​30 күн еңбек демалысына арналған жоспар

0
5 718

Мысалы, оны былай жоспарлауға болады.


​30 күн еңбек демалысына арналған жоспар

Биылғы еңбек демалысын алдыңыз ба? Меніңше, жаз айларының бірінде алаңсыз демалыс ұйымдастыруды жоспарлап отырған боларсыз. Әрине, үйді күрделі жөндеуден өткізу т.б. осы секілді отбасылық мәселелерді атқаруды да ойлап отырған шығарсыз. Мейлі, әйтсе де, таусылмайтын тірлікпен қатар, әр күнге арнайы жоспар құрсаңыз, демалысты пайдалы әрі қызықты өткізуге болады. Психолог мамандар еңбек демалысын міндетті түрде жоспармен өткізуді ұсынады. Алдын ала әр күнге жоспар құру керек екен.

Мысалы, оны былай жоспарлауға болады. Әр күнімді тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, оны әркім өз қалауы мен қажеттілігіне қарай құрады. Мен тек әр күннің ең басты атқарылуы тиіс істерге ғана тоқталайын. Мүмкін, қажет жерін өз жоспарыңызға енгізерсіз.

1 ШІЛДЕ: Бір күн бойы ұялы телефонды сөндіріп тастау. Әлеуметтік желілерге кірмеу, ешкіммен сөйлеспеу. Үй шаруасын, басқа да күйкі тірлікті ұмытып, күні бойы алаңсыз ұйықтап тынығу.

Егер, үйіңізде бала-шаға, басқа да отбасы мүшелері тынығудың бұл кайфын бұзады десеңіз, онда бір күн қонақ үйде демалуыңызға болады.

2 ШІЛДЕ: Қажетсіз заттардан тазару. Асүйден бастап, гардероб ішіне дейін «ревизия» жасау. Шеті кетілген, «кейін керек боп қалар» деп, бірақ бірнеше жылдан бері қолданылмай тұрған ыдыс-аяқты, істен шыққан телефон, телефонды қуаттандырғыштар, тұрмыстық техникалық заттар, ескірген ыдыс және еден жуатын шүберектерді, сыймай қалған киімдерді, тозған іш киім, шұлық... бәрін-бәрін қоқысқа тастаңыз.

Жарамсыздан тазару операциясы аяқталған соң, ең соңғы қоқысты тастайтын кезде «Бір жыл бойы ой-санамда жиналған негативті ақпараттардан да тазардым» деп айтыңыз. Үйіңіз ғана емес, миыңыз да кеңіп қалғандай күй кешесіз. Ой-ой, телефоныңызды да керек емес және сізді іздемейтін адамдардан тазартуды ұмытпаңыз.
3 ШІЛДЕ: Монша күні. Үнемі баратын моншаға емес, бұрын-соңды есігінен кірмеген ең жақсы моншаны таңдау. Пилинг, массаж жасату. Бу бөлмесінде алаңсыз жату, мұздай бассейнге түсу.

Моншаға жақын достарыңызбен, құрбыларыңызбен бірге баруға да болады. Бұл демалысыңызды қызықты ете түседі.

4 ШІЛДЕ: Әсемдік күні. Әсемдік салонына барып, шаш үлгісін өзгерту, қидырту, бояту. Қас тергізу, шугаринг, маникюр, педикюр жасату. Ал, үй жағдайында бет терісіне арналған өзіңізге ұнайтын маскаларды жасауға болады.
5-6 ШІЛДЕ: Ата-ананың жанында өткізу. Олармен бірге бір дастарханда отырып тамақтану, әңгімелесу, еркелеу, еркелету. Түнде анамды құшақтап жату.

Соңғы рет қашан әке-шешеңізбен бір күнді толық бірге өткіздіңіз? Егер, баруға мүмкіндік болмаса, оларды шақырыңыз. Өз шаңырағыңызда дастархан жайып, ата-анаңызды қонақ етіңіз немесе кафе, мейрамханалардың бірінде бірге түскі ас ішіңіз.

7 ШІЛДЕ: Киноға бару. Сүйіктіңізбен (күйеуіңізбен бірге) комедия немесе мелодрама+комедя жанрындағы фильмді тамашалаңыз.
8-9 ШІЛДЕ: Бұл күннің ұраны: «Сыйласып өмір сүрейік, уақытша ғана адамбыз». Бір ата-анадан туған бауырлардың бәріне телефон шалып, сөйлесу, амандық сұрасу. Ренжісіп жүргендермен татуласу. Жақын маңда тұратын бауырлардың үйіне қыдырып бару.

Мүмкін ол сізді ренжіткен болар, бірақ бірінші сіз-ақ кешірім сұрай салыңыз. Егер, кешірім сұрап татуласу қиындық тудырып жатса, «Қадірін білмей жүргенде, қабірін қазып жыларсың. Бауырлық таныт бауырға» деген әнді бірнеше рет тыңдауға кеңес беремін.

