​«Жеңгемнің жетесіздігінен анам қиналып жүр»: қызылордалық келіншек анасына қарамай қойған жеңгесіне өкпелейді

0
3 768

«Күйеуім де мені түсінбейді»


​«Жеңгемнің жетесіздігінен анам қиналып жүр»: қызылордалық келіншек анасына қарамай қойған жеңгесіне өкпелейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Мына өмірде өзіңді асырап-баққан, сен өмір бойы мықты деп келген анаңның көз алдыңда аласарып, қартайып, дәрменсіз күйде қалғанын көруден асқан қасірет жоқ екен».


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан қызылордалық Қазына есімді келіншек әңгімесін осылай деп бастады. Қарашаңыраққа ие болар жалғыз ағасы дүниеден өткелі төркініндегі жағдай тым күрделеніп кетіпті. Қазына басынан өткен оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді.


«Мен көпбалалы отбасында өсіп-өндім. Әкем мен анам бес қыз, бір ұлды тәрбиелеп, үйлі-жайлы етті. Бәріміз сол кісілердің еңбегінің арқасында оқып, бір-бір маман иесі атандық. Ештеңеден таршылық көрмей өстік, тәуба. Бірақ әкем біздің қызығымызды көре алмады. Әпкелерім енді бойжетіп, ұзатылар шақта өмірден өтіп кетті. «Жалғыз баламның балаларын ойнатсам, желкеме отырғызып ары-бері қыдыртсам» деп армандап отырушы еді, өкінішке қарай, ол күнге жетпеді.


Әкеміз қайтқан соң анамның мойнына екі есе салмақ түсті. Бес қызды өзі ұзатып, жасауын түгендеп, құдалығын өткізіп, бізді ұятқа қалдырмады. «Болды енді, бәріңді ұзаттым, енді Нұрболтайымды үйлендіріп, келін жұмсап, қалған өмірімді өзімнің рақатыма сүремін» деп әзілдеп отыратын. Бірақ Нұрболтайының алған жары жақсы болмады.


Менен үлкен әпкелерім Қызылорданың басқа аудандарында тұрады, мен өзіміздің ауылға келін болғанмын. Сондықтан төркіндегі жағдайды өзгелеріне қарағанда жақсырақ білемін. Жеңгемнің мінезі бар. Ерке келін болды. Қалаған уақытында ұйқысынан тұрады, қалаған тірлігін істейді, қаламаса бөлмесінен шықпай жатып алады. Анам оның бәріне көз жұма қарады. «Үндемей келіп, үндемей кетіңдер, балалы болса өзі-ақ жиналып алады» деп бізді жеңгемізге қарсы сөйлетпейтін.


Сөйтіп жүргенде жеңгем жылма-жыл бір ұл, бір қыз тауып берді. Одан түзеліп кеткен жері жоқ, баяғы қылығына қоспаса, кеміген жоқ. Ағамды айтқанына көндіріп, айдауында жүргізетін. Ағам да әбден қыздардың арасында өскен соң ба, алдына түсіп, бар шаруаны өзі ұршықша иіріп әкете беретін.


Бір күні ауыл іші азан-қазан болды. Түн ішінде біздің үйге төркінімнен ағайын інілерім келіпті, «Қазына, дереу үйге жүр, Нұрбол өзіне қол жұмсапты» деп хабар айтты. Есімнен танып қалыппын. Күйеуім дереу дәрі беріп, сабырға шақырып, екеуміз төркінге жүгірдік. Анам сол күні төркін жағына тойға кеткен. Не болғанын жеңгемнен басқа ешкім білмейді. Ол болса «мал жайғастырамын деп қора жақта жүрген, хабар болмаған соң артынан іздеп келсем арқанға асылып қалыпты» дегеннен артық ештеңе айта алмады.


