Хоббиі үшін тұрақты жұмысын тастаған кәсіпкер

0
513
Бесік қазақпен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан киелі зат. Ал бесікті жасау мәртебелі, әрі күрделі жұмыс.

Хоббиі үшін тұрақты жұмысын тастаған кәсіпкер

Бесік қазақпен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан киелі зат. Ал бесікті жасау мәртебелі, әрі күрделі жұмыс. Саф өнерді бұл күні өзіне серік етіп жүрген кәсіпкер Аслан Ибрашевке хабарласып, оның пиар менеджері және туған қарындасы Нұргүлмен біраз тілдестік.

Өзі журналистика мамандығында білім алған қыз бізге кәсіптерінің басталу тарихы мен даму кезеңдерін жіпке тізгендей етіп айтып берді.


"Қай кәсіпкер болмасын, кәсібін бастар алдында икемі мен қабілетіне байланыстырып бастағаны әлбетте жақсы. Осы тұста біз қателеспедік деп ойлаймын. Менің ағамның бала кезден келе жатқан хоббиі ағаштан әр түрлі нәрселерді жасау болатын. Кейін, ол хоббиі өзінің сүйікті қызметіне, кәсібіне айналды. Ол үшін ағам өзінің тұрақты жұмысынан да бас тартты" деген Нұргүл кәсіптерінің 2014 жылы шағын шеберхананы жалға алудан басталғанын айтты. Сол жылдары отандық өнімдерімізді брендке айналдыру қолға алына бастағаны есімізде. Нұргүлдің ағасының да мақсаты ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап шығарып, ұлттық өнімнің дамуына үлес қосу болыпты.

"Бірақ, басында біраз қиыншылықтар болары сөзсіз. Материал жетіспеушілігі, арнайы ағаш кесуге арналған аппараттар, бұлардың барлығы соңында қаражатқа келіп тірелетіні анық. Бірақ болашағына сеніп, ағам бұл қиыншылықтардың бәріне тәуекел етті. Қазір 100 пайыз демесек те, 4 жылда аз да болсын өзгеріс бар"-, дейді өткенге ой жүгірткен Нұргүл.

Алғашында тек Атырау облысы төңірегінде қызмет еткен шеберлер қазір тапсырыстарды барлық аймақтан қабылдайды Бастапқы кезде аулаға қоятын арнайы сәкі (тапчан), беседка, жер үстел сияқты өнімдерді жасаса, соңғы 1-2 жылдың көлемінде жиналмалы бесік жасауды қолға алған. Бір адаммен ғана басталған кәсіптен қазір 10 шақты адам нанын тауып отыр. Тұтынушылардың саны бұрынғыдан едәуір артқан.

Нұргүлдің айтуынша, басқа өнімдерге қарағанда жиналмалы бесікке деген сұраныс өте жақсы. Бұл бесіктің түрі Қазақстандағы нақырыққа кіргеніне 6-7 жыл болса да, шеберлер оның дизайнына ерекше мән беріп, басқа үлгіде шығара бастаған.

Жиналмалы бесіктің қарапайым бесіктен айырмашылығы – арнайы топса қондырылады. Шағын кілті арқылы бесіктің топсасын босатып, жинап, қайта құруға болады. Сондықтан, үйде артық орын алмайды, әрі жолға алып жүруге де ыңғайлы. Бұл бесіктерді қарағай ағашынан жасайды, салмағы шамамен 10 килограммдай болады. Негізінен бір бесік 2-3 күнде дайын болады. Ал тапсырыс көп кезде 15-20 күнге дейін созылады.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Автор: @Karashash_esenbay

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет