КІМГЕ және НЕГЕ «ЖОҚ» деп айта білу керек?

0
5 243

Еліміздегі белгілі екі кәсіпкердің бұл кеңесі Сіздің өміріңізге үлкен өзгеріс енгізетіні анық. Оқыңыз!


КІМГЕ және НЕГЕ «ЖОҚ» деп айта білу керек?

Алдыңызға қойған мақсатыңыз орындалмай жүр ме? Қаражатыңыз топталмай жатыр ма? Уақытыңыз жетпей, көп нәрсеге үлгермей жүрсіз бе? Қатарластарыңыздың соңындасыз ба? Онда сізге «ЖОҚ» деп айтуды үйрену керек!

Қалай дейсіз бе? Бұл тұрғыда Сізге елімізге белгілі кәсіпкер, табысты, жеңісті ісі көп Қуаныш Шонбай мен Аманжол Рысмендиевтің кеңестері көмектеседі.


ҚУАНЫШ ШОНБАЙ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕДІ?

Табысты ресторатор Қуаныш Шонбай 19 жасында алғашқы миллионын тапқан, ал 2,5 жылда «Rumi Group» мейрамханалар желісін брендке айналдырған қазақ. Ол «Екінші болма» атты кітабында былай дейді:


«ЖОҚ» деп айта біл! Кейбір істерге, адамдарға, кездесулерге, жиындарға «жоқ» деп айта білу маңызды. Өйткені менің ойымша, жеңіс деген бір іске, жобаға не икем, дағдыға жұмсалған энергияның жиынтық өлшемі. Шындығында, біз энергиямызды дұрыс жұмсаудағы ептілігімізді ақшаға айналдырамыз.

Федор Овчинниковтың энергияны үнемдеу туралы айтқаны есімде қалыпты. Ол бизнесінің бір кезеңінде венчурлық қорлардан инвестиция тартумен айналысады. Бұл, әрине, ұзаққа созылған, қиындығы көп шаруа еді. Ақырында, келісімшарт алдына келгенде, оған қол қоюдан бас тартады. Кәсіби инвесторлар – Blue Wire Capital мен «Спутник» тобымен жұмыс істегісі келмей қалады. Оның орнына ашық нарықтағы шағын жекеменшік инвесторлардан көмек сұрайды. Неге?

«Жылдар өте өзімді тыңдау керегін түсіндім, - дейді ол. – Бір кездерде шешімді ақылмен қабылдау керек, бір кездерде жүрекпен. Өйткені жүрек деген – мотивация. Ал мотивациясыз бизнес болмайды. Мотивациясыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Ақшаның өзі ештеңе емес. Әлемді энтузиазм билейді. Мен формальды бизнес-жоспарлар құрастырып, өзімді алдап, мағынасыз тірлікке уақыт жоғалтқым келмейтінін түсіндім. Бұл менің энергиямды соратын еді. Ал сен айтарлықтай бірдеңе жасағың келгенде, күшті үнемдеу керек. Үлкен спортқа қара. Бірінші болу үшін әр қимыл маңызды. Рационалды, нәтижеге жұмыс істейтін кәсіпкермін. Мақсатыма жету үшін өзіме ұнамайтын нәрселерді істеуге, тіпті жақсы көріп кетуге көндіретінмін. Алайда қазір түсіндім. Менің бизнесім үшін бұл деңгейде басқа, жақсырақ шешім бар».


Құрбандыққа дайын бол! Маңызды нәрсе мен ең маңызды нәрсенің арасында да айырмашылық бар. Егер сенің өмірлік миссияңа жетелейтін жол мен достарыңмен кездесу тұрса, біріншісін таңдаған орынды. Приоритет болуы керек, приоритеттің шекарасынан шығатын нәрселердің бәріне сыпайы, батыл түрде, жымиып тұрып «жоқ» деп айта білу керек.



АМАНЖОЛ РЫСМЕНДИЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Аманжол Рысмендиев 25 жасында миллионер атанған танымал, қазақ тілді әрі халықаралық деңгейдегі бизнес-тренер, сондай-ақ елімізде тұңғыш тренингтік компания ашқан табысты азамат. Ол «Табысқа жетудің 7 құпиясы» атты кітабында былай деп кеңес береді:


- Көп адамның түбіне көңілшектік жетуде. Яғни олар өзгелердің көңілін қалдырғысы келмейді. «Жоқ» деп, яғни уақытым жоқ, мүмкіндігім жоқ деп айта алмайды. Яғни өз миссиясын өзгелердікінен төмен қояды. Бір жерге шақырса, уақыты болмай тұрса да бар тірлігін ысырып тастап бара салады, өзінде артық ақша болмаса да өзге біреу сұрап келсе соңғы тиынын санап бере салады дегендей... Ондай адамдар «Жарайды», «Көрейін» деп өзге біреулерді үміттендіріп бір рет зиянын тигізсе, «Қап, уəде беріп едім, енді оны қалай орындасам екен», - деп өз-өзімізді қажытып, тағы бір зиянға кенелеміз. Сондықтан «Жоқ!» деп айтып үйрену керек. Ал енді не нəрсеге «Жоқ!» деу керек? Осыны айтайын.

1. Теледидарға «Жоқ!» деп айту керек. Өйткені теледидар көшбасшылар үшін көруге емес, өзін көрсету үшін жасалынған дүние.

2. Ғаламторға да «Жоқ!» деп айтып үйреніңіз. Себебі ол – адамның алтын уақытын ұрлайды. Таяуда мен мектеп бітіруші түлектер арасында бірнеше мəрте «Ұтылмайық, ұтайық!» деп семинар өткіздім. Сонда арнайы зерттеу жүргізіп көрдім, түнгі сағат 3-те «Вконтакте» желісінде 7346 қазақ бір-бірімен хат-хабар алмасып, пайдасы аз дүниелерді тамашалап отырған. Яғни олар əлсіздіктерінің кесірінен ғаламторға телміріп қарап отыр. Ал əлсіздік деген не? Ол – мақсаттың болмауы.

3. Сізге пайдасы жоқ, керісінше бар ойыңызды жаулап алатын іс-шараларға «Жоқ!» деп айтқан жөн. Яғни ырду-дырдуы көп сауық кештеріне, туған-туыс, құда-жекжаттың той-томалағына алтын уақытыңызды сарп етпеңіз. Бармаңыз демеймін, егер ет-жақын туысыңыз той жасап жатса барыңыз, бірақ белгілі бір уақытта сыпайы түрде алғысыңызды айтып, тоянаңызды беріп, қайтып кетіңіз. Себебі у-шу орта адам миына кері əсер етеді, бірте-бірте дамуын тежейді.


Міне, екі кәсіпкер де «Мақсатыңызға жеткіңіз келсе кей нəрселерге «Жоқ!» деп айтып үйреніңіз!» дейді. Ал, оқырман, сіз кімге және не нәрселерге «ЖОҚ» деп айта алмай жүрсіз? Неге? Себебін комментарийге жазыңыз. Көппен бірге талқылап көрейік.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Осы 5 МҮШЕсін жауласаңыз – КҮЙЕУІҢІЗ айтқаныңызды екі етпейді


Әйел бақытты болу үшін ОСЫ БІР-АҚ нәрсені білсе жетеді