КАРМА заңын бұзбасаңыз – сәтсіздік пен бақытсыздық та жоламайды

6
25 091

Бұл адам шығарған заң емес, өмір-ұстаз заңы. Өмір заңының жазасынан пара беріп құтыла алмайсыз. Сондықтан бұл туралы білгеніңіз жөн.


КАРМА заңын бұзбасаңыз – сәтсіздік пен бақытсыздық та жоламайды

фото: goldvoice.club

Aдам өміріндегі бақытсыздық пен сәтсіздіктер – жасаған іс-әрекетінің қайтарымы. Іс-әрекет ғана емес, ашумен айтылған сөз арқылы әлдебіреудің көңіліне дақ салып ренжітіп алсақ, мұның да қайтарымы болады. Өмір жолындағы кедергілер көбіміз көңіл бөле бермейтін осындай ұсақ-түйектерден туады екен. Бұл карма заңы деп аталады.


Карма деген не?

Санскриттен аударғанда карма сөзі «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл тек қолмен емес, сөзбен, оймен жасалған әрекеттердің барлығы. Қысқа да нұсқа айтар болсақ, карма – iс-әрекеттердiң нәтижесi.

Өмір болған соң пендешілікпен өзiмiзге пайдасы, өзгеге зияны тиетiн iс-әрекетке жол берiп алатынымыз бар. Ызақорлықпен, кекшiлдiкпен, қызғанышпен адамгершiлiк асыл қасиеттерiмiздi «кiрлетiп» алатынымыз да аз емес. Бұл әрекеттеріміз ерте ме, кеш пе өзімізге міндетті түрде қайта оралады. Өйткені, бұл – адам шығарған заң емес, Жаратушының бұлжымас заңы. Сондықтан да, карма заңын бұзбағаныңыз жөн-ақ. Еліміздегі кейбір заңдарды бұзсаңыз, пара беріп оның жазасынан құтылып кететін шығарсыз, ал карма заңы сіздің лауазымыңызға да, дүниеңізге де қарамайды.

Ұғынықты болу үшін, бұл заңды мен мынандай төрт теңдеумен түсіндіріп көрейін.


1) Карма заңы = 99 сүре, 7-8-ші аяттар

Қасиетті Құрандағы 99-сүре «Зілзәла» сүресі деп аталады, 8 аяттан құралған. Сүренің 7-аятында: «Сонда кім тозаңның түйірі салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» делінген. Ал, бұл аятты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Барлығын бойына қамтыған дара аят» деп ерекше атаған.

«Зілзәла» сүресінің 8-аятында «Ал енді кім тозаңның түйірі салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» делінеді.


2) Карма заңы = «Не ексең – соны орасың»

Халық даналығында «Не ексең – соны орасың», «Ата-анаңа не істесең – сол алдыңа келеді» деген нақыл сөздер бар. Бұл әбден дәлелденген.


3) Карма заңы = Себеп-салдар заңы

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, себеп-салдарсыз ешнәрсе де орын алмайды. Әр мәселенің (сәтсіздік, дерт, ұрыс-керіс, жұмыстан шығып қалу, ажырасу т.б.) себебі бар. Себеп анықталып жойылса, онда мәселе де жоғалады.


4) Карма заңы = Ньютонның 3-ші заңы
Ньютонның үшінші заңы: «Әрекететуші күшке әрқашан тең қарсы әрекет етуші күш бар болады». Нақтырақ айтсақ, бұл заң былай тұжырымдалады: әсерлесушi екi дененiң бiр-бiрiне әсерi әр уақытта сан жағынан тең, ал бағыттары жағынан қарама-қарсы болады.


Бұл туралы ғалым не дейді?


