Оның ұлттық әшекей бұйымдарына алғашында сұраныс болған жоқ...

0
6 002

​ZhanGozi брендтік ұлттық әшекей бұйымдардың негізін қалаушы - Сейдахмет Жанғазы Алымұлы.


Оның ұлттық әшекей бұйымдарына алғашында сұраныс болған жоқ...

"ZhanGozi" брендтік ұлттық әшекей бұйымдардың негізін қалаушы - Сейдахмет Жанғазы Алымұлы.

-Ең бірінші осы брендтің қалыптасуы туралы айтып берсеңіз.

-Алғаш бұл бренд ойламаған жерден жүзеге асты. Өзім дизайн мамандығын оқыған соң, өз қолыммен жаңаша дүние жасап шығару әрдайым ойымда жүретін. Бірақ, ойым сол күйі қалып қоймай мақсатқа айналдырғым келді. Бірақ бірден бұл жолға түсе салдым деп айта алмаймын, көп уақыт бойы ізденісте жүрдім. Атырау облыстық Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған Кіші Өнер Академиясында қолөнер бөлімінің ағаш өңдеу мамандығында бір жыл оқыған соң және оған қоса айналамдағы достарым ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды жасап шығарумен айналысатындықтан солардың жұмыстарына қатты қызығушылық танытып жүргенде «Неге ұлттық құндылықты, қазақтың үлкен өнер тарихын кішкене ғана ағаш бұйымдарының бойына сіңіріп, табиғи ағаштан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды жасап шығармасқа» деген ой келді. Сосын 2015 жылдың қазан айынан бастап «ZhanGozi» әшекей бұйымдарын шығардым. Алғаш Алматы қаласында өз жұмысымның іргетасын қалап, кейіннен Атырау қаласына келіп жұмысымды жалғастырудамын.

Әрине, әр істің басында өзіне тән қиыншылықтары болады. Олсыз жұмыстың өнуі де мүмкін емес. Менің жасаған жұмыстарым алғашында сұранысқа ие болған жоқ. Тұтынушылар саны өте аз болды. Бірақ бұл менің бастаған ісімді аяқсыз қалдырмады. Мен ізденіп әрі қарай өзімді шыңдаумен болдым. Тоқтаусыз еңбектің арқасында, өзімнің еңбегімнің нәтижесіне сенуімнің негізінде - қазіргі таңда бас кездегі қиыншылықтардың бірқатарын жеңе білдім деп айта аламын.

- Қазір неше адам жұмыс істейді, қалай жұмыс істейді?

-Қазіргі таңда барлық жұмыс өз шеберханамда жүзеге асады және бұйымдарымның барлық жұмыстарын жасап шығарушы да - өзім. Яғни, дизайнын құрау, эскизін сызу, құрастыру, тегістеу деген сияқты бір басына бірнеше жұмысты қажет ететін тірліктердің барлығы өз мойнымда және өзім жасап шығарушымын. Жұмыстың 70% қолмен жасалып, ал 30% лазер арқылы кесіліп жүзеге асады. Бірінші әр бұйымның эскизін сызып алудан бастап әр деталіне дейін ойланып, толыққанды дайын болған кезде лазермен кесуге жіберіледі. Кейіннен кесілген бұйымдар тазалауға жіберіліп, ілгіштерін құрастыру деген сияқты қалған жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар жұмыстарымды өз ойымдағыдай көрсету үшін, яғни табиғатын жеткізе білу үшін фотоға да өзім түсіремін.

-Ұлттық нақыштағы әшекейлер сәнге айналды деп айтуға болады. Оны ұсынушылар да көп. Еліміздегі бәсекелестік қандай деңгейде? Мысалы барлығы сапаға жұмыс істеп жатыр ма?

-Негізі ұлттық әшекей бұйымдар қай кезде де назардан тыс қалмаған. Иә, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар сәнге айналды және сұранысқа ие! Олай дейтінім, қазір көпшілік қауым қазақы бұйымдарға бей-жәй қарап өте салмайды. Өзінің қызығушылықтарын білдіріп, жасалу тарихы мен оюдың салыну мәнісін де сұрап жатады. Бірақ, бір байқағаным ұлттық нақыштағы бұйымдарға мүлдем қызықпайтындар да бар екен. Арнайы шақыртулармен барған жәрмеңкелерге қатысқан кезімде осы жайтқа көзім жетті. Бірақ әр ортаның өз тұтынушылары болатыны секілді бұған түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Сапалы дүние әрдайым өз нәтижесін береді. Мен барлығы үшін жауап бермей-ақ қояйын, десек те сапа жағына келер болсақ арнайы тұтынушыларымыздың назарына сала кететін дүние – қытайдың темір, көзалдауыш бұйымдарынан гөрі өзіміздің елдегі зергерлердің жұмыстары әлдеқайда сапалы. Түсінген әрі өз ісіне адал адамда сапа әрқашанда бірінші орында болады! Бәсекелестікке келер болсақ, қазір көшірмелер көп. Тіпті сенің күндіз-түні ойланып сызған эскиздеріңді басқа жандардың жұмыстарынан көру ғажап емес! Сенің үлгіңмен өз топтамаларын сатылымға қойып жатқанын көргенде – өзіңнің әлдеқайда биікте екеніңді көресің! Сезінесің! Себебі, менің еңбегімнің қызығушылыққа ие болып, жасаушылар саны артқаны қуантады, бірақ, олар бұйымның сыртқы келбетін бере алғанымен, ішкі табиғатын бере алмайды. Жұмыс нәтижесінде шикіліктерін байқайсың. Әрі мұндай жұмыс жасаушылар тек табыс көзіне ғана көңіл бөліп, сапа деген түсініктен әлдеқайда алыста қалады. Сол себепті бәсекелестік деген ұғым барысында - жұмыс нәтижесімен тек қана сол саланың кіл қаймақтары бетке шығады деп есептеймін.

