​Ерлі-зайыптылардың арасындағы сезімді "өлтіретін" 6 жағдай

0
3 880

Бұларға жол бермеңіз!


​Ерлі-зайыптылардың арасындағы сезімді

«Адамның көңілі – сынық» дейді даналар. «Ана мен баланың, бауырлардың, ғашық жандардың арасын көзге көрінбейтін жіп байланыстырып тұр» дегенді де естіген боларсыз?! «Көзге көрінбейтін» деп, сезімнің, адам көңілінің соншалықты нәзік екенін меңзейді.

Көңілі қалған, арада сыйластық жоғалған адамдар «арадағы жіпті үздім» деп айтады. Ал ерлі-зайыптылардың тілімен айтқанда бұл «ажырасу» дегенді білдіреді. Жұбайлардың бұл «ары қарай бір шаңырақ астында бірге тұра алмаймын» деген сөзі. Психологтар бұндай сөзді мынадай жайттар айтқызуға мәжбүр етеді дейді.



Тұрмыстық тәртіп

Бұл барлық адам күнделікті орындайтын жұмыстар. Мысалы, әйел адам күніне үш мезгіл тамақ пісіреді. Күнде ыдыс жуады. Әр жексенбіде терезе жуып, үй тазалайды, балаларын шомылдырады, моншаға барады, киім үтіктейді. Әр күні таңертең балаларын киіндіреді, балабақшаға, мектепке жібереді немесе өзі ертіп барады. Түскі уақыттан бастап «Кешкі асқа қандай тамақ пісірем?» деп ойлайды т.б. Ай соңы жақындағанда коммуналдық шығындарды, несиені төлейді. Кей еркектің де «үй-жұмыс-үй» деп сызып қойылған бағыты бар.

Осындай күнде қайталанатын жұмыстар мен бір-біріне ұқсас күндер ерте ме, кеш пе адамды психологиялық тұрғыда шаршатады, жалықтырады. Қым-қуыт тірліктен, таусылмайтын мәселеден көз ашпайтын адам күйзеліске түседі. Нәтижесінде ерлі-зайыптының біреуі немесе екеуі де жылдар бойы айналып жүрген шеңберден шығудың жолын іздейді. Бұл сырттан қызық іздеуге (ішімдік, еліртетін зат, көңілдес, құмар ойын, думанды орта т.б.) жетелейді.

Бұндай «қызықтың» қай түрі де адамның тәні мен жанын бірдей демалдыратыны белгілі. Сондай-ақ көбінесе оның соңы ажырасумен аяқталатыны да анық.

Не істеу керек? Күнтізбеде аптаның әр екі күні және кейбір айларда мереке күні қызылмен белгіленген демалыс. Отбасының күнтізбесінде де сондай демалыс ұйымдастырылып, дәстүрлі мерекелер болып тұруы өте қажет. Оны жұбыңызбен ақылдасып, белгілеңіз немесе өзіңіз-ақ ұйымдастырыңыз. Мысалы, жексенбіде балалармен ойын-сауық орталықтарына барып, кафеден тамақтанудан бөлек, аптаның бір күнін «маманың еркелейтін күні» немесе «папаның еркелейтін күні» деп белгілеңіз. Сол күні өзіңізді (оны) үйдің бүкіл тірлігінен босатып, қыдырыңыз, салонға барыңыз, демалыңыз т.б. Сонымен қатар әр күні «Өзімнің сағатым» деп бір сағатты өзіңіздің сүйікті ісіңізге немесе күтім жасауға арнасаңыз тіптен жақсы. Жалпы, аптасына немесе айына бір рет жан мен тәнді бірдей тынықтыратын күніңіз (жарыңыздың күні) болуы керек.



Өзара құрметтің жоғалуы

Даналарымыз «Сыйға – сый, сыраға – бал» деп бекерге айтпаған. Бұл қойы қоралас, табағы аралас адамдарды алыс-беріс одан сайын жақындататынын білдіреді. Байқасақ, ағайындар, достар суып кетпеу үшін бір-бірін аракідік қонаққа шақырып тұрады. Бұны қазақта «араласайық» десе, психологияда энергия алмасу дейді. Отбасындағы ерлі-зайыптыларға да осындай энергия алмасу керек.

Көбіне бір адам тарапынан ғана энергия (көңіл бөлу, жылы сөз, сыйлық, тосынсый, кешірім, түсіністік таныту, тыңдау, қамқорлық, қол көмегі т.б.) берілетін болса, ал екінші тараптан ешқандай қайтарым болмаса өзара құрмет жоғалады. Бұны «жауапсыз махаббатқа» ұқсатуға болады.

Жалпы, немқұрайлылық көңілді суытады. Бұл біртіндеп екі адам арасындағы достық немесе махаббат, я болмаса құрмет сезімін өлтіреді.

Не істеу керек? Ақын Мұхтар Шаханов атамыз бір өлеңінде «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» деген. Бұл жердегі әңгіме – тек сөйлесу емес, ерлі-зайыпты арасында не нәрседе де диалог, яғни жауап, елеу, қайтарымның болуы қажет.



