Мозаика дайындауды машық еткен Жәнібек

0
3 380

​Өмір - институт, ал өмірдегі диплом міндетті түрде қызыл түсті болу керек. Осы мақсатта атақты университеттен алған қызыл дипломын үйіне қойып, өз өмірінің кірпішін қалауға кеткен -Жәнібек Өмірбек бүгінгі кейіпкеріміз.


Мозаика дайындауды машық еткен Жәнібек

Өмір - институт, ал өмірдегі диплом міндетті түрде қызыл түсті болу керек. Осы мақсатта атақты университеттен алған қызыл дипломын үйіне қойып, өз өмірінің кірпішін қалауға кеткен Жәнібек Өмірбек бүгінгі кейіпкеріміз.

Жәнібек - мозаика және түрлі компьютерлік қызметтер көрсетумен айналысады. Соңғы жылдары мозаика картиналарын сыйға тарту сәнге айналғаны белгілі. Үлкенді де, кішіні де қуантуға тамаша таңдау, әрі көптеген суреттердің шоғыры болатын әдемі естелік.

Сәтбаев атындағы университетті мұнай-газ саласы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған соң, Жәнібек арнайы шақыртумен Ақтөбе қаласына барып мамандығы бойынша жұмыс істейді. Алғашында "Мамандығым бойынша жұмыс істеймін" деген қызбалықпен барған ол, артынан жұмыстың қиындығы мен ауырлығын сезіне бастайды. Өйткені ол жердің құрылымы 95 пайыздерлік темір болғандықтан, қауіпсіздік ережелерін сақтамасаң өзіңе қауіп төндіруің мүмкін екен. Бір жылдан аса жұмыс істеген Жәнібек кейіннен Астана қаласына құрылысқа жұмысқа кетуге шешім қабылдайды.

Бірақ біреудің қарамағында жұмыс істегісі келмеген ол қайтадан туған жері Арыс қаласына келеді. Жәнібектің әкесі фотограф болған екен, сондықтан болар өзінің де қалауы сол салаға ауған.

Арысқа келген соң мозаика жасауды үйреніп, өзінің алдына ешкімді түсірмейтін маманға айналады. Кәсібін шыңдап түрлі бағдарламаларды игерген Жәнібек қазір Шымкент қаласындағы атақты базар маңынан жалға орын алып кәсібін жалғастыруда.

Сөзіне сенсек, мозаика істеуге күніне 2-3 тапсырыс түседі. Әрі оларды компьютерде дайындауға өзінің бір-ақ сағатын жұмсайды екен. Ал оны арнайы матаға түсіріп, ағаш ромкаларды өзі қолдан жасайтын болғандықтан біршама уақытын сол жұмыстар алады. Бірақ тапсырысты ең жылдам орындайтын Жәнібек, Шымкент қаласындағы сұранысқа ие мамандардың бірі.

Мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген кездегіден үш есе көп табыс табатын жігітті көбі инстаграм желісі арқылы таниды. Өйткені ол өз кәсібін әлеуметтік желілер арқылы дамытып отыр. "Бірақ көпшілік әлі де ғаламтор арқылы тапсырыс беруге қорқады" деген Жәнібек алдағы уақытта ғаламтор арқылы тапсырыс беруге болатын дүкендерді дамытқысы келеді.

Фото жеке мұрағаттан алынды.

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