​Қорқынышыңыздың арғы жағында НЕ жатқанын білесіз бе?

0
2 986

Ол жерден іздегеніңіздің бәрін табасыз. Ол үшін қорқынышыңызды жеңіңіз. Оңай жолы бар.


​Қорқынышыңыздың арғы жағында НЕ жатқанын білесіз бе?

фото: insoz.ru

Қорқыныш сезімі, қорқу – табиғи инстинкт. Бұл қауіпсіздік. Адамның өзін қорғауы, сақтауы. Неден? Өлімнен!

Мысалы:

  • Қараңғы, үйде жалғыз қалу: тылсым дүниеден белгісіз әлдебір нәрсе көзіне көрінсе, адам жүрегі жарылып кетуден қорқады. Яғни, жүрегі тоқтап өліп қаламын деп ойлайды.
  • Өрмекші, басқа да жәндіктер: «Кім біледі, ол улы шығар, шағып алса өліп қаламын» деп қашады.
  • Биіктік: абайсызда құласа, мерт болатынын біледі.
  • Түнде метромен жүру, подъезге кіру: бұзақылар ұрып-соғып өлтіріп қояды деп қорқады.

Бұл адамдар арасында ең көп тараған қорқыныш түрлері. Қай-қайсысын жеке алып қарасаңыз да адамның өлімнен, өлуден қорқатынын байқауға болады.

Осы орайда аудитория алдында сөйлеуден қорқу, емтихан тапсырарда қорқу сияқты қорқыныштар да бар екенін мысал ететіндер табылар. Бұлар ұятпен байланысты қорқыныштар. Десек те, «ұяттан өлім күшті» деген сөз бар емес пе, бұндай қорқыныштардың да түбінде өлімнен қорқу жатыр.


Демек, қорқынышты жеңудің ең жақсы әдісі – өлімнен қорқуды доғару. «Ажалы жетпей, жер бетіндегі құдай белгілеген уақыты бітпей адам өлмейді» дегенді санаға сіңіру.


Әрине, психологтар әр қорқыныштың түбіріне үңіліп, себебін анықтап, салдарын жоюды ұсынады. Бұл орайда психотерапия түрлері нұсқалады. Бірақ басты қорқыныш – өлуден қорқуды жеңсеңіз, басқа барлық фобия өздігінен жоғала бастайды.

Есте ұстаңыз, сіз өлімнен қорқуды тоқтатқанда ғана өмір сүруден қорықпайтын боласыз. Яғни, қиындықтарды бүгілмей көтеріп, езілмей еңсере аласыз. Ал кәсіпте тәуекелге барып, тұрмыстық және жеке мәселелерде батыл шешім қабылдайтын боласыз. Бұл армандарыңызды орындауға, мақсатыңызға қарай бастайтын қадам.

Сондықтан «Фобиялармен бірге өмір сүре берсем ештеңе етпес» деп ойламаңыз. Онымен күресу керек. Ал егер қорқынышыңызбен күресті бастамасаңыз, ол тіпті өмірлік негізгі миссияңызды атқаруға да кедергі келтіреді. Ал әр адамның өмірлік миссиясы – отбасы құру, көбею, бала тәрбиелеу. Әрине бұл да тәуекелге баруды талап етеді.


Жалпы, нақты шешім қабылдау, бәрі-бәрі де қорқыныштан тұрады. Бірақ басты қорқынышыңызды (өлімнен қорқу) жеңсеңіз, қалғандары түк болмай қалатынын айтады психологтар.


Психологтар кез келген арман, бақыт, қуаныш, жетістік қорқыныштармен ораулы дейді. Демек, фобияңызбен бетпе-бет келіп, оны жеңсеңіз – сол ораулы қағазды ашып, онда жасырылған құндылықтарға қол жеткізесіз. Түсінікті болу үшін бір мысал келтірейікші.


МЫСАЛ: Кең егістік алқабында өзге өсімдіктермен бірге бір күнбағыс жайқалып өсті. Оның себетінде көп бала өсіп-өніп жатты. Себетті қоршап тұрған сары гүл жапырақтары тұқымдарды, яғни балаларды желден, жаңбырдан қорғады, күндіз күн көзіне бұрылып жылытты. Бірақ күз мезгілі келгенде әлгі сары жапырақтар қурап, жерге түсіп қалды. Қорғансыз қалған балалар «Не істейміз?» деп ойлана бастады. Ертеңіне-ақ не істеу керектігін ұқтырғысы кеп жел келді. Түнімен ол «Уақыт келді, асығыңдар!» деп ескертіп уілдеумен болды.

Ешкім қайда баратынын, алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Осы бір белгісіздік оларды қорқытты. Қорықса да тәуекелмен біраз бала құстың тұмсығында, желдің өтінде кетті. Кейбірі туған үйден алыстағысы келмей жерге секіріп-секіріп түсті.

Себетте белгісіз өмірден қорыққан он шақты бала ғана қалды. Олар бір-бірін «Бұл жерде жата бергеннен саяхтаттаған дұрыс қой. Не болар екен деп қорқа бермей, не болатынын көрейік» деп көндіруге тырысты. Таңертең тәуекелге бел буып, бәрі бірге себеттен секіретін боп келісті. Біреуі ғана қорқынышын жеңе алмады.

Ол себетте жалғыз қалды. Күндер өте берді. Сөйлесетін ешкім жоқ, қызықсыз. Күн салқындағалы ара да, көбелек те, тіпті құстар да жоқ, жалғызсырай бастады. Түнімен қатты соққан желдің дауысы да үрейін ұшырып бітті. «Әпке-ағаларыммен бірге кетуім керек еді...» деп өзін жазғырды, жылады.

Бір күні қорқынышын жеңіп, себеттен секірді. Жел оны қағып алып, тербетіп жерге жеткізді. Жұмсақ топырақ астына қалай кіргенін аңғармай да қалды.

Топырақ асты неткен жылы еді. Бойы балқып ол ұйықтап кетті. Ерте көктемде оянды. Ол өзінің жап-жасыл боп өзгергеніне және күннен-күнге сабағы ұзарып өсіп жатқанына таң қалды. Жапырақтары жайқалып, жеміс салғанын көргенде тіпті қуаныштан көзіне жас алды. Айналасына көз тастап еді, өзінің аға-әпкелерін, іні-сіңлілерін көрді. Олар «Жарайсың! Біз сені өмірдің осындай қуанышы мен бақытын көрмейтін болды ғой деп уайымдаған едік» деп жатты...


Егер ол қорқынышын жеңе алмай себетте жата бергенде не болар еді? Адамның өмірі де осыған ұқсайды. Қорқыныштарыңыздың арғы жағында өсу, өркендеу, өзгеру жатыр. Ендеше, өзгергіңіз келсе, өміріңізді өзгерткіңіз келсе, қорқыныштарыңыздан арылыңыз.


Қорқыныштармен күресудің әдіс-тәсілі көп. Дұрыс жолы – психолог маманының кеңесін алу, психотерапиялық шаралар. Ал оңай жолы – өліп қалудан қорқуды доғару.

Сіз қорқыныштарыңызды жеңгенде ғана жетістіктерге жетесіз. Ал өлімнен қорқуды тоқтатқанда шынайы өмір сүре бастайсыз. Өйткені өлімнің антонимы – өмір!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жас жұбайлар НЕГЕ ата-анадан БӨЛЕК ТҰРҒАНЫ дұрыс?

40 жаста "Ата-анам айтса болады ғой" десеңіз, Сіздің әлі де АҚЫЛЫҢЫЗ КІРМЕГЕН