«Жеңгемнің жеңіл жүрісін жасырып отырмын»: түркістандық келіншек отбасындағы келеңсіз жағдайды жайып салды

0
981

«Анам келіннің алдында құрдай жорғалап жүр»


«Жеңгемнің жеңіл жүрісін жасырып отырмын»: түркістандық келіншек отбасындағы келеңсіз жағдайды жайып салды
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Көргені жоқтың қасында, ақыл сөзің зая шын. Білгені аздың қасында, ақылды əсте бала шын» дегенді бабаларымыз текке айтпаған сияқты. Көсегемізді көгертеді деп күткен келіннің білгені аз, көргені жоқ болса, басыңа біткен сор екен», - дейді түркістандық Мақпал есімді келіншек.


Айтуынша, қара шаңырақтағы жеңгесінің іс-әрекеті мазалайды. Ол болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Алдыңғы үш ағам үйленіп, әрқайсысы қызметіне байланысты қалаға еншісін алып кеткенде, қара шаңырақта қалатын ең кіші ағама қандай қыз жолығар екен деп қатты уайымдадым. Әрі тетелесім ғой, өзі біртоға, жуас адам. Үлкен үйді тербетіп, анам мен әжеме, әкеме дәмді тамағын пісіріп беретін, жүрегінде иманы бар адам болса деп іштей тілеп жүргем. Ол күн де келіп жетті. «Сапарбектің кенжесі келіншек әкепті» дегенді естіген жұрттың бәрі біздің үйге ағылды. Әкем кезінде әжептеуір қызметте істеген адам, ауылда абырой-беделі бар. Соған қарай дүркіретіп той өткізді. Қыз жақтан келген құдалардың бәріне жөнімен сый жасап, риза етті.


Той-жиын өтіп, қалыпты тіршілігімізге орала бастағанбыз. «Енем анаңа көмектес деп екі аптаға жіберіп еді, мен де үйіме қайтайын» деп, балаларымды алып, өз елісе аттандым. Кетер кезде анам «Келін мұғалімдікті бітірген екен, дипломы босқа күйіп кете ме? Басы жас қой, мектептің директорымен сөйлесіп, кіргізіп қояйық. Өзім жас кезімде енем мен күйеуімнің бабын жасап, сендерге қарап жүріп қалдым, жас кезде істейтін жұмысын істеп алсын» деп ойын айтты.


Содан көп өтпей жеңгем мұғалім болып мектепке кіріп алды. Қыз болған соң анамызға хабарласып, ауылдың жағдайын сұрап тұрамыз ғой. «Ақмарал мектепте. Жас маман болған соң жұмсай бере ме, таң атпай кетеді, кешке қарай бір-ақ келеді. Басым жерге тиіп тұрған жоқ, бәрін өзім істеп қоямын» деп қалды. Алпыстан асқан анамның әлі де үй тірлігімен тырбыңдап жүргені маған ұнамады.


жеңгем 4 балалы болды. Бірақ декреттік демалыста жарытып үйде отырған жоқ. Бастапқыда оның қыдырымпаз екенін білмейтінмін. Бір күні ауылда тұратын сыныптас құрбым хабарласып қалды. Әңгіме арасында «Мақпал, осы сенің жеңгең қашан көрсең мектептің мұғалімдерімен ауыл шетіндегі кафеде жүреді» деп қалды. Онысын ағама айтып едім, «қайтемін, пәленшенің гәбі, түгеншенің туған күні» деп қиылып отырып алады. Ауылда содан басқа не қызық бар» деп келіншегінің сөзін сөйледі.


Апам да талай мәрте немере келініне ренжіп, «Енең байғұсты аямайсың ба, қартайған шағында төрт балаңды бағып, наныңды жауып, сиырыңды сауып, ауқатыңды пісіріп қояды. Дайын асқа тік қасық болып кердеңдеп келесің» деп баяғы жас күніндегі адуын мінезіне салмақ болған екен. Келін пысқырмапты да. «Мен сізге айтқаныңызбен жүретін өз келініңіз емеспін. Баяғы заман өтті, үйде отыырп, сіздерге бес мезгіл тамақ пісіріп, беттеріңізге қарап отыру үшін оқыған жоқпын. Сиырға жоласам үсті-басым қышып кетеді, енді маған не істе дейсіздер?» деп бетбақтырмаған көрінеді.


Сол жеңгем енді ағама опасыздық жасап, көзіне шөп салып жүр. Ауылдағы мектепте, өзімен бірге істейтін отбасылы еркекпен жүре бастапты. Өткенде екеуі аудан орталығына балаларды жарысқа әкелген екен. Мен де дәл сол күні емделейін деп аудандық ауруханаға келгенмін. Дәрігер «анализдеріңіз түстен кейіндайын болады» деген соң түстеніп алайын деп дәмханаға бас сұққанмын. Екеуінің аймаласып отырған жерінен ұстап алдым. Қаным басыма шапты, өз-өзіме есеп бере алмай, шашын жұлып, ұрып тастадым.


«Сен дұрыс түсінбей қалдың» деп көзіммен көргенді жоққа шығармақ болды. Бірақ әбден жүйкеме тиіп, көзіме жеккөрінішті болып кеткен адамға қалай сенесің? «Мына масқараңды үйдегілерге айтып, сені не ары, не бері етемін» деп дәмханадан шығып кеттім.


Үйге келіп, ашуым басылған соң, болған жағдайды таразылай бастадым. «Көргенімді үлкендерге айтсам, ағам екеуінің ажырасары белгілі. Ондайда анау төрт бірдей баланың жағдайы не болмақ? Ағам мұндай арсыздыққа шыдамай, өзіне бірдеңе істесе қайтеміз? «Кімсің, Сапарбек!» деген аты бар әкемнің абыройы ше? Елдің бетіне қалай қараймыз?» деп ойым сан-саққа кетті. Бір шетінен келіннің алдында құрдай жорғалап жүрген анамды аяймын. Ажырасып, орнына дені дұрыс келін келсе, анам да қарттық шағын тыныштықта өткізер ме еді?


Жеңгемде де ұят жоқ екен, «Мақпал, кешір, жаздым, жаңылдым» деп бір рет те телефон соққан жоқ, түк болмағандай үйде жүрген шығар. Ал мен мында не істерімді білмей дал болып отырмын. Мүмкін тығырықтан шығатын жолды көпшілік нұсқап жіберер деген оймен сіздерге хабарластым...»