​«Жиырма жылға соттай салды»: түркістандық келіншек Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды

0
2 274

«Жеті жасар баланы зорлады деп айыпталып отыр»


​«Жиырма жылға соттай салды»: түркістандық келіншек Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасымның асыраушысы, үш немеремнің әкесі, менің ұлым жазықсыз түрмеге тоғытылды. Істемеген қылмысы үшін сот жиырма жылға бас бостандығынан айырылып, нақақтан күйіп отыр», - деп күйінеді Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында тұратын Мадина Жақсылыққызы.


Айтуынша, А. есімді ұлына жеті жасар баланы жыныстық сипаттағы әрекетке тартты деген айып тағылыпты. Бүгін айыпталушының анасы мен жұбайы, қорғаушылары журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Олар ендігі жерде аппеляциялық шағым түсіріп, сот Үкімін қайта қарауды талап етіп отыр. Оқиғаның мән-жайын А.-ның жұбайы Сандуғаш ERNUR.KZ тілшісіне бастан-аяқ айтып берді.


«Бұл жағдай өткен жылдың желтоқсан айында, 18-і күні болды. Күйеуім еурожөндеумен айналысатын, сол күні кешке қарай бір-ақ келді. Әдеттегідей ас-суымызды ішіп, ұйқыға жатқанбыз. Үйге әлгі зорланды деген бала, оның шешесі, әпкесі және форма киген төрт полицей баса-көктеп кіріп келді. Келді де баланы төргі бөлмеге кіргізіп, қалай болғанын сұрап жатты. Баланың анасы шу шығарып, «ұлымды зорлағаның үшін түрмеге тығамын» деп күйеуімді қорқыта бастады.


Бала да біреу үйретіп қойғандай «Сағат алты жарымдарда мені үйге кіргізді. Үйде әйелі екеуі ғана болды. Әйелі тамақ істеп жатқан. Бұл мені мына бөлмеге кіргізіп, есікті ішінен кілттеп, зорлады. Әйелі ол кезде көмір әкелуге сыртқа шығып кеткен еді» деп түсінік берді. Мұның бәрі өтірік. Ол уақытта үйде енем, он жасар, жеті жасар және алты жасар үш балам, мен болдым. Күйеуім жұмыста-тұғын. Оның үстіне ол бөлме екі есікті, екеуі де ішінен кілттенбейді. Әрі менің үйді жылытатын пешім сыртта, көмірді ішке кіргізген емеспін.


Күйеуім адалдығына сеніп, «жүріңдер, экспертиза жасатайық, анықтайық» деп тұрып алды. Сонымен не керек, полицейлер күйеуімді сол күні түнде ұстап, өздерімен алып кетті. Бірінші осы ауылдағы «опорныйда» ұстады. Кейін анықталғандай, жәбірленуші тарап күйеуімнің үстінен 18-і күні түнгі төрт жарымда арыз түсіріпті. Ал ауылдың учаскелік полицейлері біздің үйге екілер шамасында келіп, бәрін бастап жіберді.


Ертеңіне күйеуім мен балаға сараптама тағайындалды. Бір айдан кейін нәтижесі шықты. Сот-медициналық сараптамасында күйеуім де, бала да таза деп шыққан. Балаға ешкім тиіспеген, түртпеген. Тек о баста уролог-дәрігер баланың тік ішегінде «трещина» бар деп анықтама берген екен. Алайда ол жарақат баланың іші қатса да болуы мүмкін. Сосын түнде біздің үйге полицейлер келгенде баладан қалай болды деп сұрап жатқанда, бала «батареядан ұстап тұрдым» деп батареяны бір саусағымен нұқып көрсеткен. Сол саусақтың ізін сотқа дәлел ретінде қосып жіберіпті. Қыстыгүні, ып-ыстық батареяны бір саусақпен ұстап тұру мүмкін бе? Қалай айтса да қисынға келмейді ғой. Күйеуім еш дәлелсіз, дәйексіз жапа шегіп отыр.


Күйеуімнің үстінен жала жауып отырған отбасы көрші көшеде тұрады. Осыдан алты жыл бұрын ата-анасы ажырасып, бала анасымен бірге қалған екен. Оқиға болардан біраз уақыт бұрын олар нағашыларының қолына көшіп келген көрінеді. Біз оларды мүлдем танымаймыз. Балаларыммен де араласқан, ойнаған емес. Оқиға болған күні біздің үйге келген де жоқ. Күйіп-пісетінім сол ғой, келсе, балалармен ойнаса бір сәрі. Көлеңкесін де көрмеген адамның күйеуімді күйдіріп отырғаны жаныма батады.


Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетов Қылмыстық Кодекстің 121-бабы, 4-бөлігімен кінәлі деп тауып, педагогикалық және тәрбиелеу қызметімен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, жиырма жылға бас бостандығынан айыра салды.


Күйеуім ішпейді, намазға оқиды. Үш баласы мен анасын, мені асырау үшін таңнан кешке дейін қара жұмыс істеп жүрген жан еді. Ол кеткелі ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып отырмыз. Асыраушымыздан айырылдық. Егер күйеуім шын мәнінде азғын болса, бала зорласа мен бұл үйде тұрар ма едім. Үш баламның әкесі ғой, өзге түгілі өз балаларының маңдайынан шертпеген. Кісіге қылдай қиянаты жоқ адам ғой. Қазір түрмеде екі көзі төрт болып отыр. Істемеген қылмысы үшін азап шегуде. Осы нәрсе өзегімді өртеп барады.


Енді біз істі қайта қарауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірдік. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтан аталмыш істі өз бақылауына алып, әділ тексерілуін, біржақты қаралмауын, біз келтірген дәлелдерді іске тіркеп, күйеуімді ақтап шығуын сұранамын. Кісі өлтіргендерге де мұнша көп мерзім бермейді ғой. Кіп-кішкентай баланың бір ауыз сөзіне бола күйеуімнің жарты өмірі түрмеде өте ме? Әділдік қайда, ағайын?!».


Шұбарсу ауылында орын алған бұл оқиға біздің назарымызда болады. Апелляциялық соттың нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз. Таяу арада істің ақ-қарасы анықталады деп сенейік.