​Бақытты болғың келсе – ЭГОИСТ бол!

0
4 306

Шошымайық! Осы орайда мен кез келген «жаманның» жақсы жағын да көре білудің бір тәсілін айта кетейін. Бұл тәсілді «антонимін тап» деп атадым. Мысалы, эгоистің антонимі – альтруист. Латынның «alter» – «өзге» деген сөзінен шыққан. Нақтыласақ, альтруист – өз мүддесінен өзгенің мақсатын жоғары қоятын, өзгенің мүддесі үшін өз қалауынан бас тартатын адам. Тіпті, мұндайлар өмірден нақты нені қалайтынын да білмейді және өзге үшін өзін құрбан етеді.


​Бақытты болғың келсе – ЭГОИСТ бол!

Бақытты болғың келсе – эгоист бол!

Шошымайық! Осы орайда мен кез келген «жаманның» жақсы жағын да көре білудің бір тәсілін айта кетейін. Бұл тәсілді «антонимін тап» деп атадым. Мысалы, эгоистің антонимі – альтруист. Латынның «alter» – «өзге» деген сөзінен шыққан. Нақтыласақ, альтруист – өз мүддесінен өзгенің мақсатын жоғары қоятын, өзгенің мүддесі үшін өз қалауынан бас тартатын адам. Тіпті, мұндайлар өмірден нақты нені қалайтынын да білмейді және өзге үшін өзін құрбан етеді.

Сіз кімсіз: эгоист, әлде альтруист?

Байқасаңыз, эгоистердің бәрі де – бақытты, табысты. Оларда қажеттінің бәрі бар. Ал, альтруистің көбісі – бақытсыз, өмірі жетіспеушілікпен, таршылықпен өтіп жатқандар. Неге? Өйткені, оларда өзіндік ұстаным жоқ, өзгелердің ой-пікіріне көп ереді. Сондықтан да көп адасып, шатасады, алданады.

Салыстырып көріңізші, қайсысы жақсы, эгоист пе, әлде альтруист пе? Сіз «өзім» және «өзге» деген екі адамды салыстырып салмақтап болам дегенше, мен Балжан және Гүлжан есімді таныстарымның өмірінен мысал келтірейін. Бұл екеуі де – альтруист.

1-МЫСАЛ

Балжан анасының «Өзіңнен әлсіздерге және кішілерге әрдайым көмек көрсететін перзент болғаныңды қалаймын. Қамқор бол!» деген сөздерін естіп бойжетті. Сүйгеніне тұрмысқа шықты. Аяғы ауырлады.

Көктайғақ мұзда құлап қалмайын дегендей, аяғын абайлап басып келеді. Жол жиегінде жалғыз тұрған 4 жасар баланың қалпағы мен қолғабына қызыға қарап, құрсағын сипалай өтіп, «Саған өз қолдарыммен әдемі қолғап тоқып беремін» деді Балжан. Тәтті қиялын көліктің дабылы үзді. Жалт бұрылды. Рөлде жас келіншек. Көлік жүріп емес, сырғанап келе жатыр. Көпқабатты үйлер арасындағы ылдилау жерден тайған көлікпен жарыса жүгірді. Жол жиегіндегі бүлдіршінді шетке лақтырып үлгерді. Ерлік іс! Бірақ, сырғыған көлік кеп Балжанның белінен соққанда, жамбас сүйегі сынған. Түсік тастады. Жатырына да зақым келген. Балжан операция барысында жатырының алынып тасталғанын естігенде, есінен танып құлап бара жатты. Ары қарай оқиға қалай өрбігені айтпаса да түсінікті болар. Балжан енді ешқашан сәбилі бола алмайды. Ол біреудің баласын құтқарам деп, өз баласынан айырылды.

Сіз қайтер едіңіз? Оқиға лентасын кері айналдырайықшы. Көлік сырғып келеді, жолда кішкентай бала тұр. Егер, Балжанның орнында эгоистік қасиеті басымдау басқа келіншек болғанда ше, оқиға қалай болар еді деп ойлайсыз? Ал, Балжанның орнында сіз болсаңыз, не істер едіңіз?

2-МЫСАЛ

Анасы мен әкесі жол апатынан қайтыс болғанда Гүлжан 26 жаста еді. Үйінің үлкені болғандықтан, ол өзін бауырларының өміріне жауапты деп санады. Сіңлісі бойжетіп, інісі ержетсе де Гүлжан олардың өміріне алаңдай берді. Сөз байласып жүрген жігітіне тұрмысқа шықпақ боп дайындалып жүргенде, інісі бір қыздың өзінен жүкті екенін, үйленбесе қыздың әке-шешесі сотқа шағымданайын деп жатқанын айтты. Інісін үйлендірді. Бірақ, інісі мен келіні көп ұзамай ажырасып кетті. Інісін екінші рет үйлендірді, бірақ бұл некесі де сәтсіз болды. Екінші рет ажырасқан інісі шерін бөтелкемен бөлісетін әдет тапты. Інісін арақтан арашаламақ боп, емшіге де, дәрігерге де апарды.