-Өздеріңіз бәсекеге қабілеттіміз деп ойлайсыздар ма? Басқа брендтерден сіздердің қандай ерекшеліктеріңіз бар?

-Әрине, бәсекеге қабілеттіміз деп ойлаймын және ондай түсінікке ие қылдыратын өзіміздің тұтынушылар. Себебі менің саламда жоғарыда айтып өткенімдей, тек қана табыс көзін ойлайтын жандар көшірмемен ғана жұмыс жасап қана қоймай, өз жұмыстарына фанераны пайдаланатындарын көзіміз шалып жүр. Ал, біздің басты ерекшелігіміз ол – табиғи таза өнім! Тек қана табиғи таза ағашпен жұмыс жасап, дизайнға аса үлкен мән береміз және жұмыстарда әртүрлілік бар. Әр бұйым ұшқыр ой мен өзіндік қолтаңбамның негізінде санқырлылықпен жүзеге асады.

- Осы тұста айта кетіңізші, ағаштан жасауға не себеп болды және қандай ағаштан жасалады?

-Жоғарыда айтып өткенімдей мектеп қабырғасында алғаш ағашпен жұмыс жасауды үйрендім. Яғни, жұмысымның түпкі тамыры осыдан бастау алады десем болады. Содан кейін уақыт өте келе жарты жылдың шамасы көлемінде зергер досымның қасында зергерліктің қыр-сырын үйреніп, тәжірибемді шыңдай түстім. Содан кейін ғана ағаш пен зергерлікті біріктіріп, жұртшылық назарына өзімнің жаңа туындыларымды, жеке қолтаңбамды ұсына бастадым. Мен бұйымдарымның әрдайым сапалы болуына аса мән беремін. Сол себепті бұйымдарымның табиғи сапалылығы – емен, ерен (ясень), шамшат (бук) ағаштарынан жасалынуы. Мен бұйымдарымды тек қана осы сапалы табиғи ағаштарды пайдалану арқылы дайындаймын.

-Тұтынушылардың сұранысы жоғары ма?

-Иә, шүкір, жоғары сұранысқа иеміз. Арнайы іздеп сатып алушылардың саны да артып келеді. Олай дейтін себебіміз жәрмеңкелер барысында көрген немесе алғаш бұйымдарымызға ие болған жандар қазір тұрақты тұтынушыларымызға да айналып кетті. Және олардан көріп, қызығушылық танытып жүрген жандар қаншама?! Біздің бұйымдарды сый ретінде алып, біраз жанның көңіліне қуаныш сыйлап жүргенімізді көріп қуанып қаламын. Ең қызығы шетелдік азаматтардың да назары түсіп, бұйымдарыма қызығушылық білдіріп жүр.

-Байқауымызша танымал адамдар да қызығушылық танытып жүрген сияқты?

-Иә, сахнадағы өнер адамдары да, өзіңіз секілді қаламды серік еткен журналист өкілдері мен қаламгерлеріміз де, сән әлеміне өзіндік үлесін қосып жүрген танымал сұлуларымыз да қызығушылығын танытып, біздің бұйымдарды иеленіп жүр. Бұл біздің қуанышымызды еселей түспесе, кемсітпесі анық! Ол адамдарды біздің бұйымда көргенімізге әрдайым қуанышты екенімізді жеткізгім келеді. Жалпы қай жан болмасын, мейлі ол танымал немесе танымал болмасын - әр қазақ қызының сұлулығына үлес қосатыныма қуаныштымын.

-Болашақта қандай жоспарларыңыз бар? Мысалы шетелге шығару ойда бар ма?

-Болашаққа жоспар өте көп. Тек тынымсыз еңбек пен жоспарымды жүзеге асырудағы басты мақсаттарымның бірі – тек қана ағаш бұйымдарымен шектеліп қана қоймай, күміс бұйымдарға ағаш қосу арқылы жаңа дүниелер жасап шығару. Ал негізгі мақсатым -ұлтыма қызмет жасап, қазақ өнеріне аз да болса өз үлесімді қосып, халық назарына жаңа өнімдерімді паш ету!

Біздің бұйымдар қолжетімді әрі сапалы болған соң отандастарымыз шетелдіктерге сыйлық ретінде көптеп алып жатады. Және шетел азаматтарының өзінің қызығушылықтарымен бұйымдарымыз көптеген мемлекеттерге шығып үлгерді.Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір әлемдік азаматшалардың да біздің бұйымға қызығып, иеленіп жатқандары көңіліме қуаныш сыйлайды. Біз мұнысымен де өзге елде өз еліміздің тарихын бере алатынымызға қуаныштымыз.

-Жанғазы, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Фото жеке мұрағаттан

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