Бойжеткен, мынандай 5 СӨЗДІ айтқан еркекпен байланысты ҮЗ

0
36 542

Психологтар жігіттің айтқан сөзіне қарап, кез келген қыз-келіншек оны тани алады дейді.


Бойжеткен, мынандай 5 СӨЗДІ айтқан еркекпен байланысты ҮЗ

Абай атамыз «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөзін алма» деген. Бұны психологтар да мақұлдап отыр.

Жүріс-тұрысына, әрбір қимылына, тіпті бетіндегі мимикасына қарап адам тани білетін жантану мамандарының айтуынша, жігіттен қандай күйеу шығатынын оның сөзіне қарап анықтауға болады екен.


Сезім жарастырып, сөз байласып немесе таныстығыңыз енді ғана басталған жігіттің жиі қолданатын және өзге туралы айтатын сөздері арқылы кез келген қыз-келіншек оның ішкі жан-дүниесіне үңіле алады дейді мамандар. Бұл орайда психологтар мысал ретінде жігітті тануға көмектесетін мынандай 5 сөзді ұсынады.


1. «Әркім өзіне төлеуі тиіс»

Заман уақытымен бірге адамдардың ой-түсінігі де өзгеруде. «Қырық жанды» әйелдер барлық салада қуатты екенін еркектерге мойындатып келеді. Бұны одан да жақсы болуға қамшы ретінде өзіне қолданатын еркектер бар да, сонымен қатар, әйелдердің бұндай белсенділігін пайдаланатындар да бар.

Тек қыздардың арасында ғана емес, жігіттердің де ішінде есеппен байланыс құратындары кездеседі. Олар жақсы өмірлік серікті емес, жайлы орынды іздейді. Адамды, сезімді емес, үй-жай мен табысты көздеп байланысқандар сәл қиындық туса, басқа жайлы жерді іздей бастайды.

Олар жанын қинағысы келмейді, сондай-ақ жауапкершіліктен қашады. Сондықтан да, олар үшін, түр-әлпетке, сымбат сұлулығына, жасқа, ұлтқа, неше баласы бар екеніне де қарамайды.

Егер, сізге жасы әлдеқайда кіші жігіт ғашықтық сөздер айтып, бірге өмір сүргісі келетінін білдірсе, ол ақшасын шығындайтын жерлерге көбірек баруға тырысыңыз.

Бірінші күні мейрамханада ақшаны ол төлейді. Екінші, үшінші рет те ол қалтасынан ақша шығарар, бірақ келесіде киноға барғанда тек бір билеттің құнын төлеп, «әркім өзіне төлесін» деп әзілдеуі мүмкін. Немесе әмиянын іздеп таба алмаған сыңай танытады.

Ақшасы жоқ болса, сізге шығындалуға шамасы келмесе, онда жасы (тұрмыстық жағдайы) әлдеқайда алшақ әйел оған не үшін керек? Ал, сізге ол керек пе?

Психологтар әйелге ақша жұмсауда сараң және «Әркім өзіне төлесін» дегенді айтатын эгоист еркектердің сезімде де сараң болатынын ескертеді.


2. «Тез сауығып кет! Кейін хабарласамын»

Жалпы, адам ауырғанда, басына қиын іс түскенде кімнің кім екенін ажыратып біледі. Сондықтан да үйленуге асықпай жүрген жігіттерге үлкендер «Ертең қартайып бойыңнан әл кеткенде, ауырып қалғаныңда бір кесе суыңды әперетін жар керек қой» дегенді айтады. Иә, ауырғаныңда өмірлік жарыңның жылы сөзі мен қамқорлығы дәріден артық. Егер, сондай жар іздесеңіз, онда «Жазылып кет» деген сөзді ғана айтып, ауырғаныңды ертеңіне-ақ ұмытып кететін жігітпен байланысты үзе салған дұрыс.

Ол үшін, ауырып, жігітті сынап көріңіз. Әрине, ауырмаңыз. Алайда сүйіктіңіздің сөзіне ісі сай ма, сынап көру үшін өтірік «ауырып қалуға» болады.

Әдеттегідей қоңырау соғып, я болмаса вацапта смс жазып хабарласты делік, ауырып қалғаныңызды айтыңыз. Не дер екен?

«Жазылып кет. Шипа берсін» деп жазатыны белгілі. Одан кейін сол күні немесе ертеңіне «Дәрі іштің бе? Денсаулығың қалай?» деп сұрамаса, онда ол үйленгеннен соң да бұл сөзді айтпайтыны анық.

