БҰНЫ ешқашан ЖОҒАЛТЫП АЛМА

0
3 270

Бұны әр ата-ана ұл-қызына айтып, тәрбие құралы ретінде қолданса болады.


БҰНЫ ешқашан ЖОҒАЛТЫП АЛМА

Ешкім алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Құдай бармақтай бақ берсе, кедей бір-ақ күнде байып, мұңлы адам әп-сәтте бақытқа кенеледі. Ұзақ жыл балаға зар болған әйел бірден егіз туады. Немесе керісінше, адам бір-ақ күнде барынан айырылып қалу әбден мүмкін. Бәрі де мүмкін, тек қандай жағдай болса да адам ақылын жоғалтпағаны дұрыс.

Өйткені ақыл ғана адамды адастырмайды, адасқанды қайтадан тура жолға сала алады.


Психологтар осылай дейді. Ата-бабамыз да «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп, ескерткен. Тіпті ата-аналар да ұл-қызына үнемі «АҚЫЛЫҢДЫ ЖОҒАЛТПА» деп айтып отырады. Бірақ та бұл ақылды тыңдайтындар аз. Неге? Өйткені олар ақылдың қандай кезде жоғалатынын білмейді немесе оны жоғалтып алмауды ойламайды.


АҚЫЛ ҚАЙ КЕЗДЕ ЖОҒАЛАДЫ?

Әрине ақыл жоғалып кетпейді. Тек эмоциялық сезімдер бас көтергенде, адам ақылдың дауысын естімей қалады. Түсінікті болу үшін мынандай аңыз әңгімені мысал етейік.


МЫСАЛ: Ертеде бір байдың баласы жылқы бағып жүрсе, қасына бір адам келіп:

– Бір үйір жылқы берсең, мен саған өте қымбат үш ауыз насихат сөз үйретемін. Бұл үш ақыл саған өмірлік азық болады, - депті. Жігіт ойланбастан келісе кетеді. Әлгі кісі:

– Балам, суын ішкен құдыққа түкірме, таңғы асты тастама, оң қолың төбелес бастаса, сол қолың арашашы болсын, - дейді. Байдың баласы үйіне жеткенше үш ауыз сөзді қайталап жаттап келеді. Алдынан шыққан әкесі жылқыларын сұрайды. Баласы:

– Әке, мен жылқыларды қымбат бағаға саттым, - деп жаттап алған сөздерін айтып береді. Әкесі ашуланып, баласын қуып жібереді. Жігіт жаңадан үйленген аяғы ауыр жас келіншегіне:

– Әкем бір үйір жылқыны таппайынша келме деді. Жұмыс істеп, қайтып келемін. Күт, - деп қоштасып жолға шығады.

Бірнеше жыл дала кезіп, жұмыс істейді. Тапқаны ас-суынан артылмайды. Сөйтіп жүріп бір қалаға келеді. Қаланы аралап жүріп, ханның ордасында күзетшілерді жұмысқа қабылдап жатқанын естиді. Бағын сынап көрмек болады. Сынақ жаттығуларынан сүрінбей өткен жігіт күзетші боп жұмыс істеп жүреді.

Сымбатты, әдемі жігітке ханның әйелі ғашық боп қалады. Ары өтсе де, бері өтсе де жігітті көздерімен арбап, сөздерімен елітіп, айналдырады. Сұлу әйелдің сөзі жігіттің ойын бұза бастайды. Бірақ бұл сарайға не үшін келгені, мұнда не үшін жүргенін ойлайды. Өзіне-өзі «Бір үйір жылқыны неге бердім?» деп сұрақ қояды. Жылқысын айдап кеткен бейтаныс кісінің «Суын ішкен құдыққа түкірме» деген сөзі есіне түсіп, осы сөз жігітті тоқтатып, әйелге мүлде көңіл аудармай қояды. Қалауы орындалмаған ханның әйелі ашуланып, жігітті жазалауды ойластырады.

– Жаңа күзетшің маған көз салып жүр. Тіпті оңаша кездесуді қалайтынын да айтты. Бұл сізге тиесілі байлыққа көз тігу емес пе? Мені көрсе өртене жаздайды екен. Жазалаңыз. Отқа тастаңыз, сезімі де, өзі де өртеніп күл болсын, жоқ болсын - деп, ханға шағыстырады. Хан сол күні түнде уәзірін шақыртып, жігітті өртеуге бұйрық береді.

Уәзір түнде көміршілерге келіп:

– Ертең бірінші келген адамды отқа салыңдар, - деп, тапсырма береді. Сосын жігітке келіп:

– Таңертең бір қап көмір әкеліп келіп қой, - дейді.

