​«Үш ұлының да өзгеден екенін көтере алмаған»: алматылық әйел жездесінің қазасының себебін айтты

0
4 234

«12 жыл бойы бала сүйе алмаған еді»


​«Үш ұлының да өзгеден екенін көтере алмаған»: алматылық әйел жездесінің қазасының себебін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйел күйеуін ондаған жылдар бойы алдап жүрсе, еркектің көзге шөп салғаны «айналайын» боп қалады екен ғой. Үш баласының бөтен біреуден екенін жасырған әпкемді енді Алла есіркесін...», - дейді Лаура есімді келіншек.


Аталас әпкесі он екі жыл бала сүйе алмай, ақырында жылма-жыл үш бала босанған. Туыстарының басынан өткен жағдайды Лаура ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Кешегі бейсенбі күні ауылға бардық. Бір ай ішінде біраз кісі бақилық болған екен. Балаларды бақшаға тастадық та, сол мүмкіндікті пайдаланып өлген-жеткенді аралап шықтық. Анамыз «ауылдағы жездең де кеше түнде өмірден өтті, сендерге хабар берейін дедім де, бейуақыт болып қалған соң телефон соқпадым. Бүгін келетіндеріңді білген соң уайымдамасын дедім. Сағат үште жаназасы. Бейшара күйеу бала жүрек талмасынан кетті. Тым жақсы жігіт еді» деп қаралы хабарды жеткізді.


Расында да Н. жездем өте жақсы адам еді. Әлі есімде, бес жасар баламын. Әке-шешем жиі ұрысып қала берген соң атам мен апам бізді ауылдан қалаға көшіріп әкелді. Ауылға келсе әкемнің қаладағы қыдырысы тоқтайды деп ойласа керек. Бізге Н. жездем мен А. әпкеммен көрші тұрған үйді сатып әперген.


Ол кезде табиғи газ жоқ, үйге енді көшіп келген кезіміз. Ошаққа, түтінге ысталып піскен тамақты тыжырынып жемеймін ғой. Иісі жаман деп. Сонда жездем мен әпкем мені үйіне алып кетіп, газына шай қойып, бар дәмдіні аузыма тосып еді. «Айкотай, қандай тамақ жегің келеді, айтшы» деп жездем бәйек болған. «Ыстық-ыстық шашлык жегім келеді» деппін ғой. Менің сөзім жездеміз үшін заң еді, дереу етін дайындап, ептеп-септеп кәуабын алдыма әкелген.


Жездем мен әпкеммен көздей көрші болдық. Мені алақандарына салып өсірді. Себебі өздері көпке дейін бала сүйе алмады. Екеуінің бармаған жері, баспаған тауы қалмаған-тұғын. «Жеңеше, бүгін ауылға зікіршілер келе жатыр екен. Бір өзім баруға қорқып тұрмын, бірге барып көрейікші. Маған шарапаты тиіп қалса әжеп емес» деп мамамды жанынан тастамайтын.


Біз олармен он жылдай көрші тұрдық. Кейін мен қалаға оқуға түсетін болдым да, ата-анам қарашаңыраққа көшіп барды. Бәріміз бір ауылдамыз ғой, демалыс сайын әпкем мен жездемнің үйіне соғып, жағдайларын біліп тұрушы едім. Бір жолы анамнан әпкемнің аяғы ауыр екенін естідім. Әпкем босанған кезде біз тұрған көшенің адамдары бір апта тойлатыпты. «Он екі жылдан соң ұлды болды, сүйінші!» деп анам да шын қуанып еді.


Өмірге Қуаныш деген ұл келді. Жездемнің баласы дегенде шығарға жаны бөлек еді. Бір елі жанынан тастамай, жөргегін өзі ауыстырып, киімін өзі жуып жүріп өсірді. Арада екі жыл өткенде әпкем тағы да жүкті болып, артынша егіз ұл тапты. «Құдай берем десе бір сәтте. Пәлен жыл жылап-еңіреп, бір тырнаққа зар болып еді, міне, енді егіздетіп бере салды» деп ауыл тағы да шулады.


Кейін өзім тұрмысқа шығып кеттім де, төркінге баруды сиреттім. Әпке-жездеммен де байланысымыз үзілді. Тек ағайындардың той-томалағында ғана кездесіп жүретінбіз. Елпілдеп қалған жездемнің аяқ астынан бақилық болғаны жанымды күйзелтіп, баяғы балалық шағымды есіме түсірді.


...Жаназаға адам өте көп жиналды. Бірақ жездемнің сүйегін шығарарда әйелдер арасында айқай-шу шығып, үйдің іші әп-сәтте азан-қазан боп кетті. Кейін сұрастырсам, бәленің бәрі әпкемнің жездемді осы уаққа дейін алдап келгенінен шығыпты ғой.


Қысқасы, А. әпкем он екі жыл құрсақ көтере алмай, талай жерді аралады дедім ғой. Сондай бір сапарда көрші ауданда тұратын тәуіп кісімен шатысыпты. «Ем алып жүрмін» деп әлгі тәуіпке барғыштап жүріп, ақырында аяғы ауырлаған. Болары болып, бояуы сіңген соң шегінерге жол жоқ, баланы өмірге әкеліп, Н. жездемнен бәрін жасырып қалған. Кейінгі егіз бала да әлгі тәуіптен болып шығыпты.


Әпкемнің бұл өтірігі үлкен ұлы Қуаныш үйленерде жария болған. Баяғы тәуіп еркек қартайған шағында үш баласын іздеп, ауылға келеді. «Емделмейтін ауруға шалдықтым. Көзімнің тірісінде балаларды көріп, бауырларымен табыстырғым келеді» деп әпкеме сырын ақтарып отырғанда жездем жұмысынан келіп қалып, екеуінің бірнеше жылғы құпиясы әшкере болыпты. Әйелінің опасыздығын көтере алмай, жездем инсульт алып, ауруханаға түсіпті. Бір ай төсек тартып жатып, ақыры о дүниеге кете барыпты.


Жаназадағы ұрысты әпкемнің зарлы үні тоқтатып тастады. «Құдай-ай, Құдай! Осынша жыл ішіме шемен болып қатқан сырымды ары қарай неге сақтай бермедің?! Талай жыл зарыға күткен балаларымды енді менен алыстатып, сүйген жарымнан айырғанда не опа таптың?! Мен бұл қадамға еріккеннен, жетіскеннен барып па едім? Күйеуімнің бала туғызуға шамасы келмесе, менің басқа қандай амалым болды? Неге мені ешкім түсінбейді?» деп еңірегенде біраз адам әпкеме есіркей қарады. Құдай мұндайды ешкімнің басына бермесін...»