Әрине, бірден мұндай қорытынды шығаруға болмас. Сондықтан, сізге бірнеше рет «өтірік ауырып» қалуға тура келеді. Сонда нақты анықтай аласыз.

Әрине, бұл үлкен мәселе немесе кісінің кемшілігі емес, бірақ отбасы құрғаннан соң тәніңіздің ғана емес, жаныңыздың ауырғанын айтпай-ақ аңғарып, шын жанашыр болатын адаммен бірге өмір сүргенге не жетсін?!

Психологтар ауырып қалғаныңызға жігіт кезінде алаңдамаған жігіттен үйленгеннен соң жылы сөз, қамқорлық күту бекершілік екенін айтады.


3. «Менен басқа кімге керексің?!»

Көбінесе манипулятор-еркектер «Сен менен басқа кімге керексің?», «Менен басқа ешкім саған үйленбейді!», «Кім қарайды саған?!» деген сөздерді қолданады екен. Әйелдердің кейбірі бұған мән бермесе, ал кейбірі шынымен сенеді.

Психологтар еркек әйелді үнемі өзінен төмен ұстау үшін, өзінен басқаны іздемесін деп, сондай-ақ айтқанының бәрін орындатып, әйелдің есебінен өмір сүру мақсатында айтады дейді.

Қорқыныштысы, еркектің бұндай сөздерін шын қабылдаған әйел өзіне сенуді, өзіне қарауды доғара бастайды екен. Сондай-ақ, сүйіктісінің барлық қателігіне, тіпті қол көтерсе де, көзіне шөп салса да кешіріммен қарайтын әйелдер еркектің осындай сөзінен кейін «пайда болатын» көрінеді.

Психологтар бұндай сөзді үйленбей тұрып айтқан жігіт күйеу болғанда да бағаламайды деп болжайды.


4. «Өзің жетіп аларсың... Таксиге мініп келе берсей...»

Кинодан немесе тойдан қайттыңыздар делік, ол үйіңізге дейін жеткізіп сала ма? Бұған немқұрайлы қарамаңыз.

Мысалы, қызы құрбысының туған күніне кетсе, ата-анасы оны подъездің алдына шығып күтіп отырады. Немесе қайта-қайта қоңырау шалып, қалай жеткенін сұрап алаңдайды. Жігіт те сүйген қызына дәл осылай алаңдауы керек. Үйінің қасына дейін көшедегі кез келген таксист те әкеп тастай алады. Ал, амандығын тілеген адам қызды үйіне дейін кіргізіп, одан соң қоңырау соғып тағы да бір хабарын біледі.

Егер, жігіт таксиге отырғызып «жақсы жетіп ал» десе, көлігі бола тұра «мазам болмай тұрған еді, өзің жетіп аларсың» деп айтса, онда оның сізде көңілі жоқ. Немесе жауапсыз.

Психологтар егер, жігіт кезінде осылай қарым-қатынас жасаған еркекке тұрмысқа шықсаңыз, онда отбасының барлық жауапкершілігін, қиындығын тек қана өз иығыңызбен көтеруге дайын болыңыз дейді.


5. «Үйлену қазір жоспарымда жоқ... Кейін...»

Әрине, жоспарда жазылғанды мүлтіксіз орындайтындар өте аз. Сондықтан, мұндай сөзді айтатын еркекпен байланысты жалғастырып көруге болады. Мүмкін, жоспары өзгерер.

Егер, жігіт «Үйлену қазір жоспарымда жоқ» дегенді жиі айтса және болашаққа құрған жоспары мен арманын айтқанда, ол жерден өзіңізді таппасаңыз, онда уақытыңызды босқа өлтірмей-ақ қойған дұрыс. Шындыққа тіке қарай біліңіз.

Мұндай сөзді айтқан жігіт мүлде үйленбейді немесе жан жарына тек балаларының анасы немесе анасының келіні ретінде қарайды. Ал, өзі қызықты сырттан іздеп, өмір бойы сұлу сылқымдармен сауық сайран құрады деп болжайды психологтар.


Әрине, бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, үйленгеннен соң психолог болжамынан басқаша өзгеретін еркектер де болуы мүмкін. Сондықтан, жарды сөзіне қарап емес, сізге деген сезімінің салмағына қарай таңдағаныңыз дұрыс-ау?!

Ал, сіз жарыңызды несіне қарап таңдадыңыз, оқырман?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Нұрабайқызы,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

Балаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?

ӨЗГЕРіске жәрдемдесетін ҰТымды 3 тәсіл