Ертеңіне ұйқыдан тұра салып жігіт көмір алуға асығады. Алдынан бір қарт ана шығып:

– Ей, балам, дәм татып кет! - дейді.

Асығыспын, - дей бергенде, жылқыларын алған қарияның насихаты түсе кетеді де, әжейдің үйіне дәм татқалы кіреді. Сол екі арада ханның әйелі жігітті соңғы рет көріп қалғысы келіп, сарайдан жүгіріп шығады. Жігітті отқа тастайтынын білетін ол көміршілерге келеді. Ханның әмірін орындауға әзірленіп тұрған көміршілер әйелді ұстап алып, жанып тұрған отқа тастап жібереді.

Хан мен уәзір жігіттің тірі келгенін көріп, таңданады. Бұйрығының орындалмағанына ашуланған хан көміршіні шақырады. Көмірші:

– Тақсыр, бұйрығыңызды бұлжытпай орындадық. Ең бірінші келген адамды отқа таста дедіңіздер. Бірінші ханым келді, оны отқа тастадық, - дейді.

– Сен неге көмірді ерте әкелмедің? - деп, хан жігітке қаһарланады. Жігіт жолда бір қарт ананың үйіне кіріп ас ішкенін айтады. Неліктен ол үйге кіргені түсінікті болу үшін басынан баяндайды.

– Тақсыр! Мен бір байдың баласымын. Отбасым да, бір үйір жылқымыз да бар еді. Адамда ақыл болмаса барынан бір күнде айырылып қалады екен. Жылқы бағып жүргенімде, бір адам келіп: «Бір үйір жылқы берсең, үш ауыз насихат сөз үйретемін», - деп алдап кетті. Бірақ мен екінші рет алданбас үшін сол оқиғаны еске алып тұрамын. Бүгін көмірге бара жатқанымда қателік жасап қоймайын деп ойлағаным сол, жылқыларымды айдап кеткен кісінің «Таңғы асты тастама» деген сөзі есіме түсіп, қарт ананың ұсынған дәмінен аттап кете алмадым. Содан шықтым да ешқайда бұрылмай көмірді алып келдім. Осылай кешігіп қалдым, - дейді.

Хан жігіттің сөзін тыңдап болған соң, оның ешқандай кінәсі жоқ екенін түсінеді.

– Иә, адам ақылын жоғалтса, бәрін жоғалтады. Ханым өзі қазған орға өзі түскен екен. Өз жазасын өзі дайындады, - деп күрсінеді.

Жігіттің адалдығына риза болып, бір үйір жылқы сатып алуға жетерлік алтын беріп, ат мінгізіп, еліне қайтарады.

Жігіт ұзақ жүріп, түнделетіп үйіне жетеді. Әйелі ұйықтап жатыр. Бөлмеде бөлек ұйықтап жатқан жас жігітті де көреді. «Бір бөлмеде... екеуі...» деп, жүйрік ойы қызғаныш пен ашуды шақырып, қылышын қолына ұстайды. Ашуланғанда «Тағы бір қателік жасап жатқан жоқпын ба?» деп ойлау оның әдетіне айналған. Жылқыларын айдап кеткен кісінің «Оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың араша болсын» деген сөзі есіне түседі. Сол қолымен оң қолын ұстап, не істерін білмей тұрған кезде әйелі оянады. Күйеуін құшақтап, «Бүгін ұлыңыз күні бойы сізді сұрағанда, амандығыңызды тілеп, ертерек келсе деп дұға жасап едім. Құдай тілеуімді қабыл алыпты», деп қуаныштан көзіне жас алады. Осы кезде ғана кетерде әйелінің жүкті болғаны есіне түсіп, ұйықтап жатқан ұлына мейірлене қарайды. Есептесе, арада 15 жыл уақыт өткен екен...


Қателеспейтін адам жоқ, қателігін ұмытып кететіндер көп. Қателігін екінші рет қайталамауды ойлап жүретін адам – ақылын жоғалтпаған адам. Басына күн туғанда өзін-өзі жоғалтып алмаған адам – ақылын жоғалтпаған адам.


Ақылды жоғалтпау үшін ашуланып немесе ренжіп тұрған кезде және бақытқа мас боп тұрған сәтте ешқандай шешім қабылдамаңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҮЙЛЕНЕТІН қызды АЯҒЫНА ҚАРАП тануға болады (тест)

НЕГЕ сізді бәрі РЕНЖІТЕ БЕРЕДІ?