"Малта" сусынын өндірушілер: Құртты 10-20 тонналап Қырғызстаннан аламыз

0
3 918

Нұрлан Маханбеталыұлының өзі де ел бастамаған іске тәуекел жасап, бұл күнде "Малта" дайындайтын компаниясын аяқтан тұрғызып келеді.


Қазір ұлттық дүниеге деген сұраныс артқаны белгілі. Кейіпкеріміздің айтуынша, бірнеше жылда ол трендке айналады, қазір көзін тапқан адам сол кезде шыңның биігінде болады. Нұрлан Маханбеталыұлының өзі де ел бастамаған іске тәуекел жасап, бұл күнде "Малта" дайындайтын компаниясын аяқтан тұрғызып келеді.

Қарашаш Есенбай: Осы жылы өндіріске шыққан «Малта» сусынына деген қазіргі сұраныс қандай?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Малта сусына деген сұраныс жақсы деп айта аламыз. Бірақ біз әлі кішкентай компания болғандықтан, маркетинг саласымен айналысатын бөлімдеріміз жоқ. Әзірге бастаған екі жігіт және қолдау білдіріп, көмектесіп жүрген үш жігіт, бесеуміз ғана жұмыс істеп жүрміз. Бірақ жақын уақытта бәрін ретке келтіреміз деп ойламын. Өйткені тапсырыс болғанның өзінде, жеткізе алмай қалатын кездеріміз болып жатыр. «Көш жере түзеледі» дегендей алдағы уақытта бәрі дұрыс болады деп сенемін.

Қарашаш Есенбай: Малта Шымкенттен өзге қай аймақтарға жеткізіліп жатыр?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Қазіргі таңда Астана, Қызылорда, Тараз және Түркістан қаласына жеткізіліп жатыр. Жақын күндері Қостанай қаласындағы үлкен компаниядан ұсыныс түскен болатын, сонымен қатар, Ақтөбемен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірге белгісіз, бірақ келіссек сол аймақтарға да малта жеткізлетін болады.

Қарашаш Есенбай: Ерекше рецептпен дайындалатын сусынның кереметін өз аузыңызбен айтып беріңізші.

Нұрлан Маханбеталыұлы: Рецептің ерекшелігі дәмінде. Біз ойлап тапқан ештеңе жоқ, кезінде ата-бабаларымыз көшпенді болып жүріп түрлі тағамды ойлап тапқан ғой. Қазір біз ұлттық тағамдар десек оның 3-4 түрін ғана айтып, шектеліп қала береміз. Бірақ негізінде қазақ тағамдарының түрлері өте көп, тек оның біразы ұмытылып кеткен. Мысалы біздің қазіргі малтаны ішкен үлкен кісілер, жастары 70-80 келген қарттар өздерінің шешелерін есіне түсіріп, «Кезінде апамыз жасаушы еді» деп жатады. Бұл малтаны бірінш болып нарыққа шығарғанымыз болмаса, біз ойлап тапқан ештеңе жоқ. Дәмі бөлек, құрттың дәмі ерекшеленген сусынның өзіндік бөлек дәмі бар. Оны татып көрмесеңіз, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

Қарашаш Есенбай: Қазір малта дайындау үшін қанша адам жұмыс істейді және өнімнің көлемі қандай?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Малта дайындауда 11 адам болып жұмыс істейміз, оның бесеуі күн сайын жұмыс істесе, қалғаны тек керек кезде келеді. Көлемін мақтанып айтатындай емес, десе де жұмыс істеп жатқанымызға көп бола қойған жоқ. Жаман нәтиже емес сияқты, қазір 10 тоннаға дейін өндіріп жатырмыз. Әрине, болашақта күніне 10 тонна өндіргіміз келеді.

Қарашаш Есенбай: Малтаны дайындауға құртты қайдан аласыздар? Білуімізше, шетелден алдырады екенсіздер. Шетелден құрт тасымалдауға не себеп?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Малтаның дәмі тікелей құртқа байланысты. Қазір құрттарды елімізден және Қырғызстаннан да аламыз. Өкінішке орай, біздің аймақта құртты үлкен көлемде жасай алмайды. Қырғыз бауырлардың дамып кеткені сонша 10-20 тоннаға дейін алып келеді. Сосын олардың бірінші құрты мен соңғы құрттының да дәмі бірдей болып тұрады, өзгермейді. Бірақ қазір еліміздегі құрт шығаратын кәсіпкерлермен де келісімдер жасап жатырмыз. Негізі болашақта өзіміз құрт шығарғымыз келеді. Әзірге қағаз жүзінде басын бастап қойдық. Бұйыртса, құртты өзіміз шығарамыз.

Қарашаш Есенбай: «Кәсіпте достық жоқ» деп жиі айтады, бірақ осы кәсібіңізді досыңыз екеуіңіз дөңгелетіп отыр екенсіздер. Шыныңызды айтыңызшы, келіспеушіліктерді қалай шешесіздер?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Егер преративті басынан бастап дұрыс қоятын болсаңыз, қиыншылық жоқ. Қасымда бірге істейтін жолдас досым екеуміз кішкентай кезімнен бірге өскенбіз. Оған дейін де жақын адамдарыммен серіктес болып көргенмін, қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемде көрген адаммын. Сондықтан бас кезінде преративті келісіп алдық. Иесі екеуміз, бірақ басқаратын адам біреу болсын дедік. Досым маған "Сен бол!" деді. Ол жігіттің де қолынан көп нәрсе келеді, бірақ маған сенеді.

Қарашаш Есенбай: Енді кәсіп бастап жатқандарға қандай кеңес ұсынар едіңіз?

Нұрлан Маханбеталыұлы: Көз алдарыңызға Юрий Гагаринді елестетіңіздер. Оны қаншама жыл мамандар ғарышқа ұшыру үшін дайындады, бірақ ғарышты өзі ғана көзімен көрді. Сол сияқты бизнес бастап, түрлі адамдардан кеңес алып жүргендерге айтарым, іске келгенде сен жалғызсың! Оныншы рет бизнес ашып жатсаңда, бірінші рет жасайтындай болып тұрасың. Бірақ қиындықтан қорықпау керек. Жетістікке бір қадам қалғанда, артқа қайтып кетуің мүмкін ғой... Сол үшін сабырлық қажет. Ешқашан артқа қайтпау керек. Одан кейін енді бастағысы келетіндерге айтарым шетелдік кәсіптерге қызығушылық оятпай, ұлттық дүниеге мән берсе. Санаулы жылдарда ұлттық дүниелер брендке айналады. Егер сен қазір бастасаң сол уақытта шыңында боласың.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