Қандай КОФЕНІ жақсы көресіз? (психодиагностика)

0
6 939

1-қараша – Халықаралық кофемен бал ашу күні. Осы атаулы мейрамға орай, мен сіздерді виртуалды кофе ішуге шақырамын. Суреттегі қайсы кофені ішесіз? Ұнататын кофеңізге қарап, мінездеме беріп көрейін. Әрине, психодиагностикалық анықтамалық арнайы оқулықтарға сүйене отырып...


Қандай КОФЕНІ жақсы көресіз? (психодиагностика)

Кофені жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, сірә?! Мен әр күнімді хош иісті қара кофе ішумен бастаймын. Маған сүтсіз, қантсыз қара кофе, яғни эспрессо ұнайды. Ал, сізге ше?

Психологтардың айтуынша, сүйіп ішетін кофесіне қарап, адамның мінез-құлқын, кейбір қабілет қарымын білуге болады екен. Мысалы:


№1. Эспрессо

Ешқандай қоспа қосылмаған қара ащы кофе.

Кофенің қарапайымдылығы сияқты, бұл сусынды сүйіп ішетіндердің бар болмысы да өте қарапайым, табиғи. Олар «Әдемілік – қарапайымдылықта!» деген девизді ұстанып өмір сүреді. Өмірлік жар мен мамандықтың да, баспана мен жұмыстың да кереметін емес, өзіне керегін, қажеттісін дұрыс санайды. Сондықтан да олардан «Мен кереметті емес, керек нәрсені іздеп жүрмін» дегенді жиі естуге болады. Киімде де көбіне кэжуал стилін және классикалық, ыңғайлы, алыстан менмұндалап тұрмайтынын таңдайды.

Ащы эспрессо секілді бұл кофенің фанаттары айналасындағы адамдарға қатал, мінезі шатақтау, тілі ащылау. Айналасындағы адамдарға сынмен қарап, мінін көрсе жасырып қала алмайтын турашылдығымен көпке оншалықты ұнай бермейтіні де бар. Ренішті ұмытуы, опасыздықты кешіруі қиын.

Талапшыл, еңбекқор. Көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Бұлардан жақсы басшы, лидерлер шығады.


№2. Латте және мокко

Фото: scottsdalerealestate.com

Сүтті, қант және ерітілген шоколад, даршын секілді қоспалардан дайындалатын кофе.

Кофе құрамы күрделі, түрлі қоспалар қосылғандықтан дәмі тіл үйіреді. Бұл кофені таңдайтындар көпшілік назарында болғанды, шулы отырыстарды, биді, мейрамханаларды, әсемдікті, сұлулықты, жалпы айтқанда әдемі өмірді ұнатады.

Сыртқы келбетіне әрдайым көңіл бөліп, жадырап, жарқырап жүреді. Әзілқой. Олармен қай жерде де көңілді.

Әрине, аңғалдығы да бар. Сондықтан да өзгенің сөзіне еріп қателесуі, алдау-арбауға түсуі әп-сәтте. Дегенмен, олар сарыуайымға салынбайды, болмашыға бордай езілмейді. Көп нәрсеге жеңіл қарайды. Сондықтан болар, олар қиындықтан оңай жол тауып шыға алады. Көбіне олардың мәселесін өзгелер шешіп береді.


№3. Капучино

Сүт пен қант және қаймақ қосылған қою кофе. Латте мен моккодан бетіндегі қалың сүт көпіршігімен ерекшеленеді. Бұны романтикаға жақын, арманшыл, өте сезімтал, жаны нәзік адамдар жақсы көреді. Олар сенімді дос, адал жар, еңбекқор қызметкер.

Шыншылдықты, адалдықты, әділдікті бағалайды. Жақын адамдарының жан-дүниесін мейлінше түсінуге, алтын уақытын өзгеге арнауға, мұң-шерін тыңдауға қашанда дайын. Өзгелерден де соны күтеді.

Жүзі жылы. Барлық адамға сүйкімді, ұнамды. Олар үшін достық пен сүйіспеншілік басты орында. Шығармашылықпен байланысты мамандықты таңдаса жетістіктерге жетеді.

Кемшілігі – жаны жылдам жараланады, тез ренжиді, көбіне өзін жалғыз сезінеді.


№4. Американо – сұйық қара кофе

Фото: unsplash.com

Хош иісті, бірақ тым ащы емес, эспрессоға ұқсайды, бірақ сұйықтау.

Бұл жасандылық пен жағымпаздықты білмейтін, тік мінезді, табанды, ұстамды, бір сөзді адамдардың сүйікті кофесі. Олар ағайын-туыс, дос-жаран, бірге оқыған группаласым деп, ешкімді бөліп-жармайды. Кім қандай қарым-қатынасқа лайықты, сондай сый-құрмет көрсетеді. Өтірікке жаны қас. Ашулануы, күйгелектенуі сирек. Өте сабырлы.

Мәселені шиеленістірмейтін, ұрыс-керісті жанжалға айналдырмайтын, барлығын бейбіт жолмен шеше білетін жан. Ешкімге зияны да, аса пайдасы да жоқ. Өз көзқарасымен жүреді, өз пікірімен өмір сүреді.

Эгоистігі басым. Өз қамын ғана ойлап, өзіне ұнайтын өмірді жасап алады.

Сараптама жасауда мықты. Есепке жүйрік. Қаржы саласында жетістікке жетеді.


№5. Салқын кофе

Балмұздақ немесе мұз бетіне суытылған кофені құйып дайындайтын сусынды әдетте энергиясы мол, өте темпераментті адамдар таңдайды. Оларда ерекше энтузиазм, харизма бар. Кез келгенді, тіпті үлкен топты да үйіріп әкетіп, соңына ерте алады. Өйткені, олар өзіне, сөзіне сендіре алады.

Оптимистік көзқарастағы бұлар үшін бөренедей мәселе бөденедей-ақ. Қиындықтан да, көп жұмыстан да қорықпайды. Белсенді.

Қаншалықты қызуқанды болса да дау-жанжалдан бойын аулақ ұстайды. Өзгеге қалауын әдемі шеберлікпен жеткізе білетін ақылдылығымен жұртты тәнті етеді.


№6. Кофе ішпейтіндер

Мүлде кофе ішпейтіндер де бар. Олар алданып қалудан, қателік жіберуден қорқатын өте сақ адамдар. Айналасындағыларға, келешекке, жаңалыққа, өзгеріске сенімсіздікпен, үреймен қарайды. Бұны былай түсіндірген дұрыс шығар. Егер, оны табиғат аясына шақырсаңыз және ол бас тартса, оның бір себебі ғана бар: «улы жәндік немесе жылан шағып алса қайтем?» деген қорқыныш.

Жәндік демекші, мұндай адамдарды ұлуға ұқсатуға болады. Ұясынан басын шығарып, басқалардың өміріне қызығып қарағанымен, сол жайлылықтан шыққысы келмейді. Бірсыдырғы өмірінің тыныштығын ешкім бұзбаса болғаны.

Жақсы қасиеті – шындықты тура айтады, ешкімнің ала жібін аттамайды.

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқи отырыңыз:

Салған суретіңіз сіз туралы көп нәрсе «айтып» бере алады (тест)

Қанша бетперде киіп жүрсіз? (тест)

Сіздің басты қателігіңіз неде? (тест)