Денсаулығыңызда кінәрат жоқ, БІРАҚ жүкті бола алмай жүрсіз бе?

0
4 048

Күйеуі бар әйелдің бәрі неге балалы емес? Бұндай әйелдер - психологиялық бедеу, - дейді психологтар.


Денсаулығыңызда кінәрат жоқ, БІРАҚ жүкті бола алмай жүрсіз бе?

НЕГЕ күйеуі бар әйелдің бәрі балалы емес? Бұрын мейлі, заманауи медицина дамымаған еді, білікті мамандар жетіспейтін... Ал, қазір ше? Қазір медицина мамандары да, ерлі-зайыптылар да сауатты. Медтехникалардың да небір түрі бар. Бірақ, неге әлі күнге дейін балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыпты КӨП?


Олардың көбісінің айтары мынандай:

  • «Дәрігер әйеліме диагноз қойды. Ауру анықталған соң емдеуге кірісті. Маманның жазып берген дәрі-дәрмегін уақытылы қабылданды. Қажетті ем-дом жасалды. «Күтіңдер» деді, бірақ, әйелім жүкті болған жоқ...»
  • «Білікті маманның бәрінің алдынан өттік. Мамандар күйеуімнің де, менің де денсаулығымнан балалы болуға бөгет боларлық дерт белгісін таппады. Бірақ ұзақ жылдан бері сәби сүйе алмай жүрміз...»


СЕБЕП НЕДЕ?


Егер, медицина маманы әйел ағзасынан жүкті болуға кедергі болатындай кесел таппаса, онда бұл психологиялық бедеулікке жатады, - дейді психологтар. Психологиялық бедеулікті қан сараптамалары арқылы да, УДЗ-мен тексеріп те көру мүмкін емес екен. Сонда психологиялық бедеулік деген не?


Психологиялық бедеулік деген НЕ?

Мамандар психологиялық бедеуліктің екі түрі бар екенін айтады.

1. Ағзаның репродуктивті жүйесі сау, бірақ әйел жүкті бола алмайды.

2. Жүкті болады, бірақ жүктілік түсік тастау арқылы үзіле береді.

Дерттің бұл екі түрінің де пайда болуына жағымсыз, қорқынышқа толы ойлар негізгі себеп болады екен.



Басты себептер ҚАЙСЫ?

  • Стресс;
  • Өмірдегі күрт өзгеріс;
  • Айырылу (жақын адамнан, жақсы көретін жұмысынан, абырой-беделден, қомақты қаржыдан т.б.)
  • Балалық шақтағы психикалық жарақатты ұмытпау;
  • Қорқыныш (жүктілік кезеңіндегі қиындықтардан, жүктіліктен соң семіріп кетуден, туудан, туу үстінде өліп кетуден, нәрестенің күтімінен, жалақысы жақсы жұмысынан шығып қалудан, жалдамалы пәтерде баланың күтімін жасаудан т.б.)
  • Айналадағы адамдардың теріс пікірлеріне сену («Жасың 30-дан асып кетті, туу кезінде қатты қиналасың», «Сенің жасыңда туу қиын болады», «Енді сен жүкті бола алмайсың», «Сенен туған бала қандай болады екен?» т.б.)
  • Жағымсыз ойлар («Күйеуім мына түрімен жақсы әке бола алмаса керек?!», «Тастап кетсе жалғыз өзім қалай асыраймын?», «Балам күйеуіме ұқсаған жалқау, жатыпішер болса ше?», «Ауру боп туылса не істеймін?» т.б.)

Негізгі себептер осы. Ал, басқа себептер басты осы себептерден туады екен.



Емделе ме?

Психологиялық аурулардың себептерін анықтайтын бағыт – психосамотика деп аталады. Психосамотикалық медицина мамандарының зерттеуі бойынша барлық аурудың психогендік сипаты бар. Аурудың пайда болу табиғатын түсіну арқылы кез келген адам өзі үшін жасырын себептің психогендік сипатын анықтай алады.

Иә, аурудың да, мәселенің де психогендік сипаты болады. Емге балалы бола алмай жүргеніңізді ауру деп түсінсеңіз, есте ұстаңыз: өлімнен басқаның бәрінің емі бар. Ал, егер бұны мәселе деп қабылдасаңыз, есте сақтаңыз: адам тек қабірден ғана шыға алмайды, қалған мәселенің бәрінің шығар жолы бар.

Тек емді, шығар жолды іздеп тапсаңыз болғаны.



ҚАЛАЙ?

  • Сыр сандығыңызды ақтарып көріңіз. Әркімнің ешкімге айта алмайтын сыры болады. Мүмкін сіздің психологиялық бедеулігіңіздің себебі сол сыр сандығыңызда жатқан болар?! Психологиялық жай күйіңізге терең үңіліп, ой орамдарының бәрін адақтап іздеңіз. Себебін тапсаңыз, жойыңыз. Ал егер, нақты себебін анықтау қиын болып жатса, жүктілікке, балалы болу және ана болуға байланысты қорқыныштарыңызды жағымды ойлармен алмастырыңыз.
  • Ескі реніштерді кешіріңіз. Кешірім – барлық тән мен жан ауруының емі.
  • «Менің ағзам жүктілікке дайын» деп айтуды күнделікті қайталайтын аффирмацияңызға айналдырыңыз.
  • Алғыс айтыңыз. Жоқ нәрселерді ойлап мазасыздана беруді доғарып, өміріңіздегі барға қанағат етіп, шүкір айтыңыз.


СОНДАЙ-АҚ...

Психологиялық бедеулікті емдеудің ең күшті дәрісі – қорқынышты жеңу. Әр адамның өз фобиясы болады. Біреу қараңғыдан, біреу судан, өзі туралы өзгенің жағымсыз сөзінен қорқады. Биіктен, өлімнен, қартаюдан қорқатындар да бар. Фобияның түрі көп. «Менің суда жүзуден қорқатынымның жүктілікке не қатысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Зерттеулер психологиялық кеселдің көбісі адамның қорқынышынан басталатынын анықтаған. Ал, сізге фобияңыздың балалы болумен нендей байланысы бар екенін анықтаудың, «Қалай? Неге? Қайтіп? Не үшін?» деп өзіңізге сұрақ қойып, жауап іздеудің де қажеті жоқ. Тек фобияңызды жойсаңыз, оны жеңсеңіз жетеді.


Қорқынышыңыз жойылса – балалы бола алмай жүргеніңіздің психологиялық себебі де өздігінен емделіп жоғалатынына сеніңіз.

Сонымен, сіздің фобияңыз не? Неден қорқасыз?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз


Бойжеткен, мынандай 5 СӨЗДІ айтқан еркекпен байланысты ҮЗ

Балаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?