АУРУ мен ПРОБЛЕМАНЫ азайтатын ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИЕТА

0
7 424

70 парақ және бір қорап сіріңке өміріңізді өзгертеді. Сенесіз бе?


АУРУ мен ПРОБЛЕМАНЫ азайтатын ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИЕТА

28 қаңтар – халықаралық интернетсіз күн. Жылына бір күн көз бен ойды қажетті де қажетсіз ақпараттардан тынықтырыңыз. Бір күн астан тыйылсаңыз өзіңізді сергек, жеңіл сезінесіз бе? Бір күнді интернетсіз өткізу де осыған ұқсайды, бұл диета.


Иә, диетаның психологиялық түрі көп. Біз бүгін нақты нәтижесі болатын психологиялық диетаның бірімен таныстырамыз.


Қорықпаңыз, дәмді тамақ пен кофеге, газды сусындарға, бәліш пен бауырсаққа, тәттілерге, интернетке де рұқсат, тек... Тек 7 күн үзбей 3-4 бет жазу жазсаңыз болды. Күнде бар-жоғы 1 сағат уақытыңызды жұмсасаңыз жеткілікті.


Диетологтар ұсынып жүрген диеталар артық салмақпен күресуге көмектессе, ал бұл психологиялық диета өмір жолындағы кедергілер мен проблемаларды жоюға жәрдемдеседі. Сенбесеңіз, тәжірибеңізде қолданып сынап көріңіз!



Тек БІР-АҚ нәрсені біліңіз

Психологиялық диетаның орындалу техникасы жеңіл, бірақ оның процесі, механизмі күрделі. Алайда механизмін білу сізге маңызды емес. Сіз тек мынаны біліңіз: ағзаңыздағы барлық ауру мен басыңыздағы проблемалар ұзақ жылдан бері өзіңізбен бірге «өмір сүріп» келе жатқан реніштің салдары. «Мен әлдеқашан кешіргенмін», «Кешірдім» деп айтқаныңызбен, жан-дүниеңізге терең үңілсеңіз жазылмаған немесе түбірі қалған реніш-өкпені таба аласыз. Сіз сол реніштерді жоймайынша, өмір бойы аяғыңыздан шала береді, шала береді. Ал мұндай реніш-өкпе токсиндерін сыртқа шығарудың бір жолы – қағазға жазу.


Сонымен, НЕ жазасыз? Іштегі реніштерді. ҚАЛАЙ? Кешірім хат түрінде. КІМГЕ? Сізді ренжіткен және сіз ренжіткен адамдарға. Ол үшін сізге 70 ақ парақ, бір қаламсап және бір қорап сіріңке қажет.


Орындалу ТЕХНИКАСЫ

Қай ренішіңізді ұмыта алмай жүрсіз? Кімге немесе неге қатты ренжіп едіңіз? Реніш белгілі бір адамға, әлеуметтік институтқа, құбылысқа болады. Анықтап, нақтылап алыңыз. Мысалы:

Адамға: өзіңізге, анаға, әкеге, аға-әпкеге, жеңгеге, сіңліге, атаға, енеге, әжеге, досқа, құрбыға, жігітке, қызға, мұғалімге, сүйген жарға, перзентке...

Әлеуметтік институтқа: мемлекетке, мектепке, билікке, заңға, қоғамға...

Құбылыстарға: өмірге, тағдырға, махаббатқа, ақшаға...



ЕРЕЖЕ

  • Кешірім хат жазудың өзіндік техникасы бар. Мұнда қатаң есте ұстайтыныңыз: Бір адамға (немесе әлеуметтік институт, құбылыс) 7 күн кешірім хат жазылады. Бірінші күні анаңызға, екінші күні әкеңізге арнап жазуға болмайды. Мысалы, алдымен 7 күн қатарынан тек анаңызға хат жазасыз. Екінші адамға келесі 7 күнді арнайсыз...
  • Бір күнде бір хат жазылады және ол 70 сөйлемнен тұруы тиіс. Сонда әр күні 70 сөйлем жазасыз. Әр сөйлемді жаңа жолдан жазып, нөмірлеп (мысалы 1, 2, 3... 70) отырасыз.
  • Жазған хатыңызды қайталап оқып шықпайсыз және ешкімге оқытпайсыз. Егер біреу оқып қойса, қайтадан бірінші күннен бастайсыз.
  • Араға бір күн, екі күн үзіліс салуға болмайды. Үзіп алған жағдайда хат жазуды қайта бірінші күннен бастау қажет.
  • Компьютерде, ноутбукта, смартфонда жазуға болмайды. Параққа (дәптер, қойын дәптер, ақ қағаз) қаламсаппен жазу керек.
  • Өмірден өтіп кеткен адамдарға да жазуға болады.