Ренішті іште сақтау

Жер шарыны жүз рет айналып шықсаңыз да мінсіз адам таппайсыз. Іздесеңіз, әр адамнан кемшілік те, мін де табылады. Адамның ісіндегі, мінезіндегі, әдетіндегі, физиологиясындағы кемшілігін «түзе» деген мақсатта айту бір бөлек те, қайта-қайта есіне сала беру бір бөлек. Екіншісі, ренжітеді, көңілге қаяу салады. Әсіресе, сүйген жардың кемсіткені, өзінен төмен санағаны, жұрт көзінше әлдеңеге теңегені ауыр тиеді. Бірте-бірте бұл көңілді суытады.

Не істеу керек? Көп адамның арасынан көзіңіз таңдап, жүрегіңіз қалап бас қосқан адамды сол күйінде қабылдаңыз. Әлсіз жақтарын өзіңіз толықтыруға тырысыңыз, бірге дамуға жетелеңіз, қажетті курстарға жіберіңіз. Осылай сіз өзіңізге тең адамды жасай аласыз. «Екі жарты – бір бүтін» деп, ерлі-зайыптылар бірінде жоқ мінезді, қасиетті екіншісі толықтырып, бір адамға айналатынын айтады.

Жұбайыңыздың көңілі сынық екенін байқаған сәтте себебін сұрап, оңаша отырып ашық әңгімелесіңіз. Ренжімейтін адам жоқ, бірақ көңілдегі реніш кірін ұзатпай жуып тастауға, ашық айтуға, талқылауға әдеттеніңіз.



Материалдық қиындықтар

Еркек – отбасының асыраушысы. Әйелі мен бала-шағасын үймен, ас-ауқатпен, киіммен қамтамасыз ету, қорған болу оның басты міндеті. Бұны ер баланың санасына бозбала шағынан сіңіріп, айтып отыру қажет. Сонда ол материалдық тұрақтылыққа жетуге ұмтылады, жауапкершілікті сезінеді. Ал ер адамның жауапсыздығы, жұмыссыздығы, жатыпішерлігі ажырасудың негізгі себептерінің бірі.

Әрине, барынан бір күнде айырылып қалатын жағдайлар да болады. Бірақ бәрін қайтадан бастауға, сүрінген орыннан қайтадан тұруға тырысқан жөн-ақ.

Не істеу керек? Екеуіңіз бірдей қаржылық сауаттылықты арттырып отырыңыз. Қазір бұл тұрғыда интернетте пайдалы ақпарат, кітап, онлайн курс көп. Сонымен бірге қарызды қарыз алып жабудан, бір күндік қызық үшін бес жылға несие рәсімдеуден аулақ болыңыз. Ысырапшылдықтан арылыңыз, үнемдеудің жолдарын іздеңіз.



Өмір сынақтары

Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан да өмір жолында кездескен қиындықтар мен қайғыны сынақ деп қабылдайды. Әр адамның бұл өмірде өз сынағы бар. Біреуде ол – бедеулік, ажырасу, жалғыздық болса, екінші біреуде – ауру, мүгедектік, тағы біреуде түрме, орта жолда жардың басқаға кетуі немесе қайтыс болуы. Сондай-ақ ең жақын адамдардан келетін сынақтар да бар: маскүнем әке, нашақор күйеу, ауру бала, тәрбиесіз қыз, шайпау ене, қазымыр қайыната, жанжалшыл ағайын, мейірімсіз перзент т.б.

Осы және басқа да өмір сынақтары көбіне сүйген жүректердің амалсыз екіге айырылысуына себеп болады.

Не істеу керек? Жарыңызды ешқашан өзіңізден артық жақсы көрмеңіз. Мәселен, оны 99 пайыз жақсы көрсеңіз, өзіңізді 100 пайыз сүйіңіз. Өзіңізді қаттырақ сүю өмір сынақтары ажырастырғанда, айырғанда депрессиядан және өзіңізді жоғалтып алудан қорғайды. Сонымен қатар ол адамсыз да өмірді жалғастыра алатыныңызға сендіреді.



Психологиялық қатыгездік, ауытқулар

Бұған алкоголизм, тирандық, қызғаншақтық дерті, әйелқұмарлық (немесе керісінше әйелдің жеңіл жүрісі) т.б. жатады. Бұлар адамға физикалық және психологиялық тұрғыда да қауіпті. Сондықтан да бұндай некенің ғұмыры қысқа болады.

Не істеу керек? Алкоголизм, озбырлық, опасыздық, зорлық-зомбылық бар жерде ешқандай махаббат болмайды. Тек аяушылық, шыдамдылық, көнбістік болады.

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және ол қамшының сабындай қып-қысқа. Оны өзіңіз қалағаныңыздай, бақытты өткізуге құқыңыз бар. Олай болса, ең бірінші жар таңдауда қателеспеуге тырысыңыз. Ал қателессеңіз, психологиялық ауытқуы бар, қатыгез адамнан ажырасуға қорықпаңыз.

фото: ашық дереккөзден алынды

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Балаға ата-ана махаббатты жетіспесе не болады?


ҚАРЫЗ сұрағанға «ЖОҚ» деп айтудың СЫПАЙЫ ҒАНА 6 жолы