Америкаға да сатылған: Шымкенттік бойжеткен қантсыз шоколад жасайды

0
3 349

Табиғи таза әрі отандық өнім көптің көңілінен шығып жатыр.


Америкаға да сатылған: Шымкенттік бойжеткен қантсыз шоколад жасайды

Шымкенттік ару Жансая Ержанова құрамында қант жоқ, табиғи өнімдерден ғана тұратын дәмді шоколадтарды дайындаумен айналысып жүр. 26 жастағы бойжеткеннің бастаған ерекше кәсібімен ERNUR.KZ тілшісі арнайы танысып қайтқан болатын.


Иә, сіз көріп отырған шоколадтардың құрамында қант жоқ. Жансая 10-нан астам тәттілердің дайындалу рецептін өзі ойлап тапқан. Жас кәсіпкердің мақсаты - қала тұрғындарына табиғи, сапалы өнім ұсынғысы келеді.

Шоколад жасау идеясы Молдавияда туған

Бүгінде Австрия елінде магистратурада білім алып жүрген Жансая шоколад жасаумен айналысу туралы идеясының қалай пайда болғандығы жөнінде айтып берді.

«Молдавияда оқып жүргенімде жарты жылдың ішінде 20 келі артық салмақ қостым. Мен өзім шоколадты өте қатты жақсы көремін. Дүкендерден құрамында қанты жоқ школад іздеп, таппадым. Содан ойыма келді, неге өзім жасап көрмеске? Ғаламтордан әтүрлі рецептерді көріп, істей бастадым. Жанымдағы құрбыларыма менің дайындаған шоколадтарым ұнады. Олар маған неге мұны сатып бизнес бастамасқа деген ұсыныс жасады. Ол кезде емтихан тапсырып жүр едім. Сондағы таныс досым италияндық мейрамханада аспазшы еді. Ол жұмыстан шыққан екен. Өзім ойлап тапқан рецепті оған беріп, сол арқылы шоколадтарды дайындап, оны сатуға ұсыныс білдірдім. Досым бірден келісті. Дайын болған шоколадтардың барлығын 20 минутта интернет арқылы сатып тастадық. Мен бұлай тез өтіп кетеді деп ойламадым. Нәтижесінде, ол да жұмысты болды, ал мен емтихан сұрақтарына алаңсыз дайындалдым. Тіпті, Америкаға үлкен партиямен шоколадтарды алып кеткен кездер де болды», - дейді жас кәсіпкер.


"Отандық өнімді халық қымбатсынады"

Бизнес саласы бойынша білім алған Жансая Қазақстанға келіп, өз кәсібін жалғастырған. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау білдіретін арнайы бағдарламалардың бар екендігін біліп, 3 күндік курсқа қатысыпты. Бизнес жоспарын ұсынып, конкурстан жеңіп шыққан. Енді, міне Шымкент қаласында орналасқан "Nauriz Park" сауда орталығында қала тұрғындарына өз тәттілерін ұсынуда.

"Біз сатып жатқан шоколадтардың бағасын тұрғындар кейде қымбатсынады. Өйткені, көпшілік арзан бағаға үйренген. Біздегі шоколадтардың бағасы 130 теңгеден басталып, 240, 250 теңгеге дейін барады. Ал, адамдар бұл тәттілердің дәмін көргеннен кейін, "тағы да беріңізші" дейді. Қолдан жасалған шоколадтардың дәмі мүлде бөлек болады. Біз тек табиғи өнімдерді қолданамыз. Ешқандай химиялық қоспалар жоқ. Әрбір ингредиент адам денсаулығына пайдалы. Имуниттетті көтеруге үлесін қосады. Біз дайындаған өнімдердің 60 пайызында қант жоқ, ал 40 пайызында қант бар. Тұтынушылардың қалауына байланысты, ұсыныс жасаймыз", - дейді Жансая.


Жансаяның шоколады артық салмақ қоспай ма?

Әрине, құрамында қанты жоқ деген ақпаратты оқып, бұл шоколадтар артық салмақ қоспай ма деген сауал туындауы мүмкін. Бұған да жас кәсіпкердің жауабы дайын екен.

«Бұл шоколадтардың калориясы 0 деп айтпаймын. Көбірек жеп қойсаңыз, әрине, салмақ қосасыз. Өйткені, оның құрамындағы кептірілген жемістер сияқты өзге де қоспалар бар», - дейді ол.

Ең қызығы, рецептердің барлығын Жансаяның өзі ойлап тапқан. Әрине, бастапқыдағы рецептер ойдағыдай болмай шығыпты. Уақыт өте келе тәжірибенің ықпалымен, дәмі тіл үйіретін тәттілер пайда бола бастапты. Бүгінде қала тұрғындарының көңілінен шығып жатқан бұл шоколадтардың рецептін басқа еш жерден таппайсыз.

«Европада қазіргі бағадан қымбаттау етіп саттым. Дипломдық жұмысымды қорғағанда, ол жақтағылар Қазақстан бұл бағаны қымбатсынуы мүмкін деген еді. Бірақ мен Қазақстанда да өз денсаулығын күтетін, бағалайтын адамдар бар екендігін жеткіздім. Қазір тұтынушылар өте көп деп айта алмаймын. Бірақ бір орында тоқтап қалған жоқпыз. Адамдардың денсаулығына пайдалы, сапалы өнімдер сату үшін еңбек етіп жатырмыз», - дейді Жансая.

Жас кәсіпкердің ендігі жоспары да осы. Өз кәсібін әрі қарай дамытып, тұрғындарға табиғи өнімді таныстырып, денсаулығын күтуді әрі бағалауды насихаттағысы келеді. Ал тәттіқұмарларға ұсынатын өнімдері де ерекше және әзірге үшінші мегаполисте жалғыз ғана. Жансаяның ол арманына да жететініне еңбекқорлығына қарап-ақ сене беруге болады.

Т.Бауыржанқызы,

ERNUR.KZ