Дұрыс шешім қабылдаудың ең тиімді формуласы

4
10 401

Меніңше, шешім қабылдау қиын емес, дұрыс шешім қабылдау қиын. Ал, «Декарт квадраты» шешім қабылдауда қателеспеуге көмектеседі.


Дұрыс шешім қабылдаудың ең тиімді формуласы

суреттер: ERNUR.KZ

Отбасындағы мәселені шешу барысында, оңтайлы жұмыс іздеу кезінде, мамандық пен жар таңдауда, жалпы өмір жолында ешкімнің қателескісі келмейтіні анық. Ал, қателеспеу үшін, дұрыс шешім қабылдау керек.

Бұндай сәтте сіз көбіне кімнің пікірін тыңдап, кімнен ақыл-кеңес сұрайсыз? Маңызды істе шешім қабылдау үшін қанша күн ойланасыз? Немесе қандай әдіс-тәсілге жүгінесіз?

Ал, мен француз физигі, математик Декарт Рененің геометриялық әдісін қолданамын. Бұл математикалық тәсіл жәрдемімен кез келген жағдай мен мәселе бойынша бір күнде-ақ қателіксіз, сенімді шешім қабылай аласыз.

Декарт кім?

Бұл кім деп ойланып отырған боларсыз. Есіңізге түсіріңіз, Декарт Рененің есімі сізге мектепте өткен «Тікбұрышты координаталар жүйесі» тақырыбымен таныс. Тікбұрышты координаталар жүйесі Декарт Рененің құрметіне «декарттық координаталар жүйесі» деп те аталады. Мектептегі бүкіл координаталар жүйесі тақырыбын қысқаша суреттесек, ол былай болады:

Енді есіңізге түскен болар. Міне, осы координаталар схемасын кез келген мәселені шешу формуласы ретінде қолдануыңызға әбден болады. Бұл тәсіл көпшілік арасында «Декарт квадраты» деп аталып кеткен.

«Декарт квадраты» әдісін қалай қолдану керек?

Адамның көпшілігі шешім қабылдарда немесе бір жағдайға тап болғанда «бұл жағдай орын алса не болады?» деп қана бас қатырады. Ал, Декарт «не болмайды?» деп те ойланған жөн дейді. Ұлы ғалым жағдайдың/мәселенің төрт жағына шығып қарап ойлануға кеңес береді. Ол үшін мынандай 4 сұраққа жауап іздеу керек.

1. Бұл жағдай орын алса не болады? (қандай «+» болады?)

2. Бұл жағдай орын алмаса не болады? (барлығы сол қалпында қала ма? «+»)

3. Бұл жағдай орын алмаса, не болмайды? (барлығы сол қалпында қала ма? «-»)

4. Бұл жағдай орын алса, не болмайды? (қандай «-» болады?)

Төртке бөлінген қағаздағы 4 ширектің әрқайсысына бірнеше жауап жазып, «+» пен «-» салыстырылады.

Есте ұстаңыз, әр жағдайға/мәселеге байланысты «КЕЛІСЕЙІН БЕ, КЕЛІСПЕЙІН БЕ?», «ИЯ немесе ЖОҚ», «ДҰРЫС ПА, БҰРЫС ПА?» деген сұрақтарға орай, «Декарт квадратындағы» негізгі төрт сұрақты түрлендіруге болады. Түсінікті болу үшін, екі-үш мысал келтірейін.

1-МЫСАЛ: Жоғары қызмет, әлде жоғары жалақы?

Сізге мемлекеттік жоғары қызмет ұсынылды. Ойлануға бір-ақ күн берілді. 1 күн ішінде шешім қабылдауыңыз керек. Жекеменшік фирмадағы жұмысыңызда қызметіңіз жоғары болмағанымен, жалақыңыз жоғары. Ал, мемлекеттік қызметтің жалақысы аз болғанымен, онда карьералық өсу мүмкіндігі және мемлекеттік қызметкер ретінде тұрғынүй алуға мүмкіндік бар. Қайсысы дұрыс, қайсысы пайдалы?

Ақ парақты төртке бөліп тұратындай етіп «Х» және «У» осін сызыңыз (жоғарыда суретте көрсетілген). Төрт бөліктің сұрағына жауап жазыңыз. Бұндай жағдайда Декарттың 4 сұрағы былай түрленеді:

1. Не ұтамын, егер шешім қабылдасам?

2. Не ұтамын, егер шешім қабылдамасам?

3. Неден ұтыламын, егер қабылдамасам?

4. Неден ұтыламын, егер шешім қабылдасам?

«У» осіндегі шешім қабылданғандағы және қабылданбағандағы оң-теріс нәтижелерді жазасыз да, салыстырасыз. Әр ширекке неғұрлым көп жауап жазылса, соғұрлым жағдайды толық көре аласыз, «не болатынын» алдын ала болжап күдіксіз шешім қабылдайсыз.

«-» және «+» қайсысы көп?

Осы тұста жоғарыда суретте көрсетілген «Декарт квадратына» тағы бір назар аударыңызшы. Онда «Х» және «У» осьтерінде «-» және «+» сандар шкаласы бар. Осыған қарап, әр ширектегі ұтыс пен ұтылыстың, яғни, «+» пен «-» нәтижелерді санаңыз. Қайсысы көп? «-5» «1» санынан аз екенін және «-1» «-5» санынан көп екенін білерсіз. Кей жағдайда оң-теріс нәтижелердің саны емес, маңыздылық салмағына қарап та шешім қабылдау керек екенін есте ұстағайсыз.

2-МЫСАЛ: «Кредитке автокөлік алғаным дұрыс па, бұрыс па?»

Бұл мәселеде дұрыс шешім қабылдау үшін, 1-МЫСАЛдағы дайын схеманы қолданып, кредитке алынған автокөлік пен жаяу жүрудің оң және теріс жақтарына сараптама жасауыңыз керек.

3-МЫСАЛ: Қай мамандықты таңдағаным жөн?

Кез келген таңдау мәселесінде екі немесе үш объектіні (немесе субъект) жеке-жеке «Декарт квадраты» әдісімен анықтап, шыққан нәтижелер бойынша үш объектіні бір-бірімен салыстырасыз.

Декарт квадраты» әдісімен мәселені шешуге бола ма?

Жеке басыңызда күтпеген мәселе туындады делік. «Декарт квадратымен» мәселені шешуге бола ма? Жоқ. Алайда, мәселенің қаншалықты күрделілігін анықтауға болады. Жылдам шешуді қажет ететін мәселе ме, әлде аса зияны жоқ жағдай ма бұл? Күрделі мәселені оны құраған ұсақ мәселелерге бөліп, жеке-жеке шешу арқылы ең үлкен мәселеден де оңай әрі толық құтылуға болады.

Бүгінгі күрделі мәселеңіз – бірнеше жылдан бері қордаланған ұсақ-түйек мәселелер жиынтығы. Жай мәселенің уақыт өте келе күрделенетіні секілді, оны шешу жолында қателескіңіз келмесе, мәселені шешу кезінде дұрыс шешім қабылдау үшін, Декарт «Ойлау қарапайымнан бастап күрделіге ауысуы керек» дейді.

Әрине, «Декарт квадраты» әдісін қолдану бастапқыда қиындық тудыруы мүмкін. Дегенмен, бірнеше рет пайдаланғаннан соң, бұл формула сіздің ең сенімді көмекшіңізге айналады деп сенемін.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