Қиындық пен аурудан құтыла алмай жүрсіз бе?

0
3 837

​«Неге менің басымнан қиындық кетпей қойды?», «Қай ісімнің жазасы бұл?», «Осы жетпей жатыр еді маған...», «Бір ауруым аз ба еді, құдай-ай, аурудан көз ашпайтын болдым ғой» деген сөздерді жиі айтасыз ба? Проблемаларыңыздың шешімін, дертіңіздің шипасын таппай шақшадай басыңыз шарадай боп жүр ме? Онда мен сізге өзім әбден көз жеткізген әдісімді ұсынайын. Еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, «қан шығару» керек! Қойдың, тауықтың емес, өзіңіздің қаныңызды...


Қиындық пен аурудан құтыла алмай жүрсіз бе?

фото: party.pl

«Неге менің басымнан қиындық кетпей қойды?», «Қай ісімнің жазасы бұл?», «Осы жетпей жатыр еді маған...», «Бір ауруым аз ба еді, құдай-ай, аурудан көз ашпайтын болдым ғой» деген сөздерді жиі айтасыз ба? Проблемаларыңыздың шешімін, дертіңіздің шипасын таппай шақшадай басыңыз шарадай боп жүр ме? Онда мен сізге өзім әбден көз жеткізген әдісімді ұсынайын. Еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, «қан шығару» керек! Қойдың, тауықтың емес, өзіңіздің қаныңызды...

Анығырақ айтқанда, қан орталығына барып 350-400 мл қан өткізуіңіз керек. Жалпақ тілмен айтқанда осылай «қан шығарасыз». Бұның қиындық пен қайғыны, проблемаларды жоюға қандай қатысы бар дейсіз бе?

1. Қан тапсыруды – садақа беруге ұқсатамын

Өйткені, сіз донор болдыңыз, қаныңызды құю арқылы дәрігерлер біреудің өмірін сақтап қалды. Меніңше, адам өмірін сақтап қалудан артық жақсылық жоқ сияқты. Ал, Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс пен мұқтаждарға берілген зат, ақша – садақа.

Садақа беру арқылы жамандықтың алдын аласыз, қиындықты жеңілдетесіз. Бұл туралы риуаяттарда былай делінеді: Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаяты бойынша «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28). Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарты құрма болса да беріп оттан сақтаныңдар», - деді (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3265 хадис).

Меніңше, қиындық, ауыртпалық – жамандық, ал садақа жамандықты алыстатады дейді хадистер.

2. Қан тапсыруды – зекет бергенмен тең деп ойлаймын

Білесіз бе, шариғат бойынша кәмелетке толған, жағдайы бар мұсылман жетім-жесірге, күнкөрісі төмен отбасыға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жылына бір рет малының, дәулетінің, яғни, байлығының қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті.

Ал, зекет беру – бес парыздың бір шарты. Сіз осы күнге дейін неше рет зекет бердіңіз? Байлығыңыздың мөлшері қандай? Оның қырықтан бір бөлігі қанша болады? Қолыңызға калькуляторды алып есептеп жатырсыз ба, тоқтаңыз! Ең басты байлық – денсаулық емес пе, әлде сіз үшін ақша ма?

Денсаулығыңыз – ағзаңыздың әрбір жасушасына оттегі мен қоректік заттарды жеткізуші 5 литр қанға, оның құрамы мен қызмет ету белсенділігіне байланысты. «Зор байлығыңызды» қамтамасыз етіп отырған 5 литр қаныңыздың 350 миллилитрі жан сақтау бөлімінде жатқан аурудың денсаулығын жақсартса – бұдан артық зекет бола ма?!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер», - деген. Егер, мән беріп бағамдасаңыз, садақа мен зекет бір амал. Олай болса, қаражатқа байланысты туындаған қиындықтар мен тәніңіздегі дерт те бір.

Хадистерде бұл екеуін де күнәлі істердің қарымтасына балайды. Мысалы, мынау риуаятқа назар аударыңызшы: Бір күні атақты ғалым Раби ибн Хайсам (Алла оған рақым етсін) жанындағылардан: «Ауру мен оның дәрісін және кез келген дерттің шипасы не екенін білесіңдер ме?» - деп сұрайды. Олар: «Жоқ», - деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ауру – күнә, дәрі – Алладан кешірім сұрау (тәубе ету), ал оның шипасы тек істегеніңе шынайы өкініп, оны екінші рет қайталамаған кезде ғана келеді», - деген екен (Әл-Хиля, 2/108).

Атауы мен көрінісі екі басқа болғанымен, пайда болу себебі бірдей тұрмыстық қиындықтар мен ауруды ағайынды дедік. Гипотеза: проблеманы жою – аурудан айығу, ауру емделсе – өмір жолындағы кедергілер біртіндеп кетіле бастайды. Яғни, біреуін жеңсеңіз, екіншісі өздіген жоғалады. Ендеше, таңдаңыз: Сіз үшін тұрмыстық мәселелерді шешу оңай ма, әлде ауруды емдеу ме?

Ал, мен үшін қан орталығына барып, донор ретінде 350 мл қан тапсыру оңай. Барасыз, отырасыз, болды. Тер төкпейсіз, шаршамайсыз, бірақ сүннет амалды орындағандар қатарына енесіз (Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрдайым қан алдырып отырған. Ол «Миғраж түні кездестірген әр періштелер тобы үмметіме қан алдыруға кеңес берді» деген, Хаким) де мол сауапқа кенелесіз, ал сауап күнәларды «жеп қояды». Аурудан да емделесіз («Денесінен қан алдыру 72 түрлі ауруға шипа» Табарани, Әбу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Жәбірәйіл (р.а.) маған қан алу – адамдарды емдеудің ең жақсы әдісі екенін хабарлады» (Сахих жәмии-с-сағи-218).

Сенбейсіз бе? Мейлі, менің «қан тапсыру=садақа, зекет» деген теңдігіммен келіспесеңіз де, қан орталығына барып қан алдырыңызшы, қиын емес қой. Сонда көп уақыт өтпей-ақ оп-оңай осы бір істің көп қиындықтың шешуін шешетініне көзіңіз жетер. Өйткені, бұл мен өтіп қойған өмір сабағы.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