«АРМАНДАР КАРТАСЫ» неге арманыңызды орындамай жатыр?

1
9 857

Себебі осында жатыр.


«АРМАНДАР КАРТАСЫ» неге арманыңызды орындамай жатыр?

Соңғы 4-5 жылдан бері «Армандар картасы» трендте. Бүгінде «Армандар картасының» не екенін, оның қалай жасалатынын білмейтін қыз-келіншек кемде-кем шығар?! Жасап үйіне іліп қойғандар да аз болмаса керек. Ал сіз ше, осындай тілек картасын жасадыңыз ба?


Сурет қиындыларынан құрастырылатын бұл карта қазірше тренд тізімінен түсе қоймайтын сияқты. Өйткені қазақтілді коучтар әлеуметтік желі парақшаларындағы тікелей эфирлерде «Армандар картасын» жасауға әлі де кеңес беріп жүр.

«Құралай ханым» деген атпен көпшілікке жақсы таныс коуч Құралай Ошақбаева да онлайн сабақтарында өзінің бірнеше жыл бұрын жасаған «Армандар картасы» туралы жиі айтып, көрсетеді.


Мынау белгілі Құралай ханымның танылмай тұрған кезде жасаған армандар картасы.

Ол «Адам бір нəрсені қалап, оны қажет етсе, оның миында арманын суреттейтін бейне қалыптасады. Мысалы, керемет зəулім үй, бала, машина жəне т.с.с. Ал егер осылар жайлы үнемі ойлай берсе, онда бейне бейсанаға айналып, адам армандарының орындалуы үшін бейсаналық қадамдар жасай бастайды. Бұны психологияда армандарды елестету (визуализация желаний) деп атайды» деп түсіндіреді оқырмандарына.

Белгілі мотиватор Құралай ханым өзінің ауылдан Нұр-Астана қаласына көшіп келуіне, қазіргі жұрт қызығатын жетістігі мен табысына да «Армандар картасының» қатысы бар екенін тілге тиек етеді.


Ал сіздің коллажды картаңыз арман-мақсат жоспарларын жүзеге асырды ма?



НЕГЕ?

Бірақ армандарымен үйлесетін суреттерді журналдардан қиып, плакатқа жапсырып іліп қойғанымен, барлық адамның арманы орындалып жатқан жоқ.

Мүмкін фен-шуй заңдарын қатаң сақтау керек шығар? Барлық ережені дұрыс орындап па едіңіз? Назарыңыз жиі түсетін жерге ілдіңіз бе? Күн сайын немесе аптасына бір рет «армандар картасына» қарап, қиялыңызда суреттегі көлікті айдап жүргеніңізді, суреттегі үйде өмір сүріп жатқаныңызды елестетуге уақыт бөліп жүрсіз бе? Қай арманыңыз қашан орындалғанын қалайтыныңызды жаздыңыз ба?

Иә, суреттерді қиып жабыстырып қойғаннан соң армандарыңызды қойын дәптерге жазу керек. Жазсаңыз да картада күш жоқ секілді ме?

Алайда ешқандай заңдылықты білмей-ақ, арнайы сабақтарға қатыспай-ақ құрбысынан, досынан ести салып жасаған «Армандар картасы» армандарын орындаған адамдар баршылық қой. Тіпті көзге көрінбейтін жерге (гардероб ішіне) іліп қойып, оған күнде қарамаса да картаға жапсырған көліктен маркасы да, түсі де дәл келетін автомашина сатып алған келіншек бар.

Бұл армандар картасының жұмыс істемеуінің себебі секторларда да, арнайы уақыт бөлуде де емес екенін білдірсе керек.



НЕ СЕБЕП?

Бизнес жолында жеткен жетістігі мол мотиватор, психолог Брайан Трейсиден тернингтерінде бір қатысушы «Армандар картасының» неге жұмыс істемейтіндігін сұрағанда, ол бірнеше себебін былай түсіндіріпті.


  • Арман, мақсат коллажды суретпен қабырғаға ілінуінен бөлек, қағазға түсуі міндетті. Яғни армандар картасын жасамас бұрын жазу керек.
  • Нақты болсын. Мысалы, сіз тұратын қаладан алыстағы басқа облыста орналасқан ірі зауытқа бір нәрсені жасауға тапсырыс бердіңіз делік. Зауыт шеберлері сізден тапсырысыңыздың сызба жобасын пошта арқылы сұратты. Орындап, поштамен салып жіберді делік. Сіз сәлемдемені алып, қорапты ашқанда «Иә, бұл дәл мен қалағандай екен» дейтіндей болуы қажет. Есте ұстаңыз, егер тапсырыс берген затыңыздың түсі, көлемі, өлшемі, салмағы т.б. нақты көрсетілмесе зауыт шеберлері орындай алмас еді. Яғни армандар картасын жасағанда да, оны сөзбен өріп қағазға жазғанда да нақты, егжей-тегжейлі, түсінікті болуы керек.
  • Қажет нәрсені армандаңыз! Біреулер армандар картасын жасағанда үйіндегі барлық журналдағы әдемі суреттің бәрін қиып алып шетінен жапсыра береді. Коллажға қарағанда, жазған мәтінін оқығанда тіпті өзі шатасады. 1-3 жылда сізге не қажет, соны ғана жазып, соның суретін ғана жапсырыңыз.
  • Арманыңыз туралы жиі ойлап, ол жөнінде көп айтыңыз. Брайан Трейси бір кітабында былай деп жазады: «...Әйеліміз екеуміз шағын бір бөлмеде тұрған уақытымызда баспана туралы жиі армандадық. Біздің армандаған үйіміз қандай болар екен деп ойладық. Мен осыны әйелімнен жиі сұрайтынмын. Біз ол үйдің «қонақ қабылдайтын үлкен бөлмесі, балалар бөлмесі және арт жағында өте әдемі ауласы болады» деп, көз алдымызға елестетінбіз. «Осының бәрін жазып қою керек» деп ұйғардық. Бұл үйімізге қатысты 42 мінездеме жаздық. Әр ай сайын бау-бақшасы бар, жағада салынған, өзіне тән әсемдік жобасы жасалған үйлердің суреттері бар журналдар сатып алатынбыз. Ол журналдарды қарап отырып, өзіміздің болашақ үйіміздің солардың қайсысына ұқсағанын қалайтынымызды айтып, ой бөлісетінбіз, талқылайтынбыз. Ақыры біз талабымызға сай келетін бір үйді таптық. Бұл үйде біз 19 жылдан бері тұрып келеміз...»


Брайан Трейси атаған себептердің ішінде нақтылық пен айқындылыққа басымдық береді. Егер сіз жасаған армандар картасында, жазған арман-мақсаттарыңызда нақтылық жоқ болса, түзетіңіз. Ал «Армандар картасын» осы уақытқа дейін жасамаған болсаңыз, қалай жасалатынын білгіңіз келсе, жазба астында «білгім келеді» деп комментарий қалдырыңыз.

(Суретер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өмірден «БЕС» деген баға алғыңыз келе ме? Денеңіздің 5 нүктесін жерге тигізіңіз!!

Ажырасарда мына ҮШ НӘРСЕНІ есте ұстаңыз!