ҚАЙҒЫ мен МҰҢНАН арылудың бір-ақ әдісі бар

0
5 644

Денедегі жараны емдемесеңіз, ол іріңдейді. Дәл сол сияқты жан жарасын да асқындырмай, уақытылы емдеген жөн. Жалпы, бұл орайда білікті психолог маманының көмегі қажет. Жо-жоқ, тоқтай тұрыңыз, алдымен менің «НҮКТЕ ҚОЙ!» деп аталатын психологиялық тәсілімді қолданып көріңізші. Әркім өз-өзіне жәрдем бере алады деп ойлаймын.


ҚАЙҒЫ мен МҰҢНАН арылудың бір-ақ әдісі бар

фото: psypage.com

Мұң мен Қайғы. Бұл атаулар сізге таныс па? Меніңше, сүйген адамыңның өлімі қайғыртса, одан тірідей айырылу мұңайтады. Аталмыш екі сезім де көңіл арқылы жанға салынған жара.

Денедегі жараны емдемесеңіз, ол іріңдейді. Дәл сол сияқты жан жарасын да асқындырмай, уақытылы емдеген жөн. Жалпы, бұл орайда білікті психолог маманының көмегі қажет. Жо-жоқ, тоқтай тұрыңыз, алдымен менің «НҮКТЕ ҚОЙ!» деп аталатын психологиялық тәсілімді қолданып көріңізші. Әркім өз-өзіне жәрдем бере алады деп ойлаймын.

ЖАҚЫН АДАМНЫҢ қазасы

Жақын адамнан, әсіресе, өзегіңді жарып шыққан перзентіңнің өлімі ауыр. Қайғыңызды түсінемін. Сіз де ешкімнің мәңгілік емес екенін және Өзі жан берген Жаратушы Өзі қалаған уақытында бергенін қайтып алатынын түсініңіз. Бұл жөнінде айналаңыздағы жанашыр адамдар да айтып жұбатқан болар. Ал, сіз іштей «Басына түспеген адам білмейді. Айтуға оңай. Ешкім менің жан қайғымды түсінбейді» дейсіз. Сондықтан да сізге ешкімнің жұбату сөзі мен ақылы әсер етпей жүр.

КЕҢЕС: Мен 2 сағат 12 минут уақытыңызды бөліп, американдық режиссёр Стюарт Хэзелдайнның драмалық «Хижина» атты фильмін көріп шығуға кеңес беремін. Фильм жазушы Уилльяма П. Янганың роман желісі бойынша 2017 жылы түсірілген.

Мак Филлипстің отбасында трагедия орын алады. 5 жасар қызының өлімі Макты өмірден түңілдіреді. Ол үлкен қызын құтқарамын деп, кіші қызынан айырылып қалған күнді кінәлайды, қызын бақылаусыз қалдырғаны үшін өзін айыптайды. Екі қызының біреуінің ғана өмірін сақтап қалу таңдауын беріп, басқа жол қалдырмаған Жаратушыны әділетсіз деп жазғырады. Кінәлау, айыптау сезімдері арқылы қайғысы қалыңдаған Мак көлік рулін басқара алмай жол апатына ұшырайды. Ауыр халдегі ол ауруханаға жеткізіледі. Орталық жүйке жүйесіне зақым тиген ол бірнеше апта жан сақтау бөлімінде жатады. Дәрігерлердің айтуынша Мак комада, яғни терең ұйқыда жатады. Осы кезде оның жаны арғы дүниеге барып қайтады. Ол жақта Мак қызын көреді, бала кезінде өзін талай рет ұрған әкесін кездестіреді...

Бірнеше аптадан соң есін жинаған Мактың тән жарақаты ғана емес, жан жарасы да жылдам жазыла бастайды. Өйткені, ол барлық нәрсенің себебі болатынын, біреуді кінәламас бұрын жағдайдың орын алу салдарына үңілу керектігін ұққан еді. Мак қызы адам қолынан өлгенімен, Жаратушының қалауымен болғанын түсінді.

Адамның тағдыр картасына не жазылып, не сызылып қояды, адам қаласа да, қаламаса да ол бәрібір болады. Әрине, адамға таңдау беріледі, бізде таңдау еркі бар. Мысалы, Мактың үш перзенті бар: екі қыз және бір ұл. Сол күні Мактың бір перзенті бұл өмірден кету керек (тағдырына солай жазылып қойылған), оны өзі таңдайды. Әрине, дәл сол уақытта Мак өмірдің өзіне таңдау мүмкіндігін бергенін білмеді.

Оқиға бойынша былай: Мак бір жексенбіде табиғат аясында отбасылық демалысты жоспарлайды. Сол күні әйелінің бір шаруасы шығып қалады да, түске дейін босай алмайды. Әйелі кейінірек баратын болып, ал Мак үш баласымен бірге ертерек кете беретін боп келіседі.

Көл жағасындағы қалың ағаштың біріні түбіне жайғасады. Дастархан жайып, Мак кішкентай қызымен сурет салып отырады, ал үлкен қызы мен ұлы қайықта. Екеуі де суда жүзуді білмейді. Бір уақытта үлкен қызы мен ұлының мінген қайығы аударылып, екеуі де суға кетеді. «Әке, құтқар!» деп айқайлаған дауысын ести салып көмекке жүгіреді. Мактың орнында болсаңыз, сіз де солай етер едіңіз. Әкесі ұлы мен қызын судан құтқарамын дегенше, кішкентай қызы май қоңызын қуалап, қалың ағаш арасына кіріп кетеді. Екі баласын жағаға шығарғаннан соң, Мак кішкентай қызын орнынан таба алмай қалады. Не керек, полиция қызметкерлері қыздың өлі денесін табады, «маняк» қинап өлтірген екен...

