АШУДЫ ауыздықтайтын тиімді 3 ТӘСІЛ

0
6 282

9 маусым – Халықаралық достық күні. Ренжіспеудің, араздаспаудың бір жолы – ашуланбау. Әр түрлі жағдайларда ашуланбаудың амалдарын бірге іздеп көрейік.


АШУДЫ ауыздықтайтын тиімді 3 ТӘСІЛ

Сізді көбінесе не ашуландырады? Жақын адамдарыңыздың сөзі мен іс-әрекеті ме, әлде ауладағы балалардың у-шуына да, ағаш отырғыш айналасына базбіреулердің шашып тастаған пісте қабығына, вацаппен тараған балабақша тәрбиешісінің біреудің баласын ұрғанына да шәугімдегі судай қайнап, күйіп-пісесіз бе? Бұл дұрыс па, бұрыс па?


Психологтардың айтуынша, жақын адамдарыңызға, яғни, ата-ана, бауырларыңыз бен бала-шаға, күйеу, әйеліңіздің кейбір қылық, әрекеттеріне ашулану психологиялық тұрғыда орынды. Ал, көрген кинодағы жағдайға да, елде болып жатқан оқиғаларға да ашулану – жүйке жүйесінің шаршағанын немесе невроз, стресс т.б. ауру түрлерінің алғашқы белгілері болуы мүмкін екен. Алдын алыңыз!


АШУДЫҢ ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?



«Ашу – дұшпан» деп ата-бабамыз бекерге айтпаған. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да ашудың ешқандай пайдасы жоқ. Мысалы, медицина мамандары адам ашуланғанда қан қысымының жоғарылап, жүрек соғысының жиілеп, тыныс алу қиындайтынын айтады. Денсаулығы нашар адамдар бұндай кезде өлім құшуы оңай. Киноларда көбінесе қарт адамдар қатты ашуланғанда жүрек тұсын ұстайды да арғы дүниеге аттанып кете барады. Ал, кино өмірден алынады.

Психологтар не дейді? Олар ашуланған кезде қуат ғана емес, адамның өзін-өзі басқаруы да жоғалатынын айтады. Бұған адам өлтіру, суицид, төбелес, ажырасу көбіне ашу кезінде орын алатыны дәләл.

Тіпті, алкогольді ішімдіктер ішу, темекі шегу, тамақты шектен көп жеу де адам бойын ашу билегенде орын алады екен.

Тізе берсек, ашудың өзіңізге де, айналаңыздағыларға да тигізер зияны көп. Адамдар арасындағы реніш пен араздыққа да ашудың қосар үлесі зор. Ашу – ол зат емес, іс-әрекетпен немесе сөзбен көрініс беретін сезімнің бір түрі. Оның ең жеңілі – сөзге айналған түрі дегеннің өзінде, оның кесірі көп адамның арасын алыстатып жүр. Ауыр сөз де, суық сөз бен тікенекті сөз де ашу кезінде айтылады.

Ашуланғанда айтып-айтып тастағаныңызбен, ашуыңыз басылған соң міндетті түрде өкінбей қоймайсыз. «Айтқаныма өкінбеймін» деп өзгені алдағаныңызбен, іштей «Бұл артық болды. Үндемей-ақ қоюым керек еді» деп өзіңізді-өзіңіз таяқтап алатыныңыз анық. Иә, бұл жағдай сізге таныс па? Сондай боларын ертеде-ақ данагөйлеріміз «Ашу – пышақ, ақыл – таяқ» деп бір ауыз сөзге сыйдырып айтып кеткен. Әйтсе де, ашу келгенде бұл аталы сөзді жылдам еске алып тоқтай қалатынымыз аз. Десек те, оны ауыздықтап үйренген дұрыс-ақ. Қалай?



АШУДЫ ҚАЛАЙ АУЫЗДЫҚТАУ КЕРЕК?




1-тәсіл: Тоқтай білу! Тыныс алу жиілеп, алақандарыңыз терлеп, денеңіз ысып, бір орында отыра алмай теріңізге сыймай барасыз ба? Тоқтаңыз! Мұрнын бет қылып сазайын беруді, айтатын сөздеріңізді емес, бұның соңы неге алып баратынын ойлаңыз. Әрине, ойлап та үлгермейтін шығарсыз?! Ашу бар жерде ақыл тұрмайтыны белгілі. Төрт аяқтап қашып бара жатқан ақылдың қайта бұрылып келгенінше сіз талай нәрсені бүлдіріп үлгеруіңіз мүмкін. Сондықтан, ойыңызда тек тоқтау болсын! Дұрысы, ашуландырған адамның қасынан, ашуландырған ортадан кетіп қалыңыз. Бұқар жырау айтпақшы, «Алатаудан асыңыз, ашуыңызды басыңыз». Таза ауада біраз жүріп қайтқаныңыз абзал.




2-тәсіл: Сумен өшіру! Ашу – от. Ашу келгенде 1-кеңесті еске түсіріп, дер кезінде тоқтаңыз. Содан соң салқын су ішіңіз, бетіңізді салқын сумен жуыңыз. Үйде болсаңыз, жуынатын бөлмеге кіріп кетіңіз де шомылыңыз.

Су ақылды шақырады. Екі ит тістесіп жатқанда оларға су шашып жіберіңізші, тым-тырақай қашады. Мас адамның есін жиғызу үшін де оны суға шомылдырады. Бұл психологиялық тәсіл бұдан бірнеше ғасыр бұрын хадис-шәрифтерде айтылып қойылған. Онда «Расында ашу – шайтан, ал шайтан оттан жаратылған. Отты сумен өшірмей ме?! Араларыңызда біреу ашуланса, дереу дәрет алсын» делінген.



3-тәсіл: Еңбек, спорт! Әдетте ашу кернеген кезде адамның тілі немесе қолы «қышиды». Сондықтан әйелдер небір ащы сөзді жаудырып жатса, еркектер жұдырығын ала жүгіреді, кейбірі темекі тұтандырады. Әйелдікі де, еркектікі де дұрыс емес.

Дұрысы, ашуды термен шығару керек. Тер шықпай, іштегі ашу да шықпайды. Көптен бері істелмей тұрған шаруаны орындауға кірісіңіз немесе дене жаттығуларын жасап, денеден тер шығарыңыз. Әсіресе, тыныс алу жаттығулары пайдалы. Бұл да стрестік жағдайдан шығуда көп қолданылатын психологиялық әдістің бірі.


Бұл үш әдіс ең жақын адамдар ашуландырғанда қолданылады. Ал, болмашыға ашуланатындар жағдайды жүрекпен қабылдамауды үйренбейінше бәрі бекер. Будда айтпақшы, «Қандайда бір жағымсыз жағдайды қабылдамайынша, ол сенікі емес».


Жалпы, рухани әлсіз адам болмашыға ашуланады. Бұл туралы Шал Құлекеұлы «Ашуланшақ келеді жарлы кісі» деген. Рухани байлығыңызды арттырыңыз. Өйткені, рухани бай адам сабырлы, кешірімді келеді және ол ашуды дер кезінде тоқтата да біледі.

Ал, оқырман, сіз ашуланғанда оны қалай ауыздықтап жүрсіз? Әдіс-тәсіліңізбен бөлісе отырыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҰБТ-да ЖОҒАРЫ БАЛЛ жинауға көмектесетін ең пайдалы ӘДІС

"Күйеуім досының әйелімен салыстыра береді" - Отбасылық кикілжіңнен шаршаған әйелдің сыры