​Баланың омырауын СЫҚҚАН дұрыс па? (педиатр жауабы)

0
5 740

Сіз балаңыздың омырауын сыққансыз ба?


​Баланың омырауын СЫҚҚАН дұрыс па? (педиатр жауабы)

ото: hebamme-leandra.de

Жас нәрестенің омырауын сығатын аналар бар. Көбіне үлкен апа-әжелеріміз «сығу керек» деп отыратыны жасырын емес. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Медицина маманы не дейді?



СҰРАҚ: Мен үш қыздың анасымын. Еншіміз бөлек. Бірақ мен перзентханадан шыққаннан соң енем келіп 40 күн күтеді. Дұрысы, баламды шомылдырып қырқынан шығарып береді. Екінші қызымды туғанда анам кеп қарасқан.

Үлкендердің кеп баланы шомылдыруға көмектесіп, білмегенімді үйреткені жақсы. Алайда олардың кейбір түсініктері ұнамайды, келіспей қаламыз.

Мысалы, енем кішкентай баламды шомылдырғанда қасында тұрам. Өйткені бірінші қызымның омырауын сыққанын көріп жүрегім аузымнан шығып кете жаздаған. Қызым шырылдап жылады. «Мұныңыз не?» деп едім, «Ертең бойжеткенде төсі тым үлкен болмайды. Қызға үлкен төс жараспайды. Жаман көрем» деді. Қызымды қолынан жұлып алып жұбаттым. Енем ертеңіне ауылға кетіп қалды. Біраз уақыт ренжіп, сөйлемей жүрді.

Енемнің қылығына мен де ренжідім. Қызым біраз күн сыққан жерін ауырсынды-ау деймін, шомылдырған сайын жылады. Ал енді жақында анам кеп бес айлық үшінші қызымның омырауын сықпақшы болды. «Мына қыздың омырауы ісініп тұр ғой, сықпағансыңдар ма?» дегенде жанына жетіп бардым. «Тиіспеңіз. Тимеңіз» деп едім, анам да «Бес қыз туған мен білем бе, сен білесің бе?» деп, теріс қарады.

Оның айтуынша, анам барлық қызының омырауын сыққан екен. «Одан бір жерлерің кеміс боп қалған жоқ» дейді. Ал бұл мен үшін – жабайылық секілді. Өйткені интернеттен орысша да, қазақша да жазып іздедім «нәрестенің омырауын сыққан дұрыс па, бұрыс па?» деп. «Сығу керек» деген мәлімет таппадым. Сонда аналарымыздың «кішкентай сәбидің омырауын сығу керек» дегені қайдан шыққан?

Анамды да, енемді де ренжіткен осы мәселе. Сұрайын дегенім, баланың омырауын сыққан дұрыс па? Одан мастит сияқты аурулар пайда болмай ма? Ал енем керісінше «Егер кішкентай кезінде омырауын сықсаң есейгенде мастит болмайды» дегенді айтады. Сонда да мен баламның омырауын сықтыруға, сығуға қорқам.

НӘЗИЯның хатынан, Шымкент қаласы.



Оқырман сұрағына жалпы тәжірибелік дәрігер, ARDA» (инстаграм парақшасы: @arda.school_) бала массажын оқыту орталығының негізін қалаушы педиатр-массажист Әбжан Әзиза Әбдірасілқызы (@dariger_aziza) жауап береді.

ЖАУАП: Бұл сұрақ көп жас ананың көкейінде екенін білем. Маған аналар тарапынан «Әжелеріміздің нәресте омырауын сығуы қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?», «Жаңа туған нәрестенің сүт безі неге ісінеді?» деген сұрақтар жиі келеді.

Нәрестенің алғашқы 3-7 күні пайда болған сүт безінің ісінуі, сүт безіндегі ақ бөліністің пайда болуы, қыз балаларда жыныс ағзадан қан немесе ақшыл-сұр түсті бөліністің пайда болуы, ер балалардың жыныстық ағзасының ісінуі қалыпты болып саналады. Бұған үрке қараудың қажеті жоқ.

Нәрестедегі бұл өзгерістер – анасындағы жүктілік бойы, деңгейі жоғары болған эстроген (жыныс гормонының) әсерінен болады. Яғни босана сала ана қанындағы эстроген деңгейі ағзадан шығарыла бастайды, осы кезде гормон сүтке өтіп, балада жоғарыдағы белгілер пайда болады. Олар 2-3 аптаның ішінде өз бетінше кетеді. Сүт безі сығуды, ешқандай емді талап етпейді. Керісінше сығу арқылы сіз сүт безіне инфекция түсіріп, қабыну процессін туындатуыңыз мүмкін. Нақтырақ айтсам, сығу арқылы:

  • Бала шырылдап жылап, артық стрес алады;
  • Сығу кезінде инфекция кіріп, сүт безін қабындырып, мастит даму қаупі жоғарылайды;

Есте ұстаңыз, нәрестенің омырауын сығуға болмайды! Тазалық-гигиена тәртібін сақтамау, іскен омырау бездерін сығу асқынуға соқтыруы мүмкін. «Сықпаса қолтықтан жағымсыз иіс шығады», «Сықпаса сүт безі үлкен болады» деу қате. Бұндай қате, келте ойдан аулақ болыңыз.


Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өз стиль талғамыңды табудың 5 әдісі


БАҚЫТТЫ ӨМІР сүрудің қарапайым 6 ЕРЕЖЕСІ