Мак кішкентай қызының бақылаусыз жалғыз қалдырмағанда қайғылы оқиға орын алмас еді деп ойларсыз. Бірақ, жүзуді білмейтін екі перзенті ше, олар тұншығып су түбіне кетеді. Бәрібір сол күні Мактың өмірінде «перзент өлімі» орын алатын еді. Мактың қолынан ешнәрсе келмейді. Мак кінәлі ме? Жоқ!

Міне, егер, жан-жақты саралап қарасаңыз, жақын адамыңыздың өліміне сіздің де еш кінәңіз жоқ екенін ұғасыз. Алдын ала жазылып қойылған «тағдыр кітабының» желісі бойынша «солай болуы тиіс». Олай болса, қайғыңызбен қоштасқаныңыз дұрыс. Әлде, Жаратушыны кінәлауға, оның ісін әділетті немесе әділетсіз деп жазғыруға құқылысыз ба? Одан күштісіз бе?..

Ата-анасы о дүниелік боп кетсе де оларға деген жүрек түкпірінде қалған реніш кірін жуып кетіре алмай жүргендердің жан жарасын емдеуге «Хижина» фильмі көмек бере алады деп ойлаймын.


ЖАҚЫН АДАМНАН ТІРІДЕЙ АЙЫРЫЛУ

фото: bolshoyvopros.ru

Ажырасу, жауапсыз махаббаттан «туған» мұң жарасын емдеу үшін, аяқталмай қалған махаббат романын аяқтауыңыз керек. Былай түсіндірейінші. Жаныңызға жақын, қызықты бір мелодраманы көруді бастадыңыз, бірақ маңызды кездесу немесе т.б. жағдайға байланысты киноның соңын көре алмадыңыз делік. Кездесу барысында және кейін де ойыңыз аяқталмай қалған мелодрамаға ауа береді. Неге? Өйткені, фильм сезіміңіздің пернесін шерте білді. Енді миыңыз автоматты түрде «Фильмнің соңы немен аяқталды екен?» деген сұраққа орала беретін болады. Бұл мазалаудан құтылу үшін әлгі сұраққа жауап табылуы қажет. Фильмнің соңын көресіз немесе оны көргендерден сұрап біліп аласыз. Солай ма?

Екінші мысал, құрбыңыз сізге қызықты бір жаңалығын айтып жатқанда, жиналысыңыз басталып немесе біреу қоңырау соғып қалды да соңын тыңдап үлгермедіңіз. Қызықсыз жиналыста отырғанда автоматты түрде құрбыңыздың жаңалығының соңын білгіңіз келіп маза кетеді.

Сүйген адамыңызбен айырылысудың мұңы осы екі мысалға ұқсайды. Онымен өткен тәтті күндерді ұмытқыңыз келеді немесе оның опасыздығын, ауыр сөздерін санаңыздан біржолата өшіріп тастағыңыз келеді. Бірақ, қалай?

КЕҢЕС: Екеуіңіздің араңыздағы қырам-қатынасты ойша аяқтаңыз. Ұрысып, ренжісіп қоштастыңыз ба, керісіп кетіп қалды ма, кешірілместей күнә жасады ма, бұл маңызды емес. Сізге мұң жарасын емдеу маңызды. Ал, жан жарасын емдеу үшін, сіз сүйген адамыңызбен айырылысуды басқаша өрбіткеніңіз жөн. Иә, ол оқиғаның соңын ойша, өз қалауыңыздағы сценарий бойынша жағымды әсермен аяқтаңыз. Ойша бір-біріңізге бақыт тілеп қоштасыңыз.

Бұл «Нүкте қой» деп аталатын тәсіл. Қайғы да, мұң да – тән ауруы болмағандықтан, сіз оларды көрмейсіз, тек сезесіз. Ендеше, жан жарасын дәрі-дәрмекпен емдеймін деп әуре болмаңыз. Көзге көрінбейтін жанның дерті қолға ұстауға болмайтын «дәрілер» арқылы емделеді.

Еш қиындығы жоқ, «Нүкте қой!» әдісі арқылы жағымсыз оқиғаны жағымды әсер қалдыратындай етіп аяқтап, қарым-қатынасқа нүкте қоясыз. Бұл әдісті қайтыс боп кеткен адаммен де байланысты үзу үшін де қолданыңыз. Мысалы, о дүниедегі адамды көз алдыңызға елестетіп, оның сіздің өміріңізде болғаны үшін ризашылық білдіріңіз, рахмет айтыңыз, кешірім сұраңыз, кешіріңіз. Ол да сізге алғыс айтсын (ойша айтқызыңыз).

«Нүкте қой!» әдісінде ескеретін жайт, жаныңызға қайғы, мұң салған тірімен де, өлімен де ризашылықпен, күлімсіреп айырылысыңыз. Оған шын көңілмен бақыт, сәттілік тілеңіз. Байланыс ойша аяқталуы қажет. Жаттығуды бірден әсер тепесе, екінші рет тағы да қайталап көріңіз. Фантазияңыз әлсіздік танытып, оқиғаны жағымды әсерде аяқтап, нүкте қою қиындық тудырса, онда психолог маманының көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Денедегі жара секілді жан жарасы да іріңдейді. Асқындырмай, уақытылы емдеңіз!

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