Ажырасу туралы ой келсе НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0
2 212

​Бұндай ой тіпті сүйіп қосылғандарғада келеді. Солай ма?


Ажырасу туралы ой келсе НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

фото: storage.myseldon.com

Пендеміз ғой, сондықтан да кейде «Ажырасып кетсем қалай болады екен?» деп ойланамыз. Бұндай ой әсіресе отбасылық мәселе кезінде, жардың кейбір ұнамсыз қылығы, әрекеті жүйкеге тигенде, ол жұмыссыз үйде ұзақ уақыт жатып қалғанда мазалай бастайды. Сонымен қатар еркіндіктен шектелгенде, бойдақтық өмірді аңсағанда пайда болады. Яғни, мәселеден, қиындықтан, ашуды «тудырушы адамнан» құтылсақ, бақытты, тыныш өмір сүретін сияқтымыз. Сізге де осындай ой жиі-жиі келіп жүр ме?

Әрине егер оның «адам» болмайтынына көзіңіз жетсе, онымен ары қарай бірге тұру өміріңізге қауіп тудырса және тұрмыстық зорлық-зомбылық доғарылмаса, ажырасқан дұрыс дейді психологтар. Ал бұндай жағдайлар болмаса, онда ажырасу – ақымақтық дейді. Сондай-ақ психолог мамандар ажырасу туралы ойда жүргендерге мынандай кеңес береді.



1. Сүйіспеншілік сезімі кеміген сияқты ма? Бұл заңдылық. Адамның өмірі тек отбасыдан тұрмайды. Оның отбасыдан бөлек ата-анасы, ағайын-туысқаны, өз ортасы, ұжымы, достары бар. Әрқайсысымен қарым-қатынасы әр түрлі. Адам түрлі-түрлі эмоциялық күйді бастан кешіреді. Сондықтан ол күнде жылы, тәтті сөзі мен махаббат сезімін арнай бермейді.

Есте ұстаңыз, өмір бойы махаббат сезімі лаулап тұрмайды. Махаббат сезімі біртіндеп сыйластыққа, достыққа айналады. Махаббат мәңгілік емес, ал достық пен сыйластық мәңгілік.

Сезім суып бара жатқандай түйілсе, өзіңізге «Біз неге отбасы құрдық?» деп сұрақ қойыңыз. Осы басты сұрақ отбасыны сақтап қалуыңызға, суыған сезімді жылытуға көмектеседі.



2. Түсініспеушілік, келіспеушілік жиі орын ала ма? Екеуіңіздің бір мәселе бойынша екі түрлі көзқараста болуыңыз қалыпты. Өйткені еркек пен әйелдің психологиясы екі түрлі. Сондай-ақ екеуіңіз де бөлек тұлғасыздар. Әркімнің өз ой-пікірі, көзқарасы болуы заңды. Бұл мұңаятын емес, қуанатын нәрсе. Сіздің айтқаныңызға әрқашан бас изей бермейтін, оның өзіндік ойы бар болғанына қуаныңыз.



3. Ұрыс-керіс шаршатты ма? Ол бұрқылдап жатқанда, сіз үндемей-ақ қойыңыз. Әрине айтуға оңай болғанымен, ұрыс отын өршітпеу қиын шығар. Бірақ «Бастысы, балаларым бар. Жалғыз емеспін. Күйеуімсіз (әйелсіз) де өмір сүре алам» деп ойлаудан аулақ болыңыз. Өйткені балалар – сіздің отбасыңыз емес, олар үйіңіздегі қонақтар. Иә, үйіңізде ұзақтау қонақтайтын кішкентай қонақтар. Олар ертең есейеді, әрқайсысы өз отбасын құрып, бөлек кетеді. Бұл өмірдің заңдылығы. Әрине келіп тұрады, күнде қоңырау шалып жағдайыңызды сұрайды. Тіпті қолыңызда бір перзентіңіз қалар, бірақ олардың ешқайсысы дәл жарыңыз сияқты сізді түсінбейді, ойламайды.

Сіздің отбасыңыз – жарыңыз. Әйел мен еркек, яғни ерлі-зайыптылар ғана отбасының тұрақты мүшелері.



4. Бұрынғыдай емес, өзгеріп кетті ме? Бұл да қалыпты жағдай. Сіз де, ол да өзгерді, өзгереді. Табиғат заңдылығы бойынша, бұл өмірде бәрі әрдайым өзгерісте болады.

Адамның түр-тұлғасы, мінезі, сымбаты уақыт алға озған сайын өзгереді. Соған бейімделіңіз, сол қалпында қабылдап үйреніңіз. Сонда өмір сүру оңайырақ болады.



5. Егер отбасы құрғаннан кейінгі үш жылды бірге өткізсеңіздер, онда ары қарай оны баянды етуге болады. Алғашқы үш жылда қиындықтың көп болуы заңдылық. Өйткені адам кез келген жаңа ортаға бейімделу үшін, басқа қалаға қоныс аударғанда, жұмыс ауыстырғанда да адаптация жүреді. Ал өмірдің жаңа кезеңіне өткенде бұл адаптация үш жылға созылады. Шыдамдылық, төзімділік және сабыр ғана не нәрсені де баянды ете алады.



6. Мәселе таусылмай кетті ме? Есте ұстаңыз, тірі адамның мәселесі ешқашан таусылмайды. Өмір сүру деген сол әр мәселемен күресу, оны шешу, жеңу.

Ажырасқаннан соң мәселем таусылады десеңіз қаталесесіз. Ол кезде басқа мәселелер пайда болады. Ал кез келген мәселені екеу боп шешкен жеңілірек.



Психолог мамандар бұндай қалыпты жағдайлар, заңдылықтар ажырасуға себеп болмауы керек дейді. Ал оқырман, сізді қандай мәселе, не жағдай ажырасу ойын тудырып жүр?


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


СТУДЕНТ ҚЫЗДАРҒА әпкелерінен 8 КЕҢЕС


Біреу туралы пікір айтуға АСЫҚПАҢЫЗ!