​«Жалғызым жалғызсыратып отыр»: ұлы мен келінінен көңілі қалған ана өзін асырап алатын адам іздейді

0
2 260

«Тамақ та, киім де әпермейді»


​«Жалғызым жалғызсыратып отыр»: ұлы мен келінінен көңілі қалған ана өзін асырап алатын адам іздейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Жас кезде менен бақытты жан жоқ болатын. Алла жолдасым екеумізге шекесі торсықтай, сүп-сүйкімді ұл берді. Соның қызығына тоймай, уақыттың қалай өтіп жатқанын байқамайтынбыз. алдағы өмірімнің бәрі осылай шаттықпен, қуанышпен өтеді деп ойлайтынмын. солай болар ма еді, егер кенеттен жолдасым өмірден өтпесе...»


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан 67 жастағы Нағима апа осылай деп сөзін бастады. Жалғыз ұлы жалғызсыратып жүрген ана басынан өткен оқиғаны бүкпесіз баяндап берді.


«Баламыз үш жасқа толғанда күйеуім кенеттен қаза тапты. Балықтан уланып қалған. Үйде жалғыз өзі болған, көмек көрсетер ешкім жоқ, аузынан көбігі ағып, жедел жәрдем келгенше үзіліп кете барыпты. Айналып келгенде ажал ғой, туралап келген де. Амал жоқ, жалғыз ұлымды құшақтап, соңында қала бердім.


Өзім сонда небәрі 28 жастамын, айналамдағы адамдар «қашанғы жалғыз жүресің, күйеуге тисейші» деп талай мәрте ақыл айтты. Бірақ мен баламды біреудің қолына қаратпаймын, өгей әкенің түртпектеуін көрмесін деп жалғыздыққа көндіктім. «Құдай басыма осындай тағдыр берген екен, балалы бола алмай жүрген адам көп қой, осыған да тәуба» деп күн кештім. Аллаға шүкір, біз дүниеден кенде болмадық. Күйеуім бас есепші болып тұрған шақта жер алып, үй салып қойған. Одан бөлек қала орталығында екі бөлмелі пәтеріміз болды. Өзім зауытта істеймін. Баламды қатарынан кем етпеу үшін екі ауысымға шығып тұрып, бел жазбай еңбек еттім. Бірақ соным дұрыс болмапты. Әкесі де, шешесі де менмін ғой деп аузынан шыққанды әперіп, әбден еркелетіп жіберіппін. Қазір сол өзіме таяқ болып тиіп жатыр.


Балам мектептен кейін колледжге оқуға түсті. Оны бітіре сала «үйленемін, сүйген қызым бар» деп тұрып алды. Сұрастырсам үйленетін қызы баламнан екі жас үлкен екен. «Балам, асықпа, алдымен жұмысқа орналасып, аяқтанып ал. Үйлену деген қашпайды, оның үстіне алатын қызың өзіңнен үлкен екен. Ертең қартайғанда үлкендігі қатты білінеді, менің ақылымды тыңда» деп қанша рет айттым. Тыңдамады. Сосын «үйленсе үйленсін, немере сүйіп, келін жұмсап отырайын» деп келісімімді бердім.


Бастапқыда бәрі жақсы болатын. Жас қой, екеуінің сезімделі алып-ұшып тұр, уақыттарын бірге өткізсін, ерте оятпайын деп бар тірлікті өзім істеп жүрдім. Бірақ менің бұл жанашырлығымды келін басқаша қабылдаған екен. Үй тірлігіне мүлдем ебі жоқ, тіпті көжені де істей алмайтын болып шықты. Тек дайынды ішіп, тазаны киіп жүруге құмар.


Біздің арамыздағы түсінбестік осындай тұрмыстық кикілжіңдерден туындады. Бірнеше мәрте «келін деген ененің қолындағы тірлікті алып, үйдің шаруасын дөңгелетіп отыруы керек» деп едім, басым бәлеге қалған. Кешкісін жұмыстан келген баламды маған қарсы айдап салатын болды. Жар дегенде жалғыз ұлым «Мама, әйелім бәрін өзі біледі. Уақыты келгенде істейді. Оған қарсы сөйлемеңіз. Бір үйдің тірлігіне бола неге ұрыса бересіздер?!» деп маған дауыс көтеретін болды.


Алғашында балалы болса өзі-ақ тірлігіне пысық болар деп үндемейтінмін. Бірақ жыл өткен сайын, баланың саны көбейген сайын оның тілі де өсе берді. Мені мүлдем сыйламайды. Адам деп есептемейді. Ал бұл күндері киімдерімді де жумайды. Тамақты да өздері ішіп-жеп болған соң, ең соңында береді. Немерелерім де шешесінің сөзін сөйлейді. Кішкентай күндерінде жақсы еді, мені айналшықтап шықпайтын. Ал қазір «апа, сен сасықсың ғой, мамам жолама деп айтты» деп қашып кетеді.


«Апа, бізге ақша керек болып жатыр. Бизнес бастайын деп едім, маған кредит керек еді» деп айналып-толғанып зейнетақымның есебінен кредит алып алған. Содан бері пенсиямды көрген емеспін, банк кредит есебінен ұстап қалады. Алтындарымды да «төркінімде той еді, апаратын тойанамыз жоқ, бере тұрыңыз, айлық алған соң әперемін» деп ломбардқа өткізген. Екі жыл болды, әлі әперген жоқ.


«Пенсиямды алып қойдыңдар, енді тым болмаса анда-санда көйлек әперсеңдерші» деп айтсам, «қайда барасыз оны киіп, тапқанымыз төрт баланың тамағынан артылмайды» деп ұрыс шығарып жібереді.


Қартайғанның күні құрысын, күнде бір жерің сыздап, сыр береді. Ондайда дәріханадан дәрі алатын ақша таппай қаламын. Сосын бір күні көршіден қарызға ақша алып, базардан қоян, шөже сатып алып, соларды асырап, сатуды бастадым. Содан түскен азын-аулақ табысты қажетіме жаратып отырмын.


Балам қалада автобус айдайды. Сол себепті таң атпай кетіп, үйге түнде бір-ақ оралады. Келсе әйелі миын жеп, мені жамандайды. Соның күйігіне шыдамай, ішкілікке үйір бола бастады. Қысқасы, олар мені адам деп есептеп отырған жоқ. Менің қадірімді білетін бала да, келін де, немере де жоқ. Осы жағдайды көріп, іштен күйіп отырған соң басым ауған жаққа безіп кеткім-ақ келеді. Кейде тіпті үйіміздің маңындағы пойыз жолға өз-өзімді тастап жіберсем деп оқталамын.


Былтыр «Қарттар үйіне» барып, сол жерге қоныстанғым келетінін айтқанмын. Сөйтсем ол жерге тек «пенсиясы» барларды ғана алады екен. Мен секілді кредиті барларды кіргізуге тыйым салыпты.


Өмірде ананың аялы алақанына зар боп жүрген мейрімді адамдар көп қой, бәлкім осы оқиғамды оқыса, мені асырап алатын адам табылар ма екен? Тіпті үйіне бала күтуші, тамақ пісіруші етіп алса да риза болар едім...»