​Еркектерге қандай әйел қатты ұнайды?

0
3 072

Өзіңізді өзгерту ешқашан кеш емес!


​Еркектерге қандай әйел қатты ұнайды?

фото: i.ytimg.com

Қыз-келіншек тұрмысқа шыққанша көп еркектің назарын аударуды ойлап, сыртқы көрінісіне көбірек ақша жұмсайды. Ал отбасы құрған соң күйеуінің ыстық сезімінің суып кетпеуін ойлап, сөзін, мінезін түзеп, үйін таза ұстап, тіл үйірер дәмді тағамдар дайындауға көп уақыт бөледі.

Күйеуінің жұртымен жақсы қарым-қатынас құрып, барлығының бабын табуды да – сүйікті жарына ұнаудың бір жолы деп санайды. Десек те, тірлігі мен сымбаты мінсіз, мінезі жайлы әйелдерден кетіп қалып жатқан күйеулер жоқ емес. Кеңседегі де, үйдегі де шаруасына үлгеріп жүрсе де күйеуінің бір ауыз жылы сөзіне зәру әйелдер бар.


Сондықтан да қыз-келіншектерді «Еркектерге қандай әйел ұнайды?» деген сұрақ ойландырады, толғандыратыны анық. Әпке «айтқанына қарсы келме» десе, жеңге «ең бірінші күйеуіңнің көңілін тап» дейді. Ал енелер «ыстық тамағы уақытылы дайын тұрсын» деп, аналар «Бала ту» деп ақыл айтады. Бұл орайда психологтар не дейді екен?

1. Өзін-өзі сыйлайтын әйел

Халық даналығында «Мені сүюге міндетті емессің, бірақ сыйлау – міндетің» деген нақыл бар. Еркектерге ұнайтын әйел осы нақылды ұстанады.

Өзін сыйлаған адам басқалардың таңдауына, талғамына, көзқарасы мен өмір сүру салтына құрметпен қарайды. Сонымен қатар ол өзгелерден де өзіне осындай қарым-қатынасты талап етеді. Себепсіз басқаның өзін мазалауына, балағаттауына, уақытын алуға, жүйкесін тоздыруға жол бермейді.

Қысқаша айтқанда, барлық адамды сыйлайды және сыйлата алады.



2. Өз хоббиі бар әйел

Қатаң тәртіпті кеңседегі жұмыс пен таусылмайтын үй тірлігінің арасынан өзінің хоббиіне уақыт таба білу көп адамның қолынан келе бермейді. Өзінің сүйікті ісі бар адам – өзіне не ұнайтынын, жаны мен тәні нені қалайтынын біледі. Сүйікті ісімен айналысқан әйел үнемі шабыттанып жүреді. Бұндай әйелдің өсек-аяңмен, күйеуінің әр қадамын аңдумен уақыты да болмайды. Оның өз әлемі бар, ол өз көңілін өзі көтере алады.



3. Өз көзқарасы бар әйел

Кез келген нәрсеге өзіндік пікірі, ойы, көзқарасы бар адамның өз мақсаты, өмір сүру қағидалары да болады. Ол әркімнің сөзіне ере бермейді. Бас шұлғып, көне салмайды. Біреуге ұнау үшін өз қалауларын ұмытып кетпейді.

Бір сөзбен айтсақ, ол «жоқ» деп айта алады. Ал көнбіс, қарсы пікірі жоқ адаммен диалог қысқа болатыны белгілі. Диалог қысқа жерде қарым-қатынас та ұзаққа созылмайды.
Сонымен қатар психологтар Еркек «иә» деген әйелдерді емес, «жоқ» деген адамды ұмыта алмайтынын айтады.



4. Өзіне күтім жасайтын әйел

Шашын, терісін, тырнағын, киімін үнемі реттеп, тісін емдетіп, денсаулығына жауаптылықпен қарайтын адамды бәрі сыйлайды. Қай еркек болса да әйелінің барлық кезде әдемі боп жүргенін қалайды. Ал әдемілік – күтім жасау арқылы келеді. Өзіне күтім жасайтын әйел айнаға көп қарайды, ал айнаға жиі қарайтын әйелдің көңіл күйі де, жүріс-тұрысы да әрқашан әдемі болады.


5. Ұстамды әйел

Әр түрлі ортада, түрлі жағдайда өзін ұстай алатын адамды кім ұнатпайды десеңізші?! Көп ортасында көңілденіп билегенде де, шарап ішсе де, әзілдессе де, тіпті ұрысқанда да бәрінің шегін, шекарасын білетін адам – ұстамды. Ол әдептен озбайды, ұяттан аспайды. Өз орнын біледі.



6. Ізденімпаз, үнемі өзін дамытып жүретін әйел

Уақыттың, заманның талабына сай өзін жетілдіріп, ізденіп жүретін адам айналасындағы барлық адамға қызықты. Онымен жалықпайсыз. Онымен әңгімелесетін тақырып та көп. Оның білетіні көп болғандықтан қысылмайды, қымтырылмайды, еркін.

Сонымен қатар ондай әйел бір орында қалып қоймайды. Үнемі әрекеттеніп жүріп, жылдан-жылға жетістіктерге де жетіп жатады. Ал жетістікке жеткен сайын әйелдің қуаты арта береді.


Психологтар осы алтауы әйелдің өзіне дене сенімділігін, сүйіспеншілігін, өзін-өзі бағалауын жоғарылатады дейді. Ал бұл үшеуі кез келген әйелді сұлу, сүйікті етеді.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жігіттің «табыскер күйеу» болатынын қалай білуге болады?

Жағдайды өзгертуге шама жетпесе не істеу керек?