Бұл аз болғандай тұрмыстағы сіңлісі енесімен ұрысып, үйінен кетіп қалыпты. Ақымақ сіңлісін ақылға шақырып, татуластырды. Бірақ, сіңлісінің ырың-жырыңы таусылмады.

Содан бері талай жыл жылжыпты. Бүгінде Гүлжанның жасы алпысты алқымдаған. Інісі сол күйі емделмеді. Ал, сіңлісі үш баламен ажырасып келген. Бір шаңырақ астында үш бақытсыз адамның сүреңсіз өмірі осылай өтіп жатыр. Аянышты!

Сіз қайтер едіңіз? Оқиға лентасын кері айналдырайық. Егер, әу баста Гүлжан інісі мен сіңлісінің бақытын емес, өз бақытын ойлағанда, мүмкін бәрі де басқаша болар ма еді, кім білсін?! Егер, сіз, Гүлжанның орнында болсаңыз, (жаман айтпай жақсы жоқ) қайтер едіңіз?

Өзіңді ойла!

Балжан да, Гүлжан да өмірде бар адамдар. Өзі үшін емес, өзге үшін «өмір сүріп» жатқан мұндай адам көп. Сіздің де айналаңызда мұндай альтруистер бар. Айтыңызшы, өзін емес, өзгені бірінші орынға қойған адамның қайсысы бақытты?

Шынтуайтына келгенде, әркім өзі үшін өмір сүреді емес пе?! Тіпті, қасиетті Құран Кәрімде де (Исра сүресі, 15 аят) «Кім тура жолда жүрсе, шын мәнінде өзі үшін тура жолда жүреді. Ал кім адасса, сонда ол өз зиянына ғана адасады. Ешкім басқаның күнәсін көтермейді...» делінген ғой.

Жақында ютубтан мистик Джагги Васудевтің бір лекциясын тыңдадым. Ол мынандай мысалды келтіреді. «Анасы 13 жасар баласына ақыл айтып отыр екен. «Балам, жақсы азамат бол. Әрқашан іні-қарындастарыңа көмектес» депті. Баласы «Сонда олар не істейді?» деп сұрақ қояды. Анасы: «Олар да басқаларға көмектеседі. Бұл бауырмалшылдықтың белгісі» дей бергенде, баласы: «Анашым, «сен оған, ол басқаға көмектеседі» дегеніңізбен келіспеймін. Неге мен басқаға көмектесуім керек? Ол уақытымды өзіме-өзім көмектесуге арнағаным дұрыс қой. Дәл сол сияқты, әр адам тек өзіне-өзі жәрдемдесіп, өзіне-өзі көмектесетін болса, әлдеқайда жақсы болар еді. Мысалы, үйдің үлкені деп үнемі маған «іні-қарындастарыңа көмектес» дейсіз. Ойланып отырсам, кейін олар соған үйреніп алады да көп жерде жалқаулыққа салынады немесе көз жасын ағызып менің алдыма келетін болады. Сол уақытта шынында да басы пәлеге шырмалған бауырыма көмектеспесем ол бақытсыздыққа тап болады, ал көмектессем, оның зияны маған тимей қоймас. Сонда мен екі жолдың біреуін таңдауым керек болады: не тек өзімді ойлап бақытты болу, не бауырларымның бәрін ойлап, өзімді құрбан ету. Сонда сіздің балаларыңыздың біреуі бақытсыз болайын деп тұр ғой. Әр отбасында бір адам бақытсыз болса, онда елімізден ешқашан бақытсыздық жойылмас. Ал, егер сіз маған да, інім мен қарындастарыма да әрдайым «Өзіңе-өзің көмектес!» деп үйретсеңіз, балаларыңыздың бәрі де бақытты болады» деген екен».

Дұрыс-ақ! Бауырмалшыл болсын деген ниетте «бауырларыңды ойла, сен үйдің үлкенісің» дегеннен гөрі, «Бауырларыңа мейірімді бол» деген жөн болар. Ал, көмектесу жөніне келсек, әр адам өзін-өзі ойлап, өзіне-өзі жәрдемдескені абзал.

Мен осы мысалдағы 13 жасар баланың сөзімен келісемін және оқырманға «Бақытты болғың келсе – эгоист бол» деймін. Ал, Сіз, менің сөзіммен келісесіз бе?

Жазира СМАҒҰЛОВА