытты. Ұлымның менің қойныма жатқысы келіп тұрғанын ішім сезіп тұрсам да үндей алмадым. Әйелімнің сөзі менің жарымжан жаныма қатты тиіп, жүрегіме қанжар сұғып алғандай болды. Бірақ менде үн жоқ. Тілім қысқа, өйткені оны алып-қашқанмын.

Онымен алғаш кездесіп тілдескенде-ақ көңілі тым биік екенін сезгенмін. Бірақ оның жеңгесімен менің қайын бикем өзара келісіп, кафеге шай ішуге барамыз деп жеңіл көлікке алдап мінгізіп алып қашқанбыз. Жолда оның көнбейтінін сезіп көлікті тоқтатып, райдан қайтқанымды оларға ескертсем де сөзіме құлақ салмады.

Бір айдан соң ажырастық. Енді үйленбеймін деп ойлағанмын. Онсыз да жәутеңдеп жүрген ұлдарымды үйленіп өгей шешеге одан бетер сағын сындырмайын деп шештім. Алайда арада біраз уақыт өткенде тәшкенттік, бір ұлы бар келіншекпен таныстым. Ол кезде екі ұлым да ер жетіп, Нұр-Сұлтан қаласында құрылыста жұмыс істеп жүрген еді. Олар тапқан-таянғандарын жинап, жеті бөлмелі үйдің іргетасын құйып, әне-міне дегенше қабырғасын көтеріп, төбесін жауып алды. Ал мен ташкенттік келіншектің ұлын өз ұлдарымнан кем етепйін деп, өзіміз тұрып жатқан времянканы соның атына жазып бердім. Мен ол әйелмен өмірімінң соңына дейін болам деп ойлаған едім. Бірақ көп ұзамай белімнен «омыртқа жарығы» болып, екі аптадай ауруханаға жатып қалғанымда кетіп қалды.

Адамның кім екенін басыңа іс түскенде біледі екенсің. Бұған дейін бетіме келіп көрмеген келіншегім ауырып төсек тартып жатып қалғанда жылы сөзімен жаныма демеу болудың орнына «саған қайдан жолықтым, маңдайымның соры бес елі екен» деп зарлаумен болды. Бір ай қарады. Менде еш өзгеріс жоқ. Енді аяқтан тұрып жүріп кете алмайды деп ойлады ма, төсек тартып жатқаныма қарамай киім-кешегін жиыстырып кетіп қалды.

Астанада құрылыста істеп жатқан кіші ұлым келіп қарады. Үш айдан соң жүре бастадым. Ұлдарымның мейіріміне іштей сүйсініп, осы күніме шүкіршілік етемін. Бала кезде ана мейіріміне тоймаған еркетайым мені көрсе сирағы сорайып еркелеп қасыма келіп жатады. Бұл мен үшін үлкен бақыт!

Сондай сәтте екі көзі жәудіреп есік артында сығалап, менің қасыма жатқысы келіп тұратын бала кезі есіме түседі. Сонда деймін-ау, қай-қайдағы сырттан келген қатынның қас-қабағына қарап, бәйкүнә баланы әкенің мейірімінен де айыра жаздаппын-ау, ә? Сондағы дәрменсіздігім есіме түсіп, баланың жәудіреген көздері көз алдыма елестесе әлі күнге дейін көзіме жас іркіліп, оны балама көрсетпеуге тырысамын.

Қазір барлық қиыншылықтар артта қалды. Әйтсе де, адам қанша жерден қарны тоқ, көйлегі көк болса да мейірім мен махаббат жетіспесе, өзін толыққанды сезіне алмайды екен-ау. Ұлдарымның анасындай жан қайда деп кейде мұңға батам. Екі көзім мен бір қызғалдағымның анасы қайтыс болмағанда осы қиыншылықтарды бастан кешпес пе едім.

Мейлі, өмір ғой бұл, өтті-кетті. Егер бұл оқиғалар басымнан өтпегенде, мен әйелдердің арасында жүрегі мұз боп қатып қалған қатыгездері, тек даланы ғана аңсайтын дала кезбелері мен тек өзінің қара басының қамын ойлайтын, өзге жанға қабырғасы қайыспайтын жандардың бар екенін білмес едім. Осындай әйелдерге мен сияқты жары қайтыс болғандар алданып қалмаса деймін. Ал әйелі тірі еркектер құдай қосқан қосағының қадірін білсе екен...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім тойға бармайды»: шымкенттік әйел не үшін ажырасайын деп жүргенін айтты


«Сол күнгі түнді видеоға түсіріп алып, қорқытып жүр»: қызылордалық азаматтың басы пәлеге қалды