1-сыныпқа баратын БАЛА мен оның АТА-АНАСЫ бұны білгені жөн!

0
12 668
Балаңыз мектепке бара ма? Нені білуі керек?

1-сыныпқа баратын БАЛА мен оның АТА-АНАСЫ бұны білгені жөн!

Жаңа оқу жылының басталуына 2-3 апта ғана қалды. Сіздің балаңыз биыл 1-сыныпқа бара ма? Ол мектепке дайын ба? Жо-жоқ, материалдық тұрғыда емес, интеллектуалды және психологиялық тұрғыда дайын ба?

Сурет: ERNUR.KZ

Психологтардың пікірінше, ақыл-ойы дұрыс дамыған 6-7 жастағы бала мыналарды білуі тиіс:

• Аты-жөнін, ұлтын, руын, тұратын мекенжайын (көше атауы, үйдің нөмірі);

• Жасы мен жынысын (ұл бала, қыз бала);

• Қай елдің азаматы екенін, Қазақстанның қай облысында (қала, аудан, ауыл) тұратынын;

• Ата-анасының аты-жөні мен қандай қызмет атқаратынын (қай мекемеде кім боп жұмыс істейтінін);

• Ата-анасының телефон нөмірін жатқа айтуды;

• Отбасында қанша адам бар екенін;

• Қанша әпкесі, ағасы, інісі бар? Үйінің нешінші перзенті?

• Үлкен адаммен сәлемдесуді;

• Мектепке не үшін баратынын;

• Қаламсапты дұрыс ұстауды;

• Түстерді ажыратуды;

Бағдаршамның қызыл түсі жанғанда – тоқтауды, сары түсі жанғанда – дайындалуды, ал жасыл көзі жанғанда – жүруге, жолдан өтуге болатынын;

• Қазір жылдың қай мезгілі екенін, бір жылда 12 ай, бір аптада 7 күн болатынын;

• Жыл мезгілдерін, ай аттарын, апта күндерін;

• Сағаттың неше болғанын;

• 1-ден 10-ға дейін санауды; кері санауды;

• Дене мүшелерін;

• 10 шақты жануар мен құстың, жемістің атауын;

• Оң, сол, жоғары, төменді ажырата біледі;

• Заттарды бір-бірімен салыстыруды (үлкен, кіші, ұзын, қысқа);

• Адам мен қуыршақтың, самолет пен құстың айырмашылығын;

• Қарапайым геометриялық фигураларды ажыратуды;

• Суретке қарап әңгімелеуді;

• Қайшымен қағаз қиюды;

• Таңертең және кешке тісін тазалауды.

Егер, бала осының бәрін (немесе 80 пайызын) білсе, онда ол 1-сыныпқа баруға дайын. Сонымен қатар, психолог мамандары баланың білім ұясының табалдырығын аттауға дайын екенін тексеру үшін «Мектеп» деп аталатын рөлдік ойын ойнауды ұсынады. Мектепке дайын бала оқушының рөлін таңдаса, ал дайындығы аз бала мұғалімнің рөлін ойнағанды жақсы көреді екен.

Ата-ана мектепке баратын балаға мыналарды үйретуі керек:

1. Мұғалімнің сұрағына дұрыс жауап бере алмаса, шығарған есебі дұрыс болмаса, сөздерді дәптерге жазғанда қате жіберсе – ешкім де оны мектептен шығарып жібермейтінін;

2. Қате жауап беру, түсінбесе қайталап сұрау ұят емес екенін;

3. Өз пікірін білдіруден, әжетханаға барғысы келсе сұранудан қорықпауды.

Ал, ата-ана білуі тиіс:

- Баласының денсаулық жағдайын;

- Перзентінің бойы мен салмағын;

- Қабілет-қарымын, неге бейім екенін;

- Баласының енді бүлдіршін емес, оқушы екенін, демек енді ойыннан гөрі оқу-білімге көбірек уақыт арнау керектігін;

- Балаға алғашқы алты айда мектепке үйрену қиындық тудыратынын, сондықтан да оған көмек, қолдау, ата-ана мейірімі көп мөлшерде қажеттігін;

- Балаға жеке тұлға деп қарауды, айтқандарын мұқият тыңдауды;

- Бала үлгерімі нашар болып жатса, үй тапсырмасын орындай алмаса, қаталдық пен сынап-мінеуден аулақ болуды;

- Оқу-білімге қызықтырудың әдістерін;

- Баланың күн тәртібін дұрыс жоспарлауды;

- Баланың бойында өзін-өзі құрметтеу сезімін және өзіне деген сенімділікті қалыптастыруды...

Психологтар осылай дейді. Ал, бұл тұрғыда педагог мамандар не дейді екен? Тәжірибесі мол ата-аналар ше?

Дайындаған: Ж.СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет