ҚАРЫЗ сұрағанға «ЖОҚ» деп айтудың СЫПАЙЫ ҒАНА 6 жолы

0
4 948

Бұны үнемі қарыз сұрай беретін адамдарға қолданған дұрыс.


ҚАРЫЗ сұрағанға «ЖОҚ» деп айтудың СЫПАЙЫ ҒАНА 6 жолы

фото: i0.wp.com

Бүгінде несиесі жоқ адам аз шығар?! Сол сияқты келесі жалақыға дейін деп, қарыз сұрамайтындар да кемде-кем.

Халық даналығында «қарызды қолмен бересің, аяқпен аласың» деген сөз бар. Рас, айтқан уақытында алған ақшаны әкеліп беретін, қайтаратын адам көп емес. Сондай-ақ сұрасаң, «Сәл күте тұрсаң болмай ма? Көшіп кетпейміз ғой» деп, өзіңе ұрсып, сырттай ренжіп жүретіндер де бар. «Ақша қарым-қатынасты бұзады» деп осыған байланысты айтылса керек.



Не істеу керек?

Егер артық ақшаңыз болса, кешіктірсе сабырлылықпен күте алсаңыз, беруге болады. Ал қарызға бергенше ол ақшаны депозитке салғанды жөн көрсеңіз немесе жүйкеңіздің тыныштығын қаласаңыз, мына әдістерді қолданып көріңіз.



1-әдіс

Сұрағанынан бірнеше есе аз ақша беріңіз. Жақын досыңыз, ағайын-туыс немесе туған бауырыңыз қарызға ақша сұрағанда, «жоқ» деп айту өте қиын. Сондықтан мұндайда дұрысы беріңіз. Бірақ айтқан соммасын емес, екі-үш есе кемітіп, я болмаса қайтпай қалған жағдайда кеше алатыныңыздай көлемде беруге болады. Мысалы, ол 50 мың теңге қарыз сұраса, «бары осы ғана» деп 5-7 мың теңге беріңіз. Сонда «қиналып тұрғанда бермеді» деп ол, қайтара алмай қалса сіз ренжімейсіз.


2-әдіс

Өзіңіз де қарызға ақша іздеп жүргеніңізді айтыңыз. «Маған да ақша керек боп тұр еді. Біраз адамнан сұрадым, бермеді. Енді сенен сұрасам ба деп отыр едім. Өзің хабарласып қалдың ғой» деңіз. Сөйтіңіз де оның сөзін күтпей, «Үш-төрт айға 500 мың (мысал ғой, мүмкін бұл соммадан аз немесе көп айтарсыз) теңге қажет болып тұр. Бірақ бөліп-бөліп қайтарам» деп айтыңыз. Сонда жақынарада ол сізден ақша сұрамайды.


3-әдіс

Жақында бір қымбат зат сатып алғаныңызды немесе үйіңізге күрделі жөндеу бастайын деп жатқаныңызды айтыңыз.

Мысалы, «Түсқағаз, басқа материалдар сатып алып қойған едім. Әлі алатын нәрсе көп. Материалдар қымбаттап кетіпті ғой» десеңіз, ол «Иә-иә, қазір бәрі қымбат» деп сөзін жалғайды.

Егер ол үйіңізге жиі келіп жүрген адам болса, күрделі жөндеу жүргізем деп алдай алмайсыз. Мұндайда оған «Ешкімге айтпай екі ай бұрын жер сатып алғанбыз ғой. Әпкемнен, ағамнан қарыз алғанбыз сол кезде. Соларды түгендеп беріп, құтылуымыз керек» деп айтсаңыз, сатып алған жеріңнің құжатын көрсет деп ешкім сұрамас.


4-әдіс

Бүгінде той-томалақ көп. Туған-туыстың тойына алдын ала тойана беріп қойғаныңызды, қызының жасауына пәленбай теңге қосып, енді сол тойға киіп баратын көйлекті уайымдап отырғаныңызды айтыңыз. Ақша таппасам бұрынғы көйлектерімнің бірін кие саламын-ау?!» деп қойыңыз сөз арасында. Бұл «қарызға ақша бере алмаймын» дегеннің сыпайы түрі.

Келесі нұсқа: Енеңіздің немесе қайынәпшеңіздің туған күніне абысындар алтынға, сыйлыққа ақша жинап жатқаныңызды айтып құтылсаңыз да болады. Сіздің енеңіздің туған күні қашан екенін ол білмейді де ғой. Лажы болса, ол сырттай ғана танитын адамның тойы, туған күні деп, «Сыйлыққа бердім ақша, енді көйлек алуым керек» деп, өтірік жырыңызды айтып бастасаңыз, өзі-ақ сөзді қысқа қайырады.


5-әдіс

«Ертең несие төлейтін күн» десеңіз, сенеді. Артынша «Мен алған банкте пайызы аз сияқты деп, бір банктің атын атаңыз да «Біреуден қарыз алғанша банктен несие алсайшы. Өз басым қажет кезде несие ала салам. Өйткені қазір ешкім қарыз бермейді. Ал берсе титықтап сұрай береді. Адамға қарыз болғанша, банкке қарыз болғанды жөн санаймын» десеңіз, тұспалыңызды түсінер.


6-әдіс

Егер жалдамалы пәтерде тұратын болсаңыз, «Баспана аламыз деп, бүкіл табысымызды депозитке салып жатырмыз. Артық ақша қалдырмаймыз, әйтпесе кіріп кетеді ғой, түсінерсің. Азық-түлікті де жалақы ала салысымен сатып аламыз да, үнемдейміз. Үй аламыз деп, осындай әдіске көшкенбіз» десеңіз, ренжімейді. Ал баспанаңыз болса, «баламызға үй болсын деп, ай сайын жалақыны ала салып дереу «Отбасы» банкіне аударамын. Сосын отырам келесі жалақыға дейін ақшасыз» дей салыңыз.



Есте ұстаңыз

Ешқашан туған-туысыңызға, жақын досыңызға, бауырыңызға да табысыңыздың көлемін айтпаңыз. «Жалақың қанша?» деп сұрайтындар табылады, әдемі жауап: «Жұрт қатарлы» немесе «Отбасымды асырауға жетеді шүкір».


Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ЕРКЕКТІҢ назарын аудартатын 3 ӘДІС


Қызыңыздың өміріне кедергі болатын 9 қателікк