​«Жатын бөлмемізге түйінделген жіп, кесемен су қояды»: жас келін енесінің түсініксіз әрекеттерінен қорқып жүр

0
3 184

"Күн сайын бір «жаңалық» шығарып жүр"


​«Жатын бөлмемізге түйінделген жіп, кесемен су қояды»: жас келін енесінің түсініксіз әрекеттерінен қорқып жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тәуіп, бақсы, балгер дегендерді естісем төбе шашым тік тұрады. Неге екенін білмеймін, солардан қатты қорқамын. Себебі кезінде жан құрбым бір балгерге барамын деп дуаланып, сол үйдегі жарымжан еркекке тиіп кеткен. Сосын төркін жағымнан да ешкім емші-тәуіптің алдына барып көрмеген. Ал енем керісінше, тәуіп тапқыш адам болып шықты. Әр ауылда, әр қалада бес-алты емшісі бар», - дейді шымкенттік жас келін.


Асылайым есімді оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне құрбысының басынан өткен жағдайды, енесінің әрекеттерін жіпке тізгендей етіп айтып берді.


«Бұл оқиға осыдан төрт жыл алдын болған. Зарина деген құрбым «көрші ауылда мықты балгер бар екен» деп мені өзімен қояр да қоймай ертіп апарды. Сондағысы қалаға оқуға кеткен жігітінің «жағдайын» білу еді. Бір жағынан құрбымның көңілін қимай, екінші жағынан «Шынымен де керемет емші ме екен?» деген қызығушылық пайда болды да, Заринамен еріп емшінің үйіне келдім.


Балгер апаның үйінде адам көп екен. Біз екі сағаттай отырып, кезегіміз келгенде әлгі апаның алдына кірдік. Емші алдына ақ матаны жайды да, кішкентай бір буылған түйіншекті алып, шеше бастады. Түйіншек ішінде бал ашатын тастары бар екен. Күбірлеп бірдене оқыды да, құмалақты ақ матаның үстіне шашып жіберді. Шашылған құмалаққа біраз қарап отырды да, қайта жинап алды. Сәл кідіріп, бір күрсініп алды да, «Жігітіңнің ойы екі түрлі болып тұр. Шамасы басқа біреуге көзі түсіп жүр-ау» деді. Мұндай сөзді естіген құрбым не істерге білмей, «енді не істеймін?» деп құмалақшыға қарады. Емші де осы сөзді күтіп отырғандай «оның амалы бар» деді. «Апа сол амалын жасап беріңізші» деп Зияда емшіге жалына бастады. Бір жағынан құрбымды аяғанмен, Зияданың мына қылығына ұялып кеттім.


Емші құрбыма ертең «шай, сабын, тұз, адыраспан әкел» деп тапсырма бастады. Шынымды айтсам, мен әлгі балгердің бірде бір сөзіне сенбедім. Шыққан соң Зариянаға да ойымды айтып едім, маған ренжіп, «Сенбесең ертең келмей-ақ қой, мен жігітімді өзіме қайтарып аламын» деп қоштасып, кетіп қалды.


Содан кейін Заринаны сирек көретін болдым. «Балгер апа ем толық біткенше көпшілікпен араласпа деп еді, сен маған ренжіме» деп телефонмен сөйлесуді де азайтты. Арада бір ай өткенде әпкем «Заринаң тұрмысқа шыққалы жатыр екен. Хабарың бар ма?» деп келді. Жігітін қайтарған екен ғой деп қатты қуанғам. Сөйтсем әлгі балгер оны өзінің үйінде малына қарап жүрген жарымжан, бір аяғын сылтып басатын, өзінен әлдеқайда үлкен інісіне «айналдырып» алыпты.


Заринаның анасы үйге келіп, «Подружкаңмен сөйлесіп көрші, есі ауысып қалғандай қайдағы бір мүгедекке тиемін деп ешқайсымызды тыңдамай отыр. Үйге келмей, сол жақта қонып жүр» деп жылап қалды. Шынымды айтсам, анасын аяп кеттім. Бірақ әлгі аты өшкір балгерге бірге барғанымды айтуға қорықтым. Кейін біз қалаға көшіп кеттік те, Заринаның кейінгі өмірінен хабарсыз кеттім.


