​«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды

0
6 316

"Тұрмыстағы 16 жылымның 14 жылын тек өзімді кінәлаумен, төменшіктеумен, кім не десе сөзін көтерумен өтті" дейді ол...


​«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды

суреттердің мақалаға қатысы жоқ, көрнекілік үшін интернеттен алынды

Елордаға кеп тұрақтағанына 5 жыл болған Айман (есімі өзгертіліп алынды) кейбір адамдардың таяз түсінігіне өкпелі.

«Бұл менің сыйламағаным емес, бірақ осындай жайттардан қаншама шаңырақ шайқалып, қанша отбасынан береке кетіп жатыр» дейді ол өзі туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында.


21 жасында сүйген жігітіне тұрмысқа шыққан ол құрсақ көтере алмаған. Қаншама дәрігердің, емші-тәуіптің емдеуінен өткен Айманнан ешбірі кінәрат таба алмаса да, қосымша ем алып, «болып қалап, құдайдың құдіреті шексіз» деумен дәрумендер де ішіп келген.

- Тұрмыстағы 16 жылымның 14 жылын тек өзімді кінәлаумен, төменшіктеумен, кім не десе сөзін көтерумен өтті. Қайын әпке, қайынсіңлі мен енемнің сөзін...бәрін көтердім. Тек күйеуім ештеңе демесе болды деп бәріне шыдадым. Бірақ қорлықтың көкесі алда күтіп тұрғанын қайдан білейін?!, - дейді Айман өткенін күнін мұңмен еске алып.


Айтуына қарағанда, «сен бала тумағансың» деп оны қазақтың салты орындалатын жиындарға да қоспаған көрінеді.

- Бірде ағайынымыз келін түсірді. Қызметінде жүргенбіз. Басқа абысындарымның барлығы «дайындал, қазір «Беташарда» келіннің қолтығынан сүйейсің» деп мені дайындап қойған. Тағы бір келін екеуміз елдің алдында жас келінге қалай сәлем салу керегін көрсетіп, қолтығынан демеп тұруға дайын тұрдық. Бір кезде келін түсірген абысыным келді де, басқа келінді алып кетті. Біртүрлі боп қалғаным аздай, тағы бір адуынды апамыз «жас келіннің қолтығынан келгелі бала тапқан, көргенді келін сүйейді» деп салса болар ма?

Бүткіл елдің көзінде Жаратқанның бермегені үшін төмендетіп, таптағандай болғаны аяздай батты жаныма. Көпке дейін жиынға баруға жүрегім дауаламай жылап жүрдім. Бірақ менің осынша қорлық көргенімнің барлығы күйеуімнің кінәсі екенін кейін білдім ғой...


Айман күйеуінен күдіктенсе де «Құдайдың бермегенін тартып алмайсың, екеуміз аман болайық» деген оның сөзіне сеніп жүре берген. Дәрігерге баруды тек өзінің ғана міндеті санап келген ол еркектерде ондай проблема болатынын ойламапты да.

- Төсекте бәрі дұрыс, ешқандай мәселе болмайтын. Бірақ қанша тырыссақ та бала болмады. Қашанғы шыдайын, менің де жүйкем жұқарып «бала тумаған әйел» деп көзге шұқитындардың әрекетінен мезі бола бастадым. Оған да құлағына «сыбырлайтындардың» жеткілікті екенін сеземін. Кейде бала жайында әңгіме болса ашуланып кететінінен-ақ белгілі еді.

Шыдамның да шегі бар, бір күні енем тағы сөзімен қағыта бастады. Үйге қонаққа келген сайын бір тиісіп кететін әдеті, оған да үйренгенмін. Тоңазытқышта азық-түліктің аз екенін (екеумізге ғана жететін, басқасын ала беріп қайтемін?) көріп «бала болса осы тоңазытқыш толып тұрар еді» деп бастады. Одан соң «бір туатын әйелге жарымады балам» дегенге жеткенде, жарылдым. Өмірімде айтпағанымның барлығын жеткіздім сол күні. Менен ондайды күтпеді ме, енем үйден қашып кеткендей болды.

Ашуым сонда да басылмады, үйге келген күйеуіме бәрін ақтардым. «Дәрігерге барайық, болмаса асырап алайыққа» тоқтадық сол күні. Үмітпен өмір сүре бергеніміз дұрыс па еді деп ойлап қоямын осы кездері, - деп тағыдырын шешкен күнін есіне алды Айман.


Дәрігер Айманның күйеуіне өте сирек кездесетін диагноз қойыпты. Еркектерде болатын мұндай дертті Айманның өзі де бұрын-соңды естімеген көрінеді.

Күйеуімнің денсаулығын тексеріп, түбегейлі нәтижесін алғанша алты-жеті ай өтті арада. Үмітіміз зорайып, оны-мұны болса, емделген соң балалы боламыз дегенді ойлаған сайын көңіліміз көтеріліп, жоспар құрып тастадық. Үйді кеңейтіп, балалар бөлмесін жасаймыз деп қиялға ерік бердік.

Соңғы нүктені дәрігер қойды. Күйеуімнің бойында аталық ұрықты өлтіріп тастайтын антидене бар екен. Не керек, аутоиммундық ауру болып шықты. Одан емделу, бала сүюдің екіталай екенін де түсіндірді. Біз үшін сол жерде өмір біткендей еді...

Бірақ берілмедік. Жағдайдың бәрін салмақтап, өзімізге де, жұртқа да тыныш болатын шешім қабылдап, туған жерімізден көшіп кеттік. Қазір қолымда сіңлімнің қызы бар. Өзі бұрыннан мені сондай жақсы көретін. Мектеп жасына жеткенде сіңлім мен күйеу балам бізге еншіге берді. «Соңынан ерсе еріп жатар, болмаса осы қыз сенікі» деп әкеп тастады. Қазір астанада тұрамыз, қызымыз «әпке-жезде» деп атаса да, үйімізді шаттыққа бөлеп жүр, - деді Айман.


Оның айтуынша, адамның өмірін қиындатып жіберетін денсаулықтағы кінәрат, дене кемшілігі емес, айналадағы адамдардың көзқарасы, сөзі мен пікірі.

- Қазір біз бақыттымыз. Күнара кеп сөзімен жанымды жейтін енем, қонаққа жиі келетін қайын әпке-сіңлілердің бәрі алыста. Ағайынның той-жиынынан да аулақпын. Өміріміз тыныш та рахат. Ортамызда өсіп келе жатқан енші-қызымыз жанымызды жадыратып ақылды боп өсіп келеді. Ауылға жазда ғана барамыз. Сіңлімнің қызы екенін бәрі біледі. Жүзіміз жарқын болған соң ешкім бата алмай ма, әлде анда-санда бір келгенге тайсала ма, қазір ешкім ештеңе демейді, - деп аяқтады Айман әңгімесін.