БАҚЫТты болудың ең ОҢАЙ ФОРМУЛАСЫ қандай?

0
4 338

​Мамандар бақыттың формуласы математика ережесіне бағынбайтынын анықтаған. Ол сіз ойлағаннан басқаша.


БАҚЫТты болудың ең ОҢАЙ ФОРМУЛАСЫ қандай?

Барлық адам өмірінің соңына дейін бақыт іздеумен өтеді. Не нәрсе істесе де одан бақыт тапқысы келеді. Бұл рас!


МЫСАЛЫ:

1) Бойжеткен тұрмысқа шығарда «Бұл мені бақытты ете ала ма?» деп ойланса, жігіт жар таңдағанда «Мен бұнымен бақытты бола аламын ба?» деп сыни көзбен қарайды.

2) Кейбір адам баланы «Қартайғанда бағып-қағатын адам керек» деген мақсатта туады. Ал кейбірі «Балалы болсам, бақытты болам» дейді.

3) Жастар мамандық таңдағанда ең алдымен «Кейін жалақым қанша болады?» деп, болжалдап есептейді.

4) Қызметкерлер «Ол менің міндетіме кірмейді» деп, тек өзіне міндеттелген істі қана атқарады.


Осы секілді көп мысал келтіруге болады. Бәрінде де адамның «қоссам, көбейтсем артады» деген ойын «оқимыз».

Әрине бәрі емес. Бірақ адамның көбісі бақытты біреуден (ата-анадан, жардан, бала-шағадан т.б.), бірнәрседен (ақшадан, қызметтен, білімнен, баспанадан т.б.) іздейді. Бақытты өзгерістен (тұрмысқа шығу, үйлену, балалы болу, жұмысқа орналасу, басқа қалаға кету, ата-енеден бөлек тұру, лауазымның жоғарылауы, жетістікке жету т.б.) күтетіндер де көп.

Байқасаңыз, біз бақытты біреуден, бірнәрседен алуды қалайды екенбіз. Өйткені біз бірінші сыныптан бастап математика пәнінен «қосса көбейетінді, көбейтсек еселенетінді» санамызға жазып алғанбыз. Сондықтан да адамда баласы көпке, пәтерінің шаршы метрі үлкенге, көлігі қымбатқа «Менен бақыттырақ» деп санайтын түсінік бар.

Дұрыс-ақ делік. Бірақ кішкентай үйін үлкейтіп қос қабатты етіп салса да, ұрпағының көп болғанын қалап төрт әйел алса да, жыл сайын көлігін ауыстырса да, тіпті лауазымы өссе де олардың арасында әлі де бақыт іздеп жүргендері көп. Неге?

Өйткені бақыттың формуласы математика ғылымының ережесіне бағынбайды. Ұзақ жылдық зерттеулер нәтижесінде психология ғалымдары бақыттың бөліскенде, бергенде көбейетін қасиетін анықтаған. Сонда мынандай формула шығады:


БАҚЫТ-БАҚЫТ=2 БАҚЫТ


Формула түсінікті болу үшін бірнеше мысал келтірейік:

3 бақыт-1 бақыт=4 бақыт;

4 бақыт-2 бақыт=6 бақыт;

4 бақыт-4 бақыт=8 бақыт;

5 бақыт:5 бақыт=10 бақыт;

Есте ұстаңыз, алған кезде бақытты сезінесіз, ал, берген кезде бақытыңыз артады. «Алушы қолдан беруші қол жоғары тұрады» деген сөз осыны меңзесе керек.


МЫСАЛ: Бір данышпан шәкіртінің «Адам қайткенде бақытты болады?» деген сұрағына жауап бергенімен, жас жігіт түсіне қоймайды. Данышпан шәкіртін табиғат аясына ертіп шығып, қалай түсіндірсем екен деп, ойланып келе жатады. Кенет шәкірті: «Ұстаз, мұнда біреу бар сияқты», - деп қалың қамыстың шетінде жатқан ескі аяқ киімді көрсетеді. Әбден тозығы жеткен, жамалған аяқ киімге қарап, «Меніңше, бұл біреуге жалданып жұмыс істейтін егінші шаруаның аяқ киімі», деп топшылайды шәкірт. Сосын ұстазына қарап:

- Көңіл күйіңіз жоқ қой. Мен қазір сіздің көңіліңізді көтеремін. Мынау аяқ киімді тығып қоямын, сосын анау ағаштың артына жасырынып қызықтайық, - дейді. Ұстазы:

- Одан да аяқ киіміне ақша салып қояйық. Не болар екен? Қызық емес пе? - деп өз ұсынысын айтады.

Ұстазының ұсынысына келіскен шәкірт айтқанын орындайды. Екеуі ағаш артына жасырынады. Көп ұзамай ол жерге жүзі күнге тотыққан, жұпыны киімді бір шаруа келеді. Аяқ-қолын өзенге жуған сияқты. Ол аяғын аяқ киіміне сұққаны сол-ақ қайтадан суырып алады. Аяқ киімнің ішіне қолын салып ақшаны алып шықты да, таң-тамаша болды. Аяқ киімнің екінші сыңарынан да ақша шықты. Ол енді жан-жағына алақтап қарай бастады. Жалтақ-жалтақ қарап, ары-бері жүгіріп әлдекімді іздеді. Бұл көріністі сырттай бақылап отырған шәкірт шаруаның таңданысына, жалтақтағанына күлкіден жарылардай боп, аузын қолымен жауып әрең шыдап отыр.

Шаруа тізерлеп жерге отыра кетті де екі қолын жоғары көтеріп, дауыстап сөйлей бастады. «Жаратушым! Сен барлық нәрсені білушісің. Әйелімнің ауру екенін де, балаларымның аш-жалаңаш екенін де білдің. Сен құтқарушысың! Қатты қиналып жүргенімде, көмектескеніңе рахмет!», - деген шаруа ары қарай сөйлей алмай еңкілдеп жылап жіберді. Жаратушысына қайта-қайта тағзым етіп, ұзақ жылады. Оның өмірден әбден теперіш көріп қиналғаны көрініп тұр.

Ұстаз шәкіртіне қарап еді, әлгінде ғана күлкісі кеп, мәз боп отырған ол жылап отыр.

- Егер сен айтқандай шаруаның аяқ киімін тығып қойғанымызда не болар еді? - дейді ұстаз.

- Ұстаз, мүмкін ол кезде жай көңілім көтеріліп күлер ме едім, ал қазір қуанып отырмын. Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан артық болатынын түсіндім. Шын қиналған егіншінің қуанғаны маған бақыт сыйлағандай, - деп жауап берген екен.


Иә, берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан артық. Қуаныш үнемі артып отыра ол бақытқа айналады. Ал бақыт бөліскен сайын көбейе береді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АТА-АНА бақытты болу үшін ПЕРЗЕНТ не істеуі керек?


ЕРКЕК белдік тақса, өмірі ӨЗГЕРЕДІ