10 ШІЛДЕ: Тәтті күн. Балмұздақты қалағаныңша жеу. Үйде отбасылық дастарханға түрлі тәттілер (торт, пирог, күлшелер т.б.) пісіру. Сонымен қатар, 10 адамға себепсіз-ақ тәтті сөз арнау. Тәтті де жылы сөзді смс арқылы жолдауға да болады.

11 ШІЛДЕ: Жаңа бір істі істеп көру. Мысалы, велосипед айдау, шаңғы тебу, атқа міну, парашютпен секіру, сурет салу т.б.
12 ШІЛДЕ: Дүйсенбі және бейсенбі күні ашығу денсаулыққа өте пайдалы. Бұл күнді ашығуға арнаңыз және әр аптада бұны әдетке айналдырыңыз.

13 ШІЛДЕ: Бір күн бойы ұялы телефонды сөндіріп тастау. Әлеуметтік желілерге кірмеу. Бір күні бойы ешкіммен сөйлеспеу адамның таусылған қуатын жылдам толықтырады.

14 ШІЛДЕ: Үйге қонақ шақыру. Абысындарды, құрбыларды немесе күйеуіңіздің достарын, әпке-жеңгелерді, я болмаса жаңа әріптесті, көршіні... кешкі асқа шақырыңыз. Психологтардың айтуынша, адам қонаққа барғаннан ғана емес, қонақ шақырғаннан да әдемі демалады.

15 ШІЛДЕ: Бір күн мен бір түнді табиғат аясында өткізу.

Өзіңіз тұратын облыстың табиғаты тамаша демалыс орнына барыңыз.

16 ШІЛДЕ: Гардеробты жаңарту. Басқаға емес, өзіңізге жаңа киім, бұйым сатып алу, дүкен аралау.

17 ШІЛДЕ: Психолог қабылдауына бару. Психолог кеңесін алу. Тым болмаса интернеттен психологиялық тесттерге жауап беріңіз. Өзіңізге не қажет, сіз нені қалайсыз, не қуандырады, не ұнамайды, қай жаман әдетпен күресу қажет... анықтау.

18 ШІЛДЕ: Түнді ұйқысыз өткізу. Түнгі қалада қыдырыңыз, серуендеңіз немесе жай үйде отырып-ақ түн тыныштығын сезінуге болады. Бұл да керемет демалыс сыйлайды және психологтардың пайымдауынша, жеке мәселелерді шешуге түнде туған ойлар жақсы көмектесетін көрінеді.

19 ШІЛДЕ: Таңертең жүгіру. Жалпы, таңертең жүгіру күн тәртібіңізде бар ма? Жүгіру жасқа да, салмаққа да қарамайды. Бір ай емес қой, бір-ақ күн ерте тұрып бірнеше км-ді жүгіріп шығыңызшы. Бұл ағзаңызға спорттың қаншалықты қажет екенін ұқтырады. Мүмкін, осыдан соң таңғы жүгіру күн тәртібіңізге еніп те қалар.

20-21-23 ШІЛДЕ: Денсаулық күні. Бүкіл ағзаны УДЗ-ге түсіру, гинекологқа, маммологқа (еркектер урологқа) тексерілу. Қай мүше сау, қайсысында кесел бар екенін анықтап, қажетті емді қабылдауды бастау. Өт пен ішекті жудырту, бауырды тазалату.

24 ШІЛДЕ: Өзіңізге ұнайтын жерге бару. Мысалы, мен «Ғайып Ерен, Қырық Шілтенге» барамын.

25-26 ШІЛДЕ: Шомылу күндері. Көлге, теңізге (немесе бассейнге) шомылу.

Ол үшін шетел асудың қажеті жоқ (әрине, мүмкіндік болса қанекей), Түркістан облысында тұратындар Шардараға, Ленгірге баруына болады. Көлге шомылыңыз, қайыққа мініңіз, күнге қызған құмда жатыңыз. Меніңше, бұл керемет демалыс!

27 ШІЛДЕ: Үйдегі демалыс. Интернеттен сүйікті фильміңізді көріңіз, кітап оқыңыз, сүйіп жейтін тағамыңызды пісіріңіз, ұйықтаңыз т.б.

28-29 ШІЛДЕ: Басқа қалаға (ауылға) қыдыру. Басқа қалада тұратын құрбыңызға, сіңліңізге, я болмаса туған-туысқандарыңыздың үйіне қыдырып барыңыз. Немесе жай өзіңіз бұрын бармаған қалаға барып, аралап қайтуыңызға болады. Әлде, Қазақстанның барлық қаласына барып қойғансыз ба?

30 ШІЛДЕ: Монша және өзіңе күтім жасау күні.

Ал, 31 ШІЛДЕ күні жоспардағы атқарылмай қалғандарды тізіп шығыңыз да демалысыңыз қалай өтті ойша саралаңыз, талқылаңыз. Әр күнді алдын ала жоспарлағанның қандай пайдасы бар екен? Жоспарлау ұнады ма?

Ал, сіз еңбек демалысыңыздың әр күнін қалай жоспарлап отырсыз? Жоспарыңызбен бөлісіңіз, қажет еткенге пайдасы тиіп қалар...

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