БОЙДАҚТАРҒА АРНАЛҒАН: жыл соңына дейін отбасылы болғың келе ме?

0
3 654

​Сүрбойдақтар мен оң жақта отырып қалған қыздарға кеңес.


БОЙДАҚТАРҒА АРНАЛҒАН: жыл соңына дейін отбасылы болғың келе ме?

Фото: fb.ru

Сүрбойдақ жігіттер мен оң жақта отырып қалған қыздардың саны артпаса, азайып жатқан жоқ. Ата-аналар ұл-қызына «Көзімнің тірісінде отбасылы бол» дегеннен басқа ешнәрсе айта алмайтыны анық. Өйткені бәрі де перзентін ренжітіп алмауды ойлайды. Ал психологтар қандай ақыл айтар екен?

Жантану мамандары адам жар таңдағанда, танысқанда «Ол маған лайықты ма?» деген сұраққа жауап іздейді. Мұндай сұрақ өзгеден әйтеуір бір мін, кемшілік іздеуге жетелейді. Отбасы құруда жолы болмай жүргендердің басты қателігі осында. Жар таңдағанда «Мен оған лайықтымын ба?» деген сұрақты қойып үйренген қыз-жігіт уақытын құр қиялмен өткізіп алмас еді дейді.

Әрине адам өзін бағалап, өзгеден кем санамауы керек. Қызметте, басқа да қажеттіліктерде адам өзінен биікке ұмтылғаны дұрыс. Бірақ өзінен сәл төмендеу немесе тең адаммен өмір сүрген жеңілірек әрі оңай дейді психологтар. Сондықтан да адам артықшылықтарымен бірге кемшіліктерін де білгені жөн екен.



Осы орайда бір психологтың бойдақтарға ой салатын әңгімесін келтірейік.

Бір психологтың әңгімесі: «Менің бір құрбым бар. Есімі – Ақжан. Орта бойлы, білімі де орташа, яғни мектептен соң институтта оқымаған. Қара торы, қарапайым қыз. Жұмысы да қарапайым, қаладағы азық-түлік дүкендерінің бірінде сатушы. Ұзақ жылдан бері пәтер жалдап тұрады.

Ақжанның жасы 32-ден асты. Бірде «Күйеуіңнің бойдақ достары болса, таныстырсайшы» деп, өзі қолқа салды.

Құрбым өзі сұранып тұрған соң, сол күні күйеуіме «Жақсы жігіт бар ма? Ақжанмен таныстырайық» дедім. Күйеуім автомеханик, өзімен бірге жұмыс істейтін жасы 40-тағы үйленбеген, еңбекқор Еркін есімді жігіт туралы айтып берді. Жігітті сырттай көргенмін. Ұзын бойлы, келбетті жігіт. Сөзі де түзу. Кемшілігі – жоғары білімі, баспанасы жоқ. Жұмысы көлік жөндеу болған соң, қолдары, киімі үнемі май боп жүреді. Қырынып, жуынып-шайынса, қырлы шалбар киіп алса әп-әдемі жігіт.

Ақжан таныспас бұрын «Жігіт не жұмыс істейді? Үйі бар ма? Көлігі ше? Табысы қанша?» деп сұрақты жаудырды. Жасырмай жігіттің жағдайын айттым. Ақжан «Маған оқымаған, жұмыстан басқа ешнәрсесі жоқ жігітті тең көрдіңдер ме?» деп ренжіді. Ол жігіттің тек кемшіліктерін санап әуре. Ал мен «Басы бос, мүлде үйленбеген, ешкімге алимент төлемейді, бойы ұзын, былапыт сөз айтпайды, ішпейді, шекпейді» деп артықшылықтарына назар аудартқым келді. Алайда құрбым тыңдағысы келмеді.

«Мейлі, сонда сен өзіңе қандай жігітті лайық көресің?» деп сұрадым. «Банктың, тым болмаса шағын бір кәсіптің директоры болса деймін. Май сасып емес, қымбат иіс су сеуіп, таза киініп жүретін жігіттер ұнайды. Қалада баспанасы, астында көлігі болуы керек. Осындай еркектің екінші, тіпті үшінші әйелі болуға келісер едім» деді.