Осы оқиғадан соң мен тәуіп, емші дегенге мүлдем сенбейтін болдым. Сенбек түгілі атын естігеннен бойымды үрей билейді. Бірақ менің енем сондайға жақын адам болып шықты.


Біздің үйленгенімізге екі жыл болды. Күйеуіммен сүйіп қосылдық. Ата-енем де, келін болып түскен жұртым да жақсы адамдар. Артық әңгімелері жоқ. Әсіресе енем көп сөйлемейді. Бірақ «үндемегеннен үйдей бәле шығады» деген рас екен. Одан да ойын тарс еткізіп айта салатын адам тәуір ме дедім.


Қызымды босанған соң көп өтпей жұмысқа шығып кеттім. Енем «үйдемін ғой, өзім бағып-қараймын» деген. Жұмысқа ерте кетемін, кеш келемін. Үйдің шаруасына үлгермейтінім рас. Наурыз мерекесінің қарсаңында бірнеше күн қатарынан демалдық та, үйдің ішін «генерально» тазалап шықпақ болдым. Жатын бөлмемізді жинап, төсектің астын сүртейін деп еңкейіп қалсам... бір кесе су тұр. Дымға түсінбедім. Дереу күйеуімнен «шөлдегенде кесемен су әкеліп пе едің» деп сұрадым. Олай болмай шықты.


Сосын енеме барып, «Мама, біздің бөлмеде бір кесе су тұр. Қайдан келгенін түсінбей тұрмын» деп көкейімдегі сұрақты қойдым. Ол кісі басында абдырап қалды да, «Ә, ол суды мен қойғанмын. Өткенде көрші апа «Ақбура әуленің суы» деп бір баклажкасын әкелген еді, сонікі ғой. Қасиетті судың еш зияны жоқ қой» деп қысқа қайырды. Ол кезде де бұған еш мән бермедім.

Енді кеше мамыр айында күн қатты ысыды да, көрпелерді күнге жайып алмақ болдым. Далаға шығарып жатып ішінен түрлі түсті бірталай жіптің шимайланған түйінін тауып алдым. Мұндай жіптер біздің үйде жоғын білемін. Тағы да енеме бардым. «Өткенде гәптес қатындармен әңгімелесіп отырып, қала шетінде бір емші барын естідім. Өзі мықты біледі екен, адамдардың жолын ашады екен. Барып, сендерге бал аштырдым. Сосын ол маған осы жіптерді ұстатты. «Өмірлері біртүрлі сұрғылт болып тұр. Мына оқытылған жіпті бөлмелеріне қой, бір-біріне деген сезімдері шырмалып, түрлі түске енеді» деп берді. Басқа жаман ойым жоқ» деп дым болмағандай бетіме қарап тұр.


Бұл жолы үнсіз қалмадым. «Мама, біздің өмірімізге емші, тәуіп, балгер дегендерді араластырмаңызшы. Ондай адамдардың бір түйір заты керек емес» деп ойымды ашық айттым. Бірақ оған бұл әңгіме әсер етпеген сияқты.


Ауылда кезінде араққа әбден салынып кеткен бір қайынағамыз бар еді. Сол енді арағын қойып, емшілерден бата алып, адам қарай бастапты. Енем күні кеше сол кісіне үйге шақыртыпты. «Бәріміз оқытылайық, дем салдырғанның ешқандай зияны жоқ» деп бәрімізге дәрет алуды бұйырды. Тәуіптерден қорқатынымды айтып, бөлмемнен шықпай қойдым. Енем өкпелеп қалды. Бірақ оның ренішінен гөрі өз өмірім қымбат.


Шынымды айтсам, енемнен қорқайын дедім. Күн сайын жаңа бірдеңе шығарып жүр. Осы күні бөлмеме құлып салғым келеді, мен жұмыста жүргенде тағы бірдеңесін тығып кетпеді ме деп алаңдап отырамын. Ойымды күйеуіме айтып едім, «қай ана баласына жамандық ойлайды, жоқ жерден бәле іздемей, тыныш отыршы» деп тыйып тастады. Ал менің күн өткен сайын күдігім ұлғайып барады. Не істерімді білмеймін. Енемнің тәуіпшілдігін қалай тоқтатсам болады?»