Шымкенттен шыққан ойыншықтар Қырғызстанда сатыла бастады

0
4 242

Шымкентте ойыншық жасаумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар, соның бірі – «Baby Plast». Мұнда айына 8-10 мыңға жуық ойыншық өндіріледі.


Шымкенттен шыққан ойыншықтар Қырғызстанда сатыла бастады

Шымкентте ойыншық жасаумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар, соның бірі – «Baby Plast». Мұнда айына 8-10 мыңға жуық ойыншық өндіріледі.

Төрт жылдан бері ойыншық жасаумен айналысып келе жатқан кәсіпорынды 67 жасар Оңалсын Омарова басқарады. Кәсіпкер әже зейнетке шыққанға дейін ауруханада акушер болып жұмыс істеген. Өз айтуынша, 90-жылдардағы дағдарыс кезінде зейнетке шыққанына қарамастан базарға шығып, ойыншық сатуға мәжбүр болыпты.

Осылай келе «сол ойыншықты өзіміз шығарсақ қалай болар екен» деген оймен жаңа кәсіпорынның негізін қалаған. Бүгінде «Baby Plast» ойыншықтары Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралуда. Шымкенттің өзінде бірнеше көтерме сауда нүктелері бар.

Бір ерекшелігі – компания тек өз есебінен дамып, өркендеп жатыр. Бірақ бәрібір мемлекеттің қолдауы керек. Себебі жақында ғана компания тауарын экспортқа жөнелте бастады. Атап айтқанда, Қырғызстанға.

Компанияның атқарушы директоры Нұралы Тіленшиевтің айтуынша, бұрын олар ойыншықты көрші елдерден тасымалдаса, енді өздері өткізе бастапты.

«Қырғызстандық әріптестеріміз тауарымызға қызығып, осымен екі партия тауарды шекара асырдық. Сұраныс жақсы. Бірақ қаржы қолбайлау. Біз қазір цехты жалдап отырмыз. Былтыр биліктен «Оңтүстік» индустриялық аймағынан орын береміз, инфрақұрылым, бәрі бар, келіп, осында жұмыс істе» деген ұсыныс түсті. Бірақ индустриялық аймақ қаладан алыс, ол бізге қолайсыз. Енді бизнес-жоспар жасап, мемлекеттен несие алсам деп ниеттеніп отырмын. Бәрібір өз зауытымызды салып, орнығуымыз керек, сол кезде жан-жақтан келіп жатқан сұранысты толық қанағаттандыра аламыз», - дейді Н. Тіленшиев.


Өндіріс ошағында ойыншықтың 50-ге жуық түрі шығарылады. Өнімнің сапасын айқындайтын сәйкестік сертификаты бар. Табиғи таза өнім. Ойыншықтар полипропилен деп аталатын материалдан жасалады. Оны «Baby Plast» компаниясы Ресейдің Уфа қаласынан алдырады. Бүгінде зауытта 8 станок жұмыс істеп тұр.

«Негізі, ойыншықтың ассортиментін ұлғайтсақ деп едік. Біздің өнімдер көбінде ұл балаларға арналған. Машина, конструктор дегендей. Мысалы, соны түрлендіріп, қуыршақты қосуға болар еді. Бірақ оның әуресі аз емес. Киімін бөлек тігесің, шашын жапсырасың, аяқ-қолын бөлек жасап, құрастырасың. Оған жеке станок алдыру керек. Дегенмен, мемлекеттен қолдау болса, оның бәрін де жүзеге асыруға болады» дейді кәсіпорын директоры.