Өзі директор, қымбат көлігі, баспанасы бар, үйленбеген жігіт 30-дағы қызға үйлене ме, әлде 20 жасар қызға ма? Ондай жағдайы бар еркек Ақжан сияқты қарапайым қызбен қандай тақырыпта әңгімелеседі? Ондай еркек қызығатындай тым болмаса сұлу сымбат та жоқ Ақжанда.

Бірақ бұл ойымды құрбыма айта алмадым. Күйеуімнің досына да Ақжанның сөзін айта алмай қиналдым. Бірақ таныстыратын күн, кафе белгіленіп қойғандықтан, оның орнына басқа құрбымды ертіп бардым.

Бұл құрбым да тұрмысқа шықпаған, жасы 28-де. Есімі – Гүлжан. Жоғары білімі жоқ, шаштаразда жұмыс істейді. 15-20 кг артық салмағы болмаса, жуас, үй тірлігіне пысық, сүйкімді қыз. Көп сөйлемейді, күйеуінің ас-ауқатын дайындап, бала тәрбиелеп үйде отыратын, қанағатшыл әйел болады. Еркінге осындай жар керек.

Кездесуден соң Гүлжан Еркінді ұнатып қалғанын, тұрмысқа шығуға дайын екенін айтты. Бірақ оны Еркін ұнатпады.

«Несі ұнамапты?» деп сұрадым күйеуімнен. Еркін «Толық екен. Көзі қысық. Маған модель сияқты ұзын бойлы, сұлу қыздар ұнайды. Сәнді киініп, шашын жайып, тырнақтарын бояп жүретін жас қызға үйленем» депті.

Күйеуім «Бастысы, тұрмысқа шықпаған, баласы жоқ қыз. Мінезі де жайлы, тамақты дәмді пісіреді, шаруақор. Айтқаныңа көнеді» дегенімен, досы «Ол маған лайық емес» деп теріс бұрылыпты.

Ал жас әрі үнемі әсемдік салонынан шықпайтын сәнгер Еркін сияқты жігітке тұрмысқа шыға ма екен? Күйеуім «Үнемі боянып, сыланып, сәнді киініп жүретін қызды қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге, шығындарын өтеуге сенің табысың жетпейді ғой. Ондай қыздар отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмаған сені қайтсін?» деп айтқысы келіпті, бірақ досының көңіліне қарап айта алмапты.

Ақжан мен Еркін «Ол маған лайық емес» деудің орнына «Мен оған лайықтымын ба?» деген сұрақты қойып, шынайы жауап берсе, бір-біріне тең екенін түсініп, осы уақытта бала-шағалы боп отырар еді.

Ақжан да, Еркін де үйге жиі кеп тұрады. Олар біздің балаларымызды көрген сайын «Бақыттысыңдар ғой. Балаларың өсіп қалыпты» деп қызығады. Олар өздері байқамайтын шығар, бірақ бұл сөзі арқылы бақыт балалы болуда, екі адамның бір-бірін сыйлап, түсінісіп өмір сүруінде екенін олар мойындап отыр. Егер бақыт – байлықта, қымбат көлік пен биік лауазымда болса, екеуі де бізді бақыттыға теңемес еді. Бізде қымбат көлік жоқ, үш бөлмелі шағын үйде тұрамыз, екеуміздің де жұмысымыз қарапайым, жалақымыз орташа. Бірақ Ақжан мен Еркін айтпақшы, біз бақыттымыз. Өйткені бір-бірімізбен әңгімеміз жарасады, бір-бірімізді сүйеміз, ортақ балаларымыз бар».


Психолог әңгімесін аяқтай отырып, қай жағынан болса да бір-біріне тең адамдардың бақытты болуы оңай дейді. Ол өз әңгімесіндегі Ақжан мен Еркін типтес бойдақтарға «Мен оған лайықтымын ба?» деп сұрақ қойып, жауап беруге кеңес береді. Сонда отбасы құру жылдам әрі оңай болады екен.

Ал, бойдақ оқырман, сіз ұнатып жүрген адамға лайықтысыз ба? Шынайы жауап беріңіз.


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«3 МИНУТ» техникасы күйеумен қарым-қатынасты "ЖЫЛЫТАДЫ"


Бала ҚАТЕЛЕСІП те ҮЙРЕНУІ керек - психолог ата-аналарға кеңес береді