Еркектің САБЫРСЫЗДЫҒЫ қайда алып барады?

0
3 880

Өмірден алынған бұл мысалдан сабақ алыңыз.


Еркектің САБЫРСЫЗДЫҒЫ қайда алып барады?

Тұрмыс қиындығын тартар ауыр жылдар, қытымыр сәт әрбір отбасында бір кездесері анық. Сондай жағдайда көбінесе әйелдерден тағат, еркектерден сабыр кетеді. Жақсылықты күтіп, сабырлы болу керектігін білмегендер шаңырағынан тек берекені ғана қашырса мейлі-ау!..


Сабырсыздықтың соңы ешқашан жақсылыққа апармайды. Осы орайда өмірде болған бір мысалды келтіргім кеп отыр.


МЫСАЛ: Ғанидың өмірі

Ол былай дейді:

- Әкем барда отбасымыз дүрілдеп тұрған еді. Мені түбіт мұртым тебіндей бастаған шағымда-ақ терезесі бізбен тең бір досының қызына үйлендіріп қойды. Көкірегіммен көкті тіреп, тұрмысы нашарларға менсінбей қарайтынмын. Сөйтсем, дүние алма-кезек екен. Түрменің қара нанын жеп, тойып тамақтануға зар болатынымды кім біліпті?!

Әкем аяқ астында жүрек дертінен кез жұмды да, панасыз, қорғансыз қалдық. Бірте-бірте қорадағы мал таусылып, отбасынан береке қаша бастады. Жұмыс істеп, ақша тауып көрмеген мен екі қолымды қусырып отыра берсем, бір күні отын-сусыз қалатын түріміз бар.

Әкемнің таныс-білістерін аралап, жұмыс сұрадым. Оңтайлы жұмыстан екі-үш айда хабар болатын болды.

Әйелім: «Үйде анау жоқ, мынау жоқ. Маған үйленеріңде үлде мен бүлдеге орап, ешнәрседен тарықтырмаймын дегенің қайда?! Бүйткен өмір құрсын», - деп құлағымды жей бастады.

Жоқшылық алдымен еркекті қадірден жұрдай етеді екен. Барында қасымнан шықпайтын достарым да жоламай кетті. Әбден баршылыққа батып үйреніп қалған әйелім қолымнан жұмысым, қорадан малым кеткеннен кейін өзгеріп шыға келді. «Сіз» деп сызылатын ол қабағын түйіп, анамның да, менің де бетімнен алатын болды. Уақытша қиындыққа шыдай алмаған әйелімді сабырға шақырғаныммен, түк шықпады. Ол көп ұзамай-ақ «кетемінге» басты. «Сәл шыдасаң, жұмыс та, бақытты болашақ та болады», - деп уәдемді бердім. Сөйттім де Алматыға барып, сауда жасап жүргендерден «Бәлен жерде бақыр бар» дегенді естіп, отбасымды асырау үшін туған ауылымнан басқа қалаға кеттім.

Ауылда қарт анам мен әйелім қалды. Бірақ, бұрын-соңды істеп көрмеген жұмыстың тетігін білмей, шығындалдым. Досымнан қарыз алып, тағы да тауар әкеліп сатпақ болып, Қырғызстанға бардым. Жолда тауар артқан автобус өртеніп, «жығылғанға жұдырық» болды. Ауылға қайтайын десем, әйеліме уәде бергем, ақшасыз бара алмаймын. Одан бөлек досыма қарызбын. Не істеймін?

Аақша табудың оңай жолына көштім. Алдымен, кәрі-құртаңдардың сағаттап кезек күтіп алған зейнетақысын аңдып, оңашалау жерде қолынан әмиянын жұлып алып кетіп жүрдім. Одан бөлек қымбат киінген әйелдердің сөмкесін де қолдарынан жұлып алып қашып, арам жолмен ақша тауып жүрдім...

Көз-жас, нала жібермейді екен, бір күні ұрлық жасап ұсталдым. Бір фирманың экспедиторының ақша салынған сөмкесін тартып алам деп, оны соққыға жықтым. Ол маңда бейнекамера бар екенін білмеппін.

Несін айтайын, екі-үш жыл бұрын әлгі фирманың көлігінен қомақты ақша ұрланған екен. Оны да менің мойныма ілді.

Тергеу амалдары жүрді. Сот үкімі 8 жыл бас бостандығымнан айырды. Бір-ақ күнде темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтым. Дәл бұлай боларын кім ойлаған десеңізші!

Менің бірнеше жылға сотталғанымды естіген келіншегім төркініне кетіп қалыпты. Ол бастапқыда бір рет келген, одан соң ат ізін салмады.

Темір қапаста отырғаныма үш жыл болды, артымнан тек кәрі анам ғана іздеп келіп тұрады. Ол менің күйігімнен аурушаң боп қалған.

Темір тордағы әр күнім бір жылға татиды. Қара нан жесең де адал жүріп, өз маңдай теріңмен тапқан ақшаға ешнәрсе жетепйді екен. Істеген істеріме өкінемін.

Әліптің соңын бағып, бір ағайынымыздың тауып бермек болған жұмысын күткенімде, жұрт қатарлы қарабайыр тіршілік кешкенімде де ешкімнен кем болмас едім. Сол сәтте әйелімнің көңілін табу үшін неге сонша асықтым екен?

Қиналған шақта әйелім жанымды жегідей жегенше, ақылдылық танытып, демеу болғанда түрмеге түспес едім деп ойлаймын. Бұрын түрме деген түсіме кірмеген мен дәл осылай тас еден, суық камерада отырамын деп ойламаған едім.

Әрине, айта берсең зары да, заңы да жаман түрменің бетін сіздерден аулақ қылсын. Бірақ құдай да «сақтанғанды сақтаймын» демей ме?! Ұрлық-қарлық, зорлық пен бұзақылықтан, біреудің өтірік жала жабуынан сақ болған жөн екен. Әкем тірі болғанда оңай жерден нан табуға қызығып, жеңіл тағдыр іздеп сорлап қалудан сақтандырар еді-ау.

Әке-шеше, жар мен бала-шағаның жанында жүрген ер-азаматтарға қызығамын. Отбасыммен мен де бақытты едім бір кездері. Аш, жалаңаш болсаң да бостандықта жүрудің өзі – бір бақыт екенін білсемші сол кезде...


Бұл бір ғана мысал. Сабырсыздықпен жасаған ісіне өкінетін тек Ғани ғана емес. Ондай адамдар сіздің де айналаңыздан табылар... Бұл тұрғыда айналаңыздағы адамдардың өмірінен сіз қандай мысал келтіре аласыз? Өзгеге өмірлік сабақ болар оқиғаңызбен бөлісіңіз.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз


ДОСТАРЫНАН ажырап, ӘЙЕЛГЕ күні қараған ЕРКЕКТІҢ әңгімесі


ҚАЙТЫС БОЛҒАН адамның КИІМІН киген дұрыс па?