ҮЛГІ

Психологиялық диетаның кешірім хат жазуда өз формуласы бар. Бұны да қатаң орындаңыз. Формула: Мен [толық есіміңізді жазыңыз (Мысалы, Ақмаржан)], [кімді? Аты-жөнін жазыңыз] [не үшін? жазыңыз] кешіремін.

1.Мен Ақмаржан, әкемнің анамды тастап кеткенін кешіремін.

2.Мен Ақмаржан, әкемнің маған көңіл бөле алмағанын кешіремін.

3.Мен Ақмаржан, әкемнің балалық шағымның бақытсыз боп өтуіне себепші болғанын кешіремін.

4.Мен Ақмаржан, әкемнің мені іздеп келмегенін кешіремін.

5.Мен Ақмаржан, әкемнің менің тәрбиеммен айналыспағанын кешіремін.

6.Мен Ақмаржан, әкемнің жігітімнің анасынан «әкесіз қызды әпермеймін» деген сөзді естірткенін кешіремін.

7.Мен Ақмаржан, әкемнің еркектердің бәрін жек көріп өсуіме себеп болғанын кешіремін...

Алғашқы 7 сөйлемнің үлгісін көрсеттік. Осылай дәл осы формуламен бір күнде 70 сөйлем жазуыңыз қажет. Ойыңызға не келді, жаза беріңіз. Мүмкін ол реніш тудыртпайтындай болмашы ұсақ-түйек нәрсе шығар, бірақ ойыңызға орала берді ме жазыңыз. Реніш, ашу, сағыныштан туған жек көру сезімі бәрі-бәрін іштен шығарыңыз.


СОСЫН...

70 сөйлемнен тұратын бір күндік хат жазылды делік. Енді оны не істейсіз? Өртеңіз, сосын ваннадағы сумен немесе әжетхана суымен ағызып жіберіңіз. Немесе аулаға шығарып өртеңіз де күлдің үстінен бір шелек су құйыңыз.

Есте ұстаңыз: 7 күн осындай 70 сөйлемнен тұратын хат жазасыз бір ғана адамға. Содан кейін келесі ренжіткен адамға хат жазуды бастайсыз.

Егер әлеуметтік институттарға, я болмаса құбылыстарға қатты нала боп ренжіген болсаңыз, оған да осы үлгі бойынша 7 күн хат жазылып, өртеледі.

Бірден нәтижесін күтпеңіз. Ол реніштердің терең орналасуына, ауырлығына т.б. байланысты. Бірақ көп ұзамай өміріңіздегі оң өзгерістерді байқай бастайсыз. Тіпті, ұзақ уақыттан бері мазалап келе жатқан кейбір дерттеріңіз, терідегі жаралардың өздігінен жойылғанын таң-тамаша боласыз.


Өйткені

Психологиялық диетаның көмегімен СІЗ:

- Ментальды денеңіз қордаланып қалған «қоқыстан» тазарды
- Эмоциональды жарақатыңызбен бетпе-бет келіп таныстыңыз және жоя білдіңіз
- Ішкі әлеміңізді босаттыңыз
- Өткеннің есігін жаптыңыз. Қазіргі шақта өмір сүруді бастадыңыз

- Адамдармен қарым-қатынасыңыз өзгерді...

Тізіп жаза берсек, психологиялық диетаның енгізетін өзгерісі, пайдасы көп. Сол көп пайдасын өзіңіздің көз жеткізіп куә болуыңыз үшін жазбай қысқарттық. Ал «Жоқ маған алдымен бұл кешіру хатын жазудың адам өміріндегі кедергілерді қалай жоятынына, ағзадағы ауруларды қалай емдейтініне дәлел керек. Терең түсінуім қажет» десеңіз, Колин Типпингтің, Луиза Хей мен Барбара де Анджелистің кітаптарын ғаламтордан іздеп оқып шығыңыз деймін.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Адамның жазу үлгісіне қарап қандай ПСИХОДИАГНОЗ қоюға болады?

"БАСТАЙМЫН" деп әлі жүрсіз бе? Мына КЕДЕРГІДЕН өтсеңіз болды