Ішетін әкенің балалары қандай болады?

0
3 318

​Рамазан айында алкогольден біржолата бас тартуға ниет етіңіз.


Ішетін әкенің балалары қандай болады?

фото: letidor.ru

«Араққұмар», «ішімдікке жақын», «маскүнем» деген ат жақсы емес. Аты ғана емес, оның отбасындағы атмосфераға, балалар психикасына да әсері жаман. Сондықтан Рамазан айында өзіңізге уәде беріп, алкогольден бүгіннен бастап біржолата бас тартуға тырысыңыз.



Балаға әсері қандай?

Кімді болса да «Алкогольді ішімдік көп ішетін әкенің балалары қандай болады?» деген сұрақтың ойландыратыны анық. Бұған психологтар былай деп жауап береді:

1. Тұйықтық. Бала достарынан оқшауланып жүреді. Отбасындағы құпияны (әкесінің ішетінін) біліп қояды деген түсінікпен сыныптастарымен ашылып сөйлесуден қашады. Әкесінің ішетінінен ұялғандықтан достарын үйіне шақыра алмайды. Осылай бірте-бірте ол тұйық адамға айналады.

2. Өтірік сөйлейді. Бұл жаман әдет бала бойында біртіндеп қалыптасады. Алдымен әкесінің немесе шешесінің неліктен ата-аналар жиналысына келе алмағанына өтірік құрастырады. Әкесі ішіп келіп балаларын далаға қуып шыққандықтан үй тапсырмасын орындай алмағаны үшін тағы да өтірік айтады т.б.

3. Өзін кінәлағыш болады. Өйткені көбіне мас адам үйінде ішіп келгенін ақтау үшін «Сендерді асырау оңай емес. Шаршадым», «Азаннан кешке дейін сендердің ас-суларыңды, киімдеріңді табам деп жүрмін, ішсем жөні бар» деген сөзді айтады. Мұндайда бала әкесінің ішіп жүргеніне өзін іштей айыптайды.

4. Өзін бағалауы төмендейді. Бала өз өмірін, әкесін сыныптастарыныкімен салыстырып, олардың қасында төменшектейді. Өзін аяйды, аушаланады, кектенеді, өкінеді. Осындай эмоциялар қайталана берсе баланың психикасында бұзылыстар орын алады.

5. Ешкімге «жоқ» деп айта алмайды. Өйткені отбасында әкесі ішіп келгенде бала қорыққанынан айтқанының бәрін істеп үйренеді. Есейгенде ол өзгелердің де айтқанына көніп жүре беретін, өз құқығын қорғай алмайтын адамға айналады. Бұндай балаларды адастыру, жолынан шатастыру, манипулациялау оңай.

6. Агрессия. Әкесі ішетін отбасының әйелі ашуланшақ болады, жүйкесі тозады. Ал ананың әрбір күйі балаға әсер етеді. Ол анасының бойындағы агрессияны автоматты түрде жайлап көшіре бастайды.

7. Ерік-жігері жойылады. Иә, ұл бала қорқақ, әрі анасынан жәрдем мен қорғауды күтеді. Ал қыз бала еркектерді жек көріп өседі. Бұл есейгенде ер баланың батыл қадамдар жасауына, қыз баланың сүйгеніне тұрмысқа шығуына психологиялық бөгет болады.

8. Денсаулығы нашарлайды. Үнемі стресте, күйзелісте жүру кез келген адамды ауру етеді. Сол сияқты үйдегі атмосфера баланың психикасына кері әсер етіп, оның жүйке жүйесінде түрлі аурулар бас көтере бастайды.

9. Ішімдікке құмары артады. Бәрі емес, бірақ көбі «Алма ағашынан ұзамайды» деген мәтелді ести берсе, «Әкемнен асып қайда барам?» деген түсінікпен, кейде отбасындағы таусылмайтын ұрыс-керістен, тыныштықтың жоқтығынан шаршағанда, тағдырына налығанда спиртті ішімдікті ұрттап көреді. Онысы әдетке айналуы әбден мүмкін. Сонымен қатар әйелдің көбі «Әкең сияқты болмашы», «Әйтеуір әкең сияқты ішімдікке құмар боп кетпеші» деп отырады. «Бұл тәрбие емес, апат» дейді психологтар. Бұндай сөздер керісінше, баланы ішуге итермелейді екен.

Ең жаманы да сол, әкесі ішетін отбасындағы баланың спиртті ішімдікке құмартуы. Сондықтан отбасындағы бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Психотерапевт Берт Хеллингер «Отбасы – бұл онда өмір сүретін адамдардың қалауынсыз бір-біріне психикалық тұрғыда әсер ететін, тәрбиелейтін жүйе» дейді. Ендеше, әкенің ішетіні бала психологиясында ізін терең қалдырмас үшін, анасы, жақын адамдары оны үнемі жігерлендіріп отыруы маңызды. Мысалы, мынандай сөздерді айту да – үлкен көмек.



Балаға не айту керек?

- Мектепте, қоғамдық жұмыстарда белсенді бол. Озат оқушы болуыңа, жақсы баға алуыңа әкеңнің ішетіні түк те кедергі бола алмайды. Осыны ұмытпа!

- Әкеңді кінәлама. Оның өмірі басқа, ал сенікі өз қолыңда. Мектепте, достарыңның ортасында көңілді жүруіңе, ашық-жарқын болуыңа, күліп-ойнауыңа отбасындағы жағдайлар әсер ете алмайды.

- Маскүнемдік тұқым қуаламайды. Әкесі ішсе де бақытты, табысты өмір сүріп, небір биіктерді бағындырған ұл-қыз көп. Олардың арасында әлемге белгілі миллиардерлер, ғалымдар бар. Бастысы, сен алкогольге жолама!

- Есіңде, ұста әкең қандай адам болса да сені жақсы көреді. Тек ішімдікке құмар адам оны сөзбен айта бермейді. Алкоголь ішкені сенің әкеңе деген махаббатыңа тосқауыл бола алмайды. Сүй, сыйла, құрметте!

- Ұялма! Күнде ішетін әкеңнен ұялатын шығарсың. Бірақ ол үшін сен емес, әкең ұялауы керек. Ал сен басыңды әрдайым тік көтеріп жүр. Сен емес қой ішіп жүрген. Ішетін адам ғана ұялады...


Есте ұстаңыз: Ешкім бір күнде немесе бір жылда ішімдікке тәуелді боп қалмайды. Бұл ұзақ уақытты қамтитын процесс. Баланың бойында да жоғарыда айтылған псикикалық өзгерістер бірден орын алмайды. Сондықтан зардабы мол бұл мәселенің алдын алыңыз. Ал психологтар адын алудың екі-ақ жолы бар дейді: әкені ішімдіктен арашалау немесе баланы ішетін әкеден алыстату. Таңдау өзіңізде!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АТА-АНАның бала тәрбиесінде жіберетін 4 ҚАТЕЛІГІ

ЖАЛҚАУЛЫҚпен күреспейді, оны ЕМДЕЙДІ