фото: firestock.ru

«Карма заңы» туралы шетел ғалымдарының пікірі көп. Ал, қазақ ғалымы, ҚР Халық емшiлерi қауымдастығының президентi, академик, профессор Зиядан қажы Қожамылов «Денсаулықты жақсартудың жолдары» атты ғылыми монографиялық кiтабында былай дейді:

«...Жағымсыз қылықтармен, ойлармен терiс кармаға тап болып, соның нәтижесiнде өз ағзасы мен психикасын түрлi сынақтарға ұшырататын болса, адам өзiнiң өмiрiн күрт қысқартады... Адам өлгеннен кейiн оның оң тәжiрибесi сүзiп алынады да, терiсi кармаға жiберiледi... Адамның кармалық каналдары күшi бойынша иерархиялық болады. Әрбiр адам – өз-өзiне иерарх. Бұны терең түсiнген сайын, өзiңнiң табиғатындағы мақсатсыздықтан құтылу оңай. Өзiңе сүйiспеншiлiкпен, өзiңнiң биологиялық айналма күшiңе жауапкершiлiкпен қарау керек. Туған-туыстардан каналдар жүрек чакрасына, достық қарым-қатынастар күн чакрасына, iскерлiк байланыстар алқым чакрасына, дұшпандық байланыстар жүрек пен күн чакрасына бағытталады. Өзiндiк жеке карма кундалиниге, сегiзкөз аймағына бекидi. Төменгi штамптарда карма генетикалық аппаратқа әсер етедi. Карма – энергетикалық қарыз...»


Карманы қалай тазартуға болады?

Бұл тұрғыда мен маман емеспін, сондықтан саналы ғұмырын адамның энергетикалық ахуалын жақсартуға, энергетикалық тұрғыда емдеу-сауықтыру бағдарламаларын жүйелеуге арнап келе жатқан рухани емшiнің әдісін ұсынамын.

Шипагер, Құран ілімін зерттеуші Ордабай Сандыбайұлының 20 жылдық зерттеуiнiң нәтижесiнде жазылған «Денсаулық әлiппесi» деп аталатын кiтабында карманы тазартуға арналған мантралар (дұға) бар. Бұл мантралар қасиетті Құрандағы аяттардан (мағынасы Аллаға ғана аян аяттар) құралған:

1. Кармадан тазару үшін «Сейсенбi, сәрсенбi, бейсенбi күндерi түнгi сағат 3-те ойша, яғни іштей «Та Ха» деп бiрнеше рет (7-9 рет) «айтыңыз» да, Аллаһтан біліп-білмей жасаған қате істеріңіз үшін кешiрiм сұраңыз.

2. Кармадан тазару үшін «Алиф Лам Мим» (3 рет дауыстап), «Алиф Лам Ра» (6 рет дауыстап), «Йа Син» деп (3 рет іштей), «Каф Ха Йа Айн Сад» (3 рет дауыстап), «Ха Мим» (5 рет дауыстап), «Та Ха» (4 рет дауыстап), «Ха Мим Айн Син Каф» (3 рет іштей), «Астағфируллах, Aллаһ, кешіре гөр!» деп (3 рет дауыстап) айту керек.

Бұл тазарту оқуын дәрет алып тазарып, таңертең 5 рет, кешке 3 рет қайталаған дұрыс.

«Бұл екі мантра арқылы өзіңіздің энергетикаңызды қорғайсыз, өрістік қуатты жақсартасыз, жан тазарады, 7 чакра ашылады» деп жазады О. Сандыбайұлы.


Кармаңызды тек өзіңіз тазарта аласыз!

«Расында, Алла жасаған игіліктеріңді (өте жақсы) біледі» делінген Құрандағы «Бақара» сүресінің 273-аятында. Ендеше, бақ жолын, тақ жолын «аштыру» үшiн тәуiп пен балгердi аралап адаспаңыз.

Сiз үшiн ешкiм тыныс алып, ауа жұта алмайтыны секiлдi, өмiр жолыңыздағы бақытсыздық пен сәтсіздіктен құтылу да – тек өз қолыңызда. Ол үшін карма заңын бұзбаңыз және ең бірінші пейіліңіз бен ниетіңізді тазартыңыз!

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