Жалғыз бауырымыздың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Артында кіп-кішкентай балалары қалды. Бәрінен де анама қиын тиді. Отанымның иесі деп отырған жалғыз ұлынан айырылып қалудың қасіретін анашым көтере алмады. Содан бері анда-санда алжып қалатынды шығарды. Бірде тәп-тәуір әңгіме айтып отырады да, бір сәтте басқа тақырыпқа ауысып кете салады. Киімін ауыстырғанын, дәрісін ішкен-ішпегенін ұмытып кетеді. Ұлы сөзде ұят жоқ, кейде әжетханаға баруды да естен шығарып алатын болды.


Ағам бар кезде жеңгемнің жетісіп тұрғаны шамалы еді, күйеуі кеткен соң ол да өзгеріп кетті. «Бізді асырайтын Нұрбол жоқ, сауда істеймін, күн көруіміз керек» деп базарға шықты. Сол базар оны адам танымастай өзгертіп жіберді. Ерте кетеді, кеш келеді, балалары бақшада. Енесіне қарау деген жоқ, аш па, тоқ па, бәрібір. Мына жақта мен күйіп-пісіп отырамын. Дереу тамағымды істеп, бір тостағын құйып шешеме қарай жүгіремін. Тамағын ішкізіп, жуындырып, киімдерін ауыстырып, кір болған көйлектерін үйіме әкеліп, жуып, кептіріп, ертеңіне қайта апарамын. Шынымды айтсам, қиналып кеттім. Бірақ бізді бұдан да үлкен сынақ күтіп тұр екен.


Жалғыз жеңгем «Мен күйеусіз өмір сүре алмайды екенмін. Тұрмысқа шығамын, маған өкпелемеңдер» деп екі баланы алды да, бір күні үйден кетіп қала салды. Шешем байғұс даңғарадай үйде жалғыз қалды. Күйеуіме «анамды үйге алып келейік, бізбен бірге тұрсыншы» деп көндіріп, анамды қолыма алдым. Бірақ бұл ұзаққа созылмады.


«Мамаңның үстінен жағымсыз иіс шығады. Түнде неге үйге дәрет сындырып жүр, жиіркеніп өлетін болдым» дегендей әңгімелерді айтып, ақыры үйден кетіріп тынды. Сол үшін екеуміздің арамыз қиындап кетті. Анам үшін азжырасып кете салайын десем, балаларымнан обал. Ал күйеуім мені түсінбейді.


«Күйеуге тиемін» деп кеткен жеңгем иттей болып қайта оралды. Алам деген жігіті мұның атынан несие алып, қарасын батырыпты. Барар жері, басар тауы болмаған соң, «балалар әжесін сағынды, әженің үйінде тұрайық деп қоймады» деген сылтаумен кіріп алды. Бірақ сол баяғы әуеніне қайта басып, базарда сауда істеп жүр. Шешеме қарамайды, бақпайды. Тіпті бір тостақ тамағын істеп бермейді. Кірін жуып, шомылдыру дегенді айтпай-ақ қояйын.


Осылайша мен қазір екі үйдің ортасында шапқылап жүрмін. Анамның көңілі жарым ғой, қуантып қояйын деп екі күннің бірінде тәттілер пісіріп апарамын. Қолыма ақша түсе қалса орамал әперіп, кем-кетігін түгелдеп беруге тырысамын. Әрине, мұны мен міндетсініп отырған жоқпын. Тек жеңгемнің тірлігіне қынжыламын. Өзі ертең қартаймай ма? Біреудің қолына кіріптар болмай ма? Алдында не күтіп тұрғанын Алла ғана біледі ғой, ендеше неге анамызды өз анасындай көріп, бір үйде тұрған соң күтімін жасап, разылығын алуға тырыспайды? Осыны түсіне алар емеспін...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әйелім анам сияқты боп кетті»: шымкенттік еркек өзіне күтім жасамайтын әйелдерге ақыл айтты


«Енем атамды менен қызғанды»: өсектің кесірінен отбасы ойран болған әйел көпшілікпен ой бөлісті