40 жаста "Ата-анам айтса болады ғой" десеңіз, Сіздің әлі де АҚЫЛЫҢЫЗ КІРМЕГЕН

0
2 384

​Бұл қиын емес.


40 жаста

(фото: ic.pics.livejournal.com)

Психологтардың пайымдауынша адамның кемелдену жасы – 23-49 жас аралығы. 49 жасқа дейін мынау «кірпіш дүниенің кетігін тауып, қаланып» үлгеруі керек екен. Яғни, оның бұл жаста өзіне ұнайтын үйі, жанұясы, перзенті, тұрақты жұмысы, көлігі, өзіндік ой-пікірі, айтар ақылы, абырой-беделі болуы қажет.

Алайда жасы 40-қа келсе де отбасы құрмаған, жұмыссыз, ата-анасының қолында тұратын ұл да, қыз да көп. Психологтар мұндай адамдарды «өз өміріне жауапкершілік алмағандар» деп атайды. Адамтану мамандарының зерттеуінше адам өміріне жауапкершілікті алған күннен бастап, көзқарасы, ойы мен әрекеті де өзгере бастайды екен. Демек, өзгерістер өз тағдырыңа жауапкершілікпен қарауды үйренгеннен соң басталады. Олай болса, өміріңізге жауапкершілікті алыңыз.



ҚАЛАЙ?

Осы тұста көптің арасынан «Әрине, айтуға оңай. Кім өмірін өзгерткісі келмейді дейсің?! Бірақ қалай?», «Барлық адам кеш те болса өмірден, қоғамнан өз орнын табуды, белгілі бір жетістікке жетуді қалайды. Тек неден бастарын білмейді», «Бәрі өміріңе жауапкершілікті ал дейді. Бірақ жауапкершілікті алу деген не?» дейтіндер табылатыны анық. Бұған психологтар былай жауап береді.


1. Түсіну

Ең бірінші адам кәмелеттік жасқа толған соң ары қарай өз өміріне өзі жауапты екенін түсінуі керек. Немесе ата-ана түсіндіріп санасына құю қажет.

Мысалы, елімізде 16 жасқа толған балаға жеке куәлік беріледі. Мұндағы «жеке» деген сөзге мән беріңіз. Сіз осы жастан бастап жеке тұлға боп қалыптаса бастайсыз.

Ал 18 жаста жүргізуші куәлігін алуға, көлік айдауға рұқсат етіледі. Ата-анасыз басқа елге де бара аласыз. Түнде жүрсеңіз полиция қызметкерлері «Неге жүрсің?» дей алмайды. Банкке барып депозит ашамын десеңіз де, тіпті несие рәсімдегіңіз келсе және некеге тұруға құжат өткізсеңіз де бұрынғыдай ешкім «Ата-анаң қайда?» деп сұрамайды.

Бұл енді ата-анасыз бөлек өмір сүруге, олардың жетегінен шығуға, ақша табуға ешнәрсе кедергі бола алмайды дегенді білдіреді. Бірақ та сонымен қатар, 18 жастан бастап сіздің қателіктеріңіз үшін ата-ана, бауырларыңыз да жауап бермейтінін түсініңіз. Мысалы, қылмыс жасасаңыз, жазаңызды сіз үшін ата-анаңыз өтемейді. Кафеде біреулермен төбелесіп қалсаңыз, емтихан тапсыра алмай университеттен шеттетілсеңіз бұған мұғалім, оқытушы кінәлі болмайды. Бұдан былайғы әр әрекетіңіз үшін өзіңіз ғана жауаптысыз.

Бұның бәрі де сізге 18 жастан бастап «жақсылық көрсеңіз де, жамандық көрсеңіз де – өзіңізден» дегенді ұқтырады. Осыларды түсінген адам өз өміріне жауапкершілікпен қарай бастайды. Ал өміріне жауапкершілікті алған адам оқуды ата-ана үшін емес, өзі үшін оқиды. Біреу үшін емес, денсаулығы үшін спортпен шұғылданады. Ата-анасына масыл болмауды ойлайды.



2. Әрекет

18 жастан бастап адам өзінің әр іс-әрекетіне, әр басқан қадамына, сөзіне жауап беруді үйренсе, кемел жасқа дейін психологтар жоғарыда айтқандай, ол өмірден өз орнын тауып үлгереді.

Ол үшін армандарына, мақсаттарына қарай ұмтылу керек. Ал әрекет ету үшін өзін-өзі ақтау, сылтау және өзгені кінәлау сөздерден құтылған дұрыс.



3. Сылтау айтуды тоқтату

Психологтар сылтау, ақталу, кінәлау сөздерінен асқан тұсау жоқ дейді. Әрекетке байлау болатын сөздерге мысал келтірейікші.

  • «Бір емес, бірнеше рет әрекет еттім ғой, болмады»: Жасаған қадамдарыңызды зеттеңіз, саралаңыз, қателіктеріңізді табыңыз. Әрекетті күшейтіңіз.
  • «Ой, дипломың болмаса жалақысы тәуір жұмыс таба алмайсың»: Қазір барлық қала-ауданда жұмыспен қамту орталығы бар. Жұмыс та тауып береді, икеміңізге қарай қысқа мерзімді тегін оқу курстарына да жібереді. Немесе 3-6 айда қолыңызға арнайы сертификат беретін SMM, копирайтер, фотограф, тігінші, тырнақ әрлеуші, аспаз, шаштараз мамандықтарын оқып алыңыз, кім кедергі? Сантехник, электрші, шаштараз боп та айына 600-900 мың теңге табыс тауып отырғандар бар. Сіз де оқыңыз, үйреніңіз. Ешқашан кеш емес.
  • «Бірнәрсе бастайын десем, ата-анам, жарым сенбейді маған»: Бір іс бастау үшін өзгелердің рұқсаты, сенімі қажет емес. Бастысы, өзіңізге сенсеңіз жетеді.
  • «Қиын ғой»: Оңай жерде нан жоқ. Жұмыстың оңайы да жоқ. Жетістік, көлік, баспана, ақша, тіпті отбасы да тек еңбекпен, қиындықтарды жеңумен, ұйқы мен демалысты азайтумен келеді.
  • «Ата-анам кезінде дұрыс тәрбие бермеді. Ешкім «кейін өкінесің» деп айтпады ғой»: Өзін-өзі тәрбиелейтін жастасыз. Жаңа дағдылар қалыптастырыңыз, басқаша өмір сүруді бастаңыз.

Осындай сылтау, ақталу, кінәлау сөздерін айтып отыра бермей, орныңыздан тұрып әрекетке көшу де – «өз өміріне жауапкершілікті алу» деп аталады.


Сіз осы жазбаны оқығаннан соң әрекетке көшесіз деп ойлаймыз. Ал егер «Өз өміріңе жауапкершілікті ал деп ешкім айтпады ғой, ата-анам жас кезімде айтса болады ғой» дегіңіз келсе, жауапкершіліктің не екенін әлі де түсінгіңіз келмегені. Ал білмегенді білуге, психологтардың айтқанын түсінуге талпынбау да – өз өміріне жауапкершілікті алмауға жатады.

Есте ұстаңыз, сіз жауапкершіліктің не екенін түсінбейінше, әрекет ете алмайсыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Үздік баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?


Баланың ӨТІРІК айтуын ҚАЛАЙ қойдыруға болады